Түркия Газа секторындағы соғыс қимылдарынан зардап шеккен палестиналықтарға гуманитарлық көмек жіберуге дайын. Бірақ қазіргі жағдайда өңірге жүкті жіберу қиын болып тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия Палестинаға гуманитарлық көмек жеткізуге қажет дайындықты жасап жатқанын мәлім етті.
Сонымен қатар Түркия Қорғаныс министрлігі елдің Қарулы күштері Палестина халқына көмек жеткізу міндеттерін орындауға дайын екенін атап өтті.
«Өңірдегі ахуал өте қиын. Қазіргі жағдайда ол жаққа көмек жеткізу өте қиын. Түркия қазір Палестина және Израильмен келісуге тырысып жатыр», - деп атап өтті Түркия Қорғаныс министрлігі өкілі.
Ердоғанның Палестина мен Израиль көшбасшыларымен келіссөз жүргізгеніне қарамастан, Түркия әлі де гуманитарлық көмек жеткізу кестесін ресми жариялаған жоқ.
Әдетте, мұндай тапсырманы елде Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) орындайды, бірақ қажет болған жағдайда әскери ұшақ пен кемелер пайдаланылады.
Бұған дейін Египет пен АҚШ, Қатар мен Түркия арасындағы келіссөзде гуманитарлық көмекті Газа секторы мен египеттік Синай түбегі арасындағы «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы, уақытша оқты тоқтата тұрып жеткізу мәселесі талқыланған болатын.