Кеше қырғыз халқы ұйықтамады. Атыс, оқ даусы, айғай мен шу, төбелес. Қырғыздардың тыныштығын қашырған қос президент арасындағы саяси мүйіздесу болатын. Экс-президент Алмазбек Атамбаевты тергеуге апару әрекетін іске асырмақ болған күштік құрылымдар Атамбаев жақтастарының қарқынды қарсылығына тап болды. Кешкі сағат 7-де басталған арнайы операция мақсатына жетпей, таңға жуық тоқтады. Атамбаев резиденциясында 3 сағатқа созылған текетірестен 52 адам жарақат алып, 1 спецназ қаза тапты. Арнайы жасақтың 6 адамы Атамбаев жақтастарының қолына тұтқынға түсті. Нәтижесіз шабуылдан кейін, таңға жуық операцияны тоқтатуға қатысты шешім қабылданды.
Сонымен қазіргі қалыптасқан жағдайда Атамбаев жақтастарында ұлттық қауіпсіздік құрылымдарының 6 адамы тұтқында. Қой-Таш елді-мекенінді әлі де болса интернет және ұялы телефон байланысы жоқ. Президент өзінің жаздық демалысын үзіп, Бішкекте қауіпсіздік кеңесін өткізді. Жоғарғы Кеңес депутаттары "бұл дағдарысты шеше алмасақ, орнымызды босатуға тиіспіз" деп отыр. Ал Атамбаев "Апрель" телеарнасының журналистеріне жақтастарының алдында сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде күштік құрылым қызметкерлерін босататынын айтты. Елдегі әділетсіздік пен заңсыздықты тоқтату мақсатында Бішкектегі "Ақ үйге" аттанып, үлкен митинг жасайтынын мәлімдеді. Осылайша қырғыздарда кезекті революция орын алу қаупі артты.