ІІс-шара жас көшбасшылардың әлеуетін дамытуға, Орталық Азия жастары үшін тұрақты диалог алаңын құруға, өңірлік ықпалдастыққа, әріптестік құруға, өңір елдерінің жастар ресурстарын жұмылдыруға және жастар саясатындағы үздік тәжірибелермен алмасуға бағытталған.
Іс-шараны ашқан Әсет Исекешев Қазақстан жастарды қолдау бағытында белсенді жұмыс жасап жатқандығын атап өтті.
"Биыл біз жастарды қолдауға арналған 90 шара өткіземіз. Бұл жас кәсіпкерлерді, инноваторларды, мәдениет пен өнер өкілдерін, журналистерді және басқаларды қолдау. Осы айдың басында Елбасы жаңа бастамаларды ұсынды: елдегі таланттарды қолдау және дамыту үшін барлық қазақстандықтар, балалар мен жастар үшін әлеуметтік лифттер құру. Біз мұндай диалог алаңдарын қолдаймыз. Пікірталаста ғана дұрыс шешім табуға болады", - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев.
Ал Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев фестиваль жыл сайын өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.
"Қыста, демалыс күндері Шымбұлаққа 10 мыңнан астам адам келеді. Бұрын демалушылар мұнда тек қыс мезгілінде ғана келетін. Қазір олардың қатынасы 50 де 50-ге тең. Шымбұлақ кез-келген уақытта әдемі. Біздің әсем таулар Сіздерге ұнады деп ойлаймын. Бұл жерге әлі достарыңызды ертіп бірнеше мәрте келетіндеріңізге сенімдімін. Алматы - жастар қаласы. Статистикаға сәйкес, азаматтардың 37% 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі студенттердің 26% біздің қалада оқиды. Бұл фестиваль өзектілігін дәлелдейтініне сенімдімін. Жастардың бұл үрдісі жалғасуы керек және Алматы қаласының әкімдігі Сіздерді жыл сайын қарсы алуға дайын. Біздің таулар күніне 10 мың адамды қабылдай алады келіңіздер", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Фестиваль аясында қатысушылар өңірлік шақырулар мен мәселелердің кең спектрін талқылайды. Сессия жұмысында IT-технологиялар мен киберқауіпсіздікті дамытуға, көші – қон проблемаларына және зияткерлік капиталды сақтауға, еріктілікке, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, білімге қол жеткізуге, көпэтностық қоғамға-бейбітшілік пен келісім моделіне ерекше назар аударылады.
Осы бағыттарды талқылауға 30-ға жуық спикер қатысады. Олардың ішінде өмірлік мақсаттарға жетуде көрнекті тәжірибесі бар саяси, қоғам қайраткерлері, жас көшбасшылар: "Өңірлік даму" қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі Айдан Рамазанова (Әзірбайжан), Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм (Германия), Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу, Қырғыз Республикасы "Қызыл Жарты Ай" Ұлттық Қоғамының еріктілері мен жастарының ұлттық үйлестірушісі Айсұлу Қангелдиева және т. б. бар.
Екі күнге (22-23 тамыз) жалғасатын іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Фестиваль Жастар жылына арналған.