Ақпан айында IPO-сы өткен Air Astana компаниясының акциялары 51 пайызға қымбаттауы ықтимал. Freedom Broker сарапшылары компания акцияларының бағасы 1600 теңгеге жетуі мүмкін деген болжам жасап, сатып алуды ұсынады.
Қазір қор биржасында әуе компаниясының акциялары 1057 теңгеден саудаланып жатыр.
15 наурызда «Эйр Астана» АҚ 2023 жылдың IV тоқсандағы қаржы нәтижесін жариялаған болатын. Сарапшылар компанияның қаржы есебін талдап, оның акцияларының өсу әлеуеті жоғары деген тұжырымға келген.
Freedom Broker мамандары бизнестің қанатын кеңге жаюы, нарықтың да жылдам өсуі, бәсекелестерінен басым болуы – құнды қағаздарының әділетті бағасына әсет ететінін жазады. Одан бөлек, жақсы дивиденд төлеуге мүмкіндік беретін қаржы көрсеткіштері өте күшті.
Компанияның тоқсандық кірісі аздап төмендегенімен, жалпы кірісі өзгеріссіз қалған.
Сарапшылар «Эйр Астана» тобының бизнесі қарқынды дамып келеді дейді. Эйр Астана мен FlyArystan әуе компаниясына иелік ететін Air Astana Group-тың кейінгі жылдары операциялық және қаржы көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Жолаушы тасымалы 2019-2023 жылдар аралығында 58%-ға артқан. 2028 жылдға қарай ұнақ паркі 2028 жылға қарай қазіргі 47-ден 80-ге дейін көбейтіледі.
Өсіп келе жатқан нарық пен Эйр Астананың осы нарықтағы бәсекелестерінен басым болуы да акция бағасына жағымды әсер етеді. Қазақстанда 2023 жылдың соңында жолаушылар ағыны 2019 жылмен салыстырғанда 54%-ға өсті.
Төмен өндіріс шығыны Топқа басқа салалармен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары EBITDAR маржасын көрсетуге мүмкіндік береді. EBITDAR маржасы 2021 жылдан бері 26-29% шамасында тұрақты болып тұр. Мұндай жоғары маржа деңгейі Топтың акционерлерге жақсы дивидент төлеуіне мүмкіндік береді.
«Эйр Астана» тобы – акцияларын бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырылған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан асып түскен.
Air Astana әуе компаниясының IPO-сы барысында нарықтан тартылған 370 млн доллар қаржының 120 млн доллары әуе компаниясының дамуына жұмсалады. Ал компанияның негізгі акционері «Самұрық-Қазына» қорына осы қаржының 23 млн доллары тиесілі болады. Тағы бір акционер BAE Systems PLC компаниясы 206 млн доллар пайда тапты.