2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифті 60%-ға дейін көтеріп жіберген – депутат

Қазақстанның ұялы байланыс операторлары 2023 жылы тарифтерді 57-59%-ға дейін өсірген. Бұл жайлы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты.

«Тарифтер ай сайын өсіп, халықтың қалтасын қағып жатыр. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57%-ке дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 %-ке дейін болған», – деді

Депутат әр ұялы байаныс операторының тарифтеріне жеке тоқталған. Атап айтқанда, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін өсірген. Баға 39%-ға өскен. Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Солайша Кселл-дің «Реальный безлимит» тарифі 3390 теңгеден 4390 теңгеге артып, 29%-ға қымбаттаған. Ал Теле2 «Просто супер» тарифін 27%-ға көтеріп, 2590 теңгеден 3290 теңгеге өсірген.

Депутаттың айтуынша, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосқан. Солайша 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін өсіп, 59 пайызға қымбаттай түскен.

«Елімізде ҚР «Байланыс туралы» Заңының 20-бабына сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өздері қояды. Осылайша, олардың тарифті негізделген шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалып қойылған. Бұл ретте, операторлар тіпті Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны», – дейді ол.

Депутат агенттіктің бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда айыппұл сала алатынын айтады. Оның өзінде айыппұл мөлшері монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі бес пайызын ғана құрайды екен.

Өйткені бәсекелестікті дамыту мақсатында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін реттеуден мемлекет құзыреті алынып тасталған.

«Тарифтердің бұлайша жөнсіз көтерілуіне, біріншіден, заңның жұмсақтығы себеп. Екінші жағынан, операторлардың нарықта монополиялық жағдайға ие болуы себеп болып отыр», – дейді Бейсенбаев.

Баға – қымбат, сапа жоқ
Депутат байланыстың бағасы қымбат болғанына қарамастан, сапасының сын көтермейтінін айтты. Тіпті санкцияларға ұшыраған Ресейде интернет әлдеқайда жақсы істейтінін жеткізді.

«Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр. Мен жақында көрші Ресейде болдым. Ондағы интернеттің сапасы бізден әлдеқайда жақсы. Бағасы да арзан. Санкцияларға қарамастан, олар бізден әлдеқайда алда тұр», – деді депутат.

Депутат интернет жетпеген ауылдардың көп екенін айтты. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, елде 6 290 ауыл бар. Соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор жұмыс істейді.

«Астанадан 15 шақырымға ұзап шықсаңыз болды, интернет істемей қалады. Операторлар елде лайықты инфрақұрылым құрмаған. Жағдай жасамастан, Еуропаның бағасын қойып отыр», – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Осы орайда депутат төмендегідей ұсыныстар айтты:

Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі барынша ескерілгені жөн.
Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елдімекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс. Осы ретте, мүлдем мобильді интернеті жоқ 1432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлауымыз қажет.
ҚР Үкіметі ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет.
Еске сала кетсек, Ақпанда ұялы байланыс қызметтерінің бағасы бірден 6,2%-ға қымбаттады. Бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бұл 2011 жылдың қаңтарынан бері ең жоғары айлық көрсеткіш. Сонымен қатар соңғы рет бағаның айлық өсімі 2023 жылдың шілде және тамыз айларында тіркелген. Екі жағдайда тариф 2,8%-ға артты.

Ұялы байланыс операторларына тариф шарттарын негізсіз өзгертуіне байланысты БҚДА байланыс саласындағы уәкілетті органға белгілі бір ұсынымдар әзірледі. Агенттік ұялы байланыс операторларына негізі бар шығындар аясында байланыс тарифі жоспарының құнын арттыру жайын қоспағанда, шарттарын өзгертуге тыйым салуы туралы ұсынысты жолдады

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated