Жазғы Азия ойындары неге күзде өтеді?

23 қыркүйек – 8 қазан күндері аралығында Қытайдың  Ханчжоу қаласында кезекті жазғы Азия ойындары басталады. Осы орайда Elorda info тілшісі бұл жарыстың ерекшеліктеріне қысқаша сараптама жасады. 

2015 жылы Азия Олимпиадалық кеңесі 2022 жылғы жазғы Азия ойындарын Ханчжоу қаласында өткізуге бірауыздан шешім шығарды. Себебі, Ханчжоумен таласқа түскен өзге мемлекеттер болмады.

Өкінішке қарай, 2022 жылы 10-25 қыркүйек күндері өтуге тиіс болған айтулы шара пандемия салдарынан 2023 жылға ауыстырылды. Бірақ Ханчжоу – 2022 атауы сол күйінде қала береді. Неге күзде өтеді? Біріншіден, Олимпиадаға лицензиялық жарыстар көп болғандықтан, кедергі болмайтындай тиімді уақытты таңдау қажет болды.

Мысалы, тамыз айында байдарка және каноэде есу, жүзу, нысана көздеуден әлем чемпионаттары өтсе, қыркүйек айында ауыр атлетика, күрес түрлері, брейкинг, спорттық гимнастикадан әлем біріншіліктері өтіп, кейбірі жоспарланған. Екіншіден, Ханчжоуда қыркүйек-қазан айларында аптап ыстық басылады.

Осы жолғы Азия ойындарының қандай ерекшеліктері бар? Ханчжоудағы Азия ойындарында алғаш рет 9 спорт түрінен (Қазақстан 8 спорт түрінен) Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынады. Атап айтсақ, бокс – 34 лицензия, қазіргі бессайыс – 10 лицензия, садақ ату – 5 лицензия, үлкен теннис – 5 лицензия, брейкинг – 2 лицензия, көгалдағы хоккей – 2 лицензия.

Осы орайда бір қызықты дерек айта кесек; Алдағы жылы жазда өтетін Париж Олимпиадасына әлемнің түкпір-түкпірінен 10 500 спортшы қатысады. Ал Ханчжоуда өтетін Азия ойындарына 12 000-нан астам спортшы қатысқалы отыр.

Мұның негізгі себебі ретінде Азия құрлығында халық көп болғандығынан деп қарауға болатын шығар. Дегенмен, тағы бір себебі – жүлде жиынтығында тек Олимпиадағы кіретін спорт түрлерінен ғана емес, жергілікті халыққа тән бірнеше спорт түрлері де қамтылған.

Спорттың бұндай олимпиадалық емес түрлерінен алдыңғы Азия ойындарында жүлдегер атанған спортшыларымыз да бар.  Мысалы, 2006 жылы Мұртас Қажғалиев жылдам шахматтан чемпион атанса, 2010 жылы Тимур Намазбаев пен Аманда Баткалова жұбы спорттық билеуден қола жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек ушу, самбо, джиу-джитсу т.б спорттан жүлде алған спортшыларымыз бар. Сондай-ақ жерлестеріміз боулинг, бодибилдинг, гольф сынды экзотикалық сайыстарға қатысқан.

Осы жолғы додада елімізден  524 спортшымыз 30 түрінен қатысып, тәуелсіздік алған жылдардан бері рекордтық көрсетікішке жетіп отыр. Осы жолы біздің спортшылар бірінші рет киберспорт (28 спортшы), құзға өрмелеу (12 спортшы), үстел теннисі (8 спортшы), брейкингтен (3 спортшы) жүлдеге таласады.

Азия ойындарына аттанға ел спортшыларының ішінде ең жас спортшыларымыз көркем гимнастикадан (орташа жасы – 16,6) өнер көрсетеді. Ал ең егде спортшыларымыз ерлер волейболында (орташа жасы – 29,6)  бақ сынайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated