Денсаулық — адам баласының ең бірінші байлығы. Оны ешнәрсемен теңестіруге болмайды. Әдетте сау жүрген кезде денсаулығымыздың қандай екеніне зер салмаймыз. Салауатты өмір ұстану кезінде барлық ұстанымдарды ескеруміз керек. Соның ішінде спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтанудың орны ерекше.
Салауатты өмір салтын ұстану кезінде қоршаған ортаның ықпалы тиірі анық. Ал, менің оқу орнымда және жатақханамда салауатты өмір салтын ұстануға барлық мүмкіндік жасалынған. Жатақханада жоғарғы студенттер кеңесінің мүшесі болғандықтан, жастарды салауатты өмір салтына шақыру менің бір борышым. Студенттерді салауатты өмір салтына шақыра отырып, күнде сағат 07:00 де барлық студент қатысумен таңғы жаттығуды жарты сағат ішінде өлеңмен, жақсы көңіл күймен, әртүрлі жаттығулар жасау дағды ретінде қалыптасқан. Қыс мезгілінде жаттығуды жатақхана ішінде жасаймыз. Басында, студенттер бұл бастамамызға үйрене алмай жүргенімен, уақыт өте келе олар да таңғы жаттығудың өздері үшін пайдасы көп екенін және сол күндері жемісті өтетінін түсінді. Өзімде тек оларға айтып ғана қоймай, үлгі ретінде көрсетуге тырысып, күнде жаттығуға шығуға тырысамын, себебі сол күні таңнан бастап кешке дейін көтеріңкі көңіл күймен жүремін, сол күн мен үшін өте құнарлы болады. Сондықтан, барынша көбірек спортпен шұғылданып, дені сау азаматша болып қалыптасқым келеді. Жалпы, таңғы жаттығуды да, бар ықыласпен жасау керек, сонда ғана оның пайдасы тиеді. Таңғы жаттығу адам ағзасы үшін өте пайдалы, себебі күн бойы сергек жүруге көмектесіп ғана қоймай, қан айналымын жақсарта түседі. Университет көлемінде де, спорттық іс-шараларды көп ұйымдастырамыз. Оқу орнымыздың ауласында “Аққу” бассейні бар. Өздеріңіз білетіндей, шомылу және жүзу дене мүшелерінің сыртқы температура өзгерістерінен, салқыннан пайда болатын ауруларға шалдықпай, төзімді болуын тәрбиелейді. Өзен-көлдерде жүзу болса, күннің шуағы мен таза ауа адам денесіне күшті әсерін тигізеді. Судың ішінде адам салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді екен.
Жастар тек білім алумен шектеліп қалмай, бос уақыттарында әртүрлі спорттық үйірмелерге қатысса отырып ғана, қуат алады және шынығады. Егер әрбір адам баласы өз денсаулығын ойлап , салауатты өмір салтын ұстанса, болашақта дені сау ұрпақ қалады.
Салауатты өмір салтын ұстану барысында, дәрумендер жетіспеушілігі, күн тәртібінің сақталмауы, оқу жүктемелерінің үнемі өсуі, ал бұған қарама-қайшы балалардың қозғалыс белсенділігінің барынша азаюы, бос уақыттарының көбірек бейнефильмдер көруге, компьютер қарауға арналуы, ал ғаламтор арқылы қарым-қатынас құрбыларымен қалыпты адами қарым-қатынасты айырбастауы. Шылым шегу, сыра ішу, токсикомания және наркомания жаппай сипат алуда. Психобелсенді заттарды пайдалану, оқушылардың әртүрлі секта қызметіне енуі өзекті мәселе болып отыр. Бұл фактордың барлығы оқушылардың денсаулықтарына әсер етпей қоймайды, көптеген қауіпті ауруды тудырады, соның нәтижесінде оқушылардың білім мекемелерінде оқуына дайындалуына ықпалын тигізеді. Баланың психикасы, ой-өрісі жақсы дамыса да, бірақ суық тиіп жиі ауыратын болса, созылмалы ауруы болса, мектепте оқу оған қиынға түседі. Ал баланың ағзасы экологиялық өзгерістерді өте тез қабылдайды, бұдан тыныс алу жүйесінің аурулары, аллергиялар, иммунитеттің төмендеуі, зат алмасудың бұзылуы туындайды. Біздің заманауи мектептің өз міндеттері бар, оларды орындай отырып, денсаулық сақтау және нығайту жөнінде ұмытпаған дұрыс. Және әр педагог қызметкер бала денсаулығына зиянды әсерін тигізетін мектеп және оқушы өміріндегі факторларды ғана нақты ұстанып қоймай, оқушы үшін жағдаяттың сәтті болу жолын қарастырып, өзгертіп отыруы керек.
Денсаулық қадірін ауырғанда емес, сау кезімізде бағалауымыз керек. Адам бойындағы жалқаулықты жеңе алса, болашағы үшін алаңдайтын әр бір жас тұлға салауатты өмір салтын ұстанады. Салауатты өмір салтын насихаттауда ең алдымен, мектеп оқушыларымен жастардан бастау керек. Мектепте, жоғарғы оқу орындарында денсаулыққа кері әсерін тигізетін ауру шақыратын факторлардың әсерін төмендетуге, ішімдіктің, темекінің, есірткінің зияндығына, қимыл-қозғалыстың аздығына, құнарлы тамақтанбауға қарсы жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Денсаулықтың қаншалықты қымбат екенін, ақшаға да сатып алуға болмайтынын түсіндіру қәжет. Сонымен қатар, отбасында ата - ана балаға салауатты өмір салтын өзін үлгі көрсету арқылы насихаттау керек. Бала кішкентайынан не көріп өссе, уақыт өте келе, олда соған әдеттенеді. Сондықтан, өзгерісті өзімізден бастайық!
Қазіргі таңда, жастар арасында спортпен шұғылданатындар өте аз. Басым көпшілік жастар ұялы телефонға байланып қалғандай, уақытының көп бөлігін әлеуметтік желілерде отыру арқылы кетіреді. Бір орында телефонға қарап отыра беру , ағзаға кері әсерін тигізеді. Қимыл-қозғалыс аз болғандықтан, жастардың күш-қуатыда әлсірей түседі. Қоғамға қарасаңыз, басым көпшілік жастар тез шаршағыш, тез жалыққыш. Бұның барлығы, сол дененің шынықпағаны, егер адам күнделікті спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанғанда қоғам өзгеретін еді.