2023 жылдан бастап Қазақстан жастары кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған жеңілдетілген шағын несие алуға құқылы. Жақында ОКҚ-де өткен брифингте Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі оның алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Aqnews.kz.
ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов жастардың кәсіпкерлік бастамасын дамыту үшін жеңілдетілген шағын несиені қалай алуға болатынын түсіндірді.
"Жастар кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында микрокредит беріледі. Микрокредит сомасы 5 млн теңгеге дейін, ал жылдық номинальды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Микрокредит алушылар үшін негізгі борышы мен сыйақыны өтеу мерзімінің ұзақтығы жалпы мерзімнің 3/1 бөлігінен аспайтын кезеңге жеңілдікпен беріледі", деп нақтылады ол.
Ал микрокредит беру мерзімі 5 жылға дейін. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылды құрайды.
"Міндетті шарттардың бірі - кепілмен қамтамасыз ету. Кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда, басқа кепіл берушіні қосымша тартуға болады. Олар ата-анасы, туыстары, тіпті достары да бола алады. Шектеу жоқ. Микрокредит алушылардың жасы 21 бен 35 жас аралығында болуы тиіс. Сонымен қатар микрокредитке өтінім берген кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі болуы шарт. Микрокредит Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Өз мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмаңыздар", - деді Асқар Ниязов.