Жас бақылаушылар: Референдумды бақылау маңызды!

5 маусым күні елімізде референдум өтеді. Конституцияны өзгертуге бағытталған референдум араға 27 жыл салып, екінші мәрте ұйымдастырылуда. Референдумға қатысты қоғам өз ойын білдіруде. Дауыс беруге барамын дейтіндер мен дауыс беруді жөн санамайтындар әлеуметтік желіде өз пікірін жазып, қызу талқы жасауда. Кез келген сайлаудың тағы бір ажырамас бөлігі, ол бақылаушылар екенін сөзсіз. Бақылаушысыз өткен сайлауды заңды, әділетті әрі шынайы деп айтуға болмайды. Референдумға байланысты ел бойынша бақылаушылық атқаратын ұйымдар мен бастамашыл топтардың саны артуда.

Алматы қаласында жастарды референдумға бақылаушы болуға шақырып, бастама көтергендердің бірі саясаттанушы Асхат Қасенғали және журналист Нұргелді Әбдіғани. Олар екі апта бұрын бақылаушылар тобын үйретуге дайын екенін және аталмыш референдумда "Жас Бақылаушы" атауымен сайлау учаскелерінде референдумға мониторинг жасауға ниетті екенін жазған еді. Сенбі күні бастамашыл топ өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұргелді Әбдіғани идеяның қалай пайда болғанын және неге жастарды шақырғаны жайлы былай дейді: "Асхаттың да, менің де сайлауда бақылаушы болу және бақылаушыларды оқыту жағынан тәжірибеміз бар. Біраз жастарды танимыз. Сондықтан неге жастардың басын қосып, жас бақылаушыларды дайындап көрмеске деп айттым. Жастар бізде саяси тұрғыдан белсенді болуы керек деген ойдамын. Жастарда энергия бар, жалын бар, тәуекелшіл келеді. Сондықтан "Жас Бақылаушы" деп атап, жастарды шақырдық. Жастар категориясына жатпайтын жандар келсе де есігіміз ашық, бірақ басым бөлігі жастар болса дедік. қазір тоқсаннан астам бақылаушыны оқыттық. Әлі бір апта бар, сондықтан олардың саны артады деп ойлаймыз", - дейді ол.

Жастар бақылаушылық жайлы қайдан біліп, келуде деген сұраққа: "Басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы естіп келеді. Қазір ақпаратты жеткізудің мүмкіндігі мол ғой. Сонымен қатар жастар арасында көп жүреміз, белсенді жастарды танимыз. Жалпы ақпаратты жеткізудің қиындығы жоқ", - дейді.

"Бақылаушыларға қаржы төлене ме" деген сұраққа Асхат Қасенғали былай дейді: "Шынын айтқанда қазір біздің қолымызда қаржы жоқ. Жиырмадан астам кәсіпкерлер мен компанияларға демеушілік білдіру бойынша хат жаздық, әзірге жауап жоқ. Сондықтан жастарға демеуші табылса төлейміз, табылмаса тәжірибе мен есте қалар күн сыйлайтынымызды айтудамыз. Кей жастар бұл шартқа көнбей, кетіп қалады. Оны да жақсы түсінеміз", - дейді.

Бастамашыл топ өкілдері қала орталығындағы учаскелерді барынша қамтуға тырысатынын айтты. Бақылаушыларды үйрету алдағы аптада да жалғасын табады дейді.

Aqnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated