ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ: ЖЕЛ мен КҮННІҢ ҚУАТЫ

Адамзат пайда болғалы энергия көздерін іздеумен дамылсыз миллиондаған жылдарды өткізді. О баста отты жағып, оны сөндіріп алмау жолында азап шекті. Бала кезімде Жозеф Ронидің «От үшін күрес» атты туындысын оқып едім. Өте қызықты кітап, оның құндылығы сонда, алғашқы қауым өкілдерінің өзі энергия үшін күресетінінде. Кроманьондықтар жылдар бойы жағып отырған отты белгісіз тайпа өкілдері ұрлап, тұтас тайпаның оны іздеу жолындағы хикая жайында. Керемет туынды.

Уақыт өте адамзат энергияны көп тұтына бастады. Өйткені адамның саны артты, ғылым дамыды. Осыдан бір ғасыр бұрын біз киттерді аяусыз қырып, майын энергия ретінде пайдаландық. Ал көмір барлық салаға енген сәтте, көк киттің бағы ашылды. Бірақ адамның соры артты. Рур мен Саар көмір кешендері үшін Еуропада соғыс басталып, арты адамзат тарихындағы алғашқы жаһандық соғысқа ұласты. Кейіннен мұнай тарих сахнасына шықты, әлі сонда отыр. Түспеді. Мұнай үшін тартыс миллиондарды құрбан етті. Етіп келеді де. Дей-тұра мұнай да мәңгілік энергия емес. Оның экологияға зияны орасан, ал саяси салмағы ауыр. Неге екенін түсіну үшін Таяу Шығыс жаққа көз қырын бір салып қойсақ жеткілікті.

Сонымен қанша миллион уақытты араға салып, Жозеф Ронидің «От үшін күресіндегі» от іздеп шыққан кроманьондықтар ақыры таусылмайтын, бітпейтін, қауіпсіз әрі тиімді энергияның көзін тапқан сыңайлы. Ол «жасыл экономика» немесе сарқылмас энергияның  жаңа түрі.

Біз қазір энергияға өте мұқтажбыз. Жыл өткен сайын энергия көздеріне тәуелділік деген еселеп артуда. Зауыттар, фабрикалар, өнеркәсіп ошақтарын есепке алмаған күннің өзінде әр отбасындағы көлік, әр адамның қолындағы ұялы телефон, бөлмедегі теледидар, қосулы тұрған ноутбук, ас үйдегі ысқыра қайнаған электр шәугімі, тоңазытқыш пен үйді салқындатып, жан рахатын сыйлайтын желдеткіш, кір жуу машинасы мен қысқа толқынды пеш және басқалар. Көрдіңіз бе? Бір отбасыға қанша энергия кетеді. Осыдан бір ғасыр бұрын тұтас бір қалаға жететін энергияны, қазір біз бір отбасына әрең жеткіземіз. Және ол арта береді. Себебі ғылым бір орында тұрмайды. Жаңа технологияларды ғарыштық жылдамдықпен алдымызға тастай салады. Олардың әр біреуін қуаттандыру үшін электрі көзіне қуаттандырғышты құшақтай жүгіре жөнелеміз. Әр қуаттандыру мен жағылған шамның артында миллиондаған тонна қолданылған су, жағылған мұнай, ауаға көтерілген қауіпті газдар мен шексіз ластану жатады. Қорқынышты.

Адамның энергияға деген эголық қасиетін қанағаттандыру үшін біз АЭС-тер мен су электр станцияларын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптатып жатырмыз. Бірақ ол өте қауіпті. Көршілес Өзбекстан АЭС салуды бастап кетсе, Қазақстан ойланып, толғану үстінде.

«Жасыл экономика» тек электр энергиясын өндірудің технологиясы ғана емес, жалпы табиғи ресурсты тиімді пайдаланудың тұтастай жүйесі. Суды тиімді пайдалану, қалдықтарды қауіпсіз түрде игеру, қоршаған ортаға зияны келмейтін өнімдерді қолдану, ағашты кесуді талап етпейтін жиһаз түрлерін шығару және басқа. Барлығы да экожүйені тиімді пайдалану бойынша іске асатын жаңа заман технологиялары болып табылады.

Әрине, аталған «жасыл экономика» түрлерінің барлығы бізге керек. Дей-тұра соның ішінде электр энергиясын алу жолдары мен көліктерді қолдану бізге қазір ауадай қажет.

Семей полигонын көрген халық үшін, АЭС салу қорқынышты түспен тең. Бізге жаңа энергия көздерін тиімді пайдалануды үйрену қажет. Астанамызда 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта ЭКСПО өтті. Сөзсіз тақырып өзекті. Өйткені тақырып «жасыл экономика» еді. Қазақстан ядролық қаруларды сынау мен Арал теңізінің тартылуына байланысты әлемдегі экологиясы нашар он елдің қатарына ене отырып, жасыл экономиканы барынша қолдануы міндетті. Радиациядан зардап шеккендердің алдындағы моральдық борышы, ал келешек ұрпақ алдындағы адами міндеті.

«Жасыл экономика» таусылмайтын, қауіпсіз, зияны адамға да, табиғатқа да аз энергия көздері. Бастысы ол үшін бас жарылып, көз шықпайды. Оқ атылып, халық қырылмайды. Өйткені оны мұнайдан емес, Құдай берген желден, 7 млрд адамды алаламай барлығына бірдей нұрын шашар күннен аламыз. Жел энергиясы мен Күн энергиясын тауысу мүмкін бе? Менің ойымша жоқ. Күн сөнбесе, олда бітпейді. Ал жел үнемі соғуын тоқтатпайды. Жалпы жұмыр басты пенде табиғатпен етене өмір сүріп келеді. Табиғатта барды тиімді пайдаланып, өзіне де, өзгеге де зияны тимейтін технологияны қолдануы ақылдың ісі екені анық.

Алғаш рет Қордай асуында жел электр станциясын көргенімде, елім үшін мақтаныш пайда болды. Өйткені мен Қазақстанда ешқашан ондай болады деп ойлаған емеспін. Еуропаның түрлі елдерінде қалыпты құбылысқа айналған жел электр станциялары енді бізге келе бастады. Саны әлі тым аз. Бірақ жоқтан жақсы. Нұр-Сұлтан қаласының жанында Ерейментауда ірі жел электр станциясы тұр. Оның қуаты Ерейментаудай бес қалашықты қамтуға жетеді. Сол аймақтағы үздіксіз жел электр станцияның үнемі жұмыс істеуіне ықпал етуде. Ал экологияға жағымды әсері пайда болды. Бір жылдың өзінде 150 мың көлік шығаратын газдың көлеміндей зиянды заттың ауаға тарауына тосқауыл болған.

Алматы мен Ақмола облысында тағы екі жел электр станциясы салынуда. Демек тағы экологияға жағымды әсері болмақ. Қазақстан халқы аз, қала халқының тығыздығы әлем елдері бойынша ең соңғы орындардың бірінде. Демек бізге халықты тұтастай «жасыл экономика» көзімен алынған энергиямен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.

Әлемде жел энергиясын тиімді пайдаланып келе жатқан елдердің барлығы дерлік көш ілгері шыққан мемлекеттер. Көш басында Қытай, артынша АҚШ пен Германия тұр. Мысалы Қытай 2020 жылы жел электр станцияларына жылы жел электр станцияларына 361 млрд доллар қаржы құйса, Гeрманияда жел энергиясы көмір мен су энергиясын артта қалдырды. Үздік ондықтан сондай-ақ Испания, Франция, Ұлыбритания мен Канада, Үндістан, Бразилия, Италияны көруге болады. Еуропаның жер көлемі Қазақстанның бір облысына жетпейтін мемлекеттері жел электр станцияларын тиімді пайдаланып келеді. Мысалы Скандинавиялық елдерде ауыл шаруашылығы жел электр станциясының, ал ірі қожалықтар күн батареясының көмегімен дамудың жаңа жолына түскен. Тұтастай қожалықтар күн энергиясын пайдалану арқылы сүт өнімдерін қаладағы зауыттарға тасымай-ақ қожалықтың басында жасап, ет өнімдерін де өндіруді үйренген. Бұл уақытты тиімді пайдаланып, қожалықтардың жылдам дамуына септігін тигізген. Нағыз Қазақстанға керек тәжірибе.

Қазақстан жері кең, сондықтан электр энергиясын жеткізу тым көп қаржылық шығын әкелетін мемлекет.  Мәселенің альтернативті шешімі ретінде шалғай ауылдарға жел электр станцияларын, ал қожалықтарға күн энергиясын қолдануды арттыру керек. Мемлекет «Жаңа энергия-жаңаша даму» атты бағдарлама қабылдап, күн және жел электр станцияларын алуға көмектесуі тиіс. Мысалы ауылдарға мемлекет тарапынан орнатылса, қожалықтарға күн энергиясын алатын қондырғыларды лизингпен алуға бағдарлама ашып, бір аймақта тәжірибе өткізу керек. Жағымды әсері мол болса, пилоттық жобаны басқа аймақтар мен облыстарға да енгізуге болады.

Қазақстан қазба байлығы мол мемлекет. Алайда қазылатын байлықтың барлығы дерлік таусылады. Ғалымдар болжамы бойынша мұнайдың ғұмыры көп болса 2070-ге дейін барады. Қазақстанда одан ерте таусылуы да мүмкін. Ал экономикамыздың тең жартысынан астамын құрайтын мұнай құлдыраса, демек елдің әлеуеті де орасан зор соққы алады. Мұнайдың таусылатынын түсінген БАӘ мен Сауд Арабиясы экономиканы әртараптандыруды бастап кетсе, соның ішінде энергияның жаңа көздеріне басым көңіл аударуда.

Энергияның жаңа көздері ескі энергияның тарихтан итеріп шығарып тастайды. Кім дайын, солар ұтады. Отты электр энергиясы, киттің майын көмір, көмірді мұнай тарихтан қалай ысырса, қазіргі энергия көздері жел тура солай ұшырып, Күг өз қуатымен жойып тастайды. Яғни біз қаласақ та, қаламасақ та, мұнай магнаттары қанша қарсылық білдірсе де, әлемде алдағы жарты ғасырда Күн мен Желдің құзіреті жүреті. Зауыттар мен фабрикалар, көліктер мен кемелер, ұшақтар мен кәсіпорындар жаңа энергиядан қуат алады. ХХІ ғасырдың ортасында біз энергия көзі бойынша аутсайдерлер қатарында мұңаямыз ба, әлде фавориттермен бірге қуанамыз ба? Ол бүгін жасаған дұрыс таңдау, тартылған дұрыс инвестиция мен халыққа жеткізілген дұрыс ақпаратқа байланысты.

Біз қандай болашақты таңдаймыз? Дәстүрлі энергия көздері саналған мұнай мен газды, жанармайды үздіксіз қолдану арқылы ауаның ластанып, климаттың жылынып, жүгірген аң, ұшқан құс, жүзген балықтың құруына, мұздықтардың еруіне, адамзаттың түрлі дертке шалдығуына ықпал етеміз бе, әлде «жасыл экономиканы» қолдап, қауіпсіз әрі бақытты болашақты, сау ұрпақты құп көреміз бе? Таңдау әр адамның өз еркінде.

Үндістердің тамаша тәмсілі бар: «Жер бетіндегі ең соңғы ағашты кесіп, ең соңғы балықты аулап, ең соңғы құсты атып, ең соңғы аңды өлтіргенде ғана адамзат ақшаны жеуге болмайтынын түсінеді» деген. Бұл жасыл экономиканың ұраны болуға тиіс ғасырлар даналығымен қуатталған нақыл. Егер қазірден бастап осы сөзді қаперімізде ұстасақ, онда жетістік пен жеңіс біздің тарапта болмақ.

Біз жыл сайын мұнай қалдықтарынан миллиондаған құс пен балықтың қырылғанына куә болып отырмыз. Ядролық энергияны игеру салдары миллиондаған обыр ауруын арқалап, күн сайын өмір үшін күрескен жандарды қоғамға көрсетті. Энергияға деген адамның өзімшілдігі өзімізге деген қақпан екенін түсіндік. Мен балаларымның бұлыңғыр болашақта өмір сүргенін қаламаймын. Сондықтан қауіпсіз, экологиялық таза энергия көздері саналы қоғамның басты кілті деп санаймын. Ал сіз ше?!

Асхат Касенғалиев

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated