2019-2022 жылдар аралығында 73 жасырын казино жойылып, 2280 ойын терминалы тәркіленді
АСТАНА, 22 қараша - Aqnews.kz. Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында онлайн казино қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
"Аталған тізім мемлекет басшысының заңсыз құмар ойындарды өткізуді шектеу туралы тапсырмасын орындау аясында туризм және спорт министрлігімен бірлесіп құрылды", - делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, тізім қаржылық мониторинг субъектілерінің заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл шеңберінде және өз қызметінде пайдалануы үшін қаржылық мониторинг агенттігі порталында орналастырылған.
Құжат заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру кезінде қаржы ұйымдарының өнімдері мен қызметтерін пайдалану деңгейін төмендетуге бағытталған.
Ойынға тәуелділік адам тағдырын бұзатын қауіпті құбылысқа айналады.
Бұл проблема отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға алғышарттар туғызады.
Агенттіктің айтуынша, 2019-2022 жылдар аралығында 73 жасырын казино жойылып, 2280 ойын терминалы тәркіленді.
"Жыл басынан бері Агенттік қызметкерлері 19 заңсыз ойын мекемесін және 111 ойын терминалын анықтады.
Қабылданған алдын алу шараларының арқасында соңғы 5 жылда тіркелген істер санының 5,5 есеге төмендеуі байқалады", - деп атап өтті агенттік.
Сонымен қатар, бүгінгі күні агенттік заңсыз ойын қызметі (онлайн казино) белгілері бар әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарға кіретін 3 мыңнан астам сілтемелерді бұғаттаған.