Бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында қызына арнап жантебірентер жазба жариялады, - деп хабарлайды Aqnews.kz.
Ол қызын мектеп қабырғасынан қанат қағып ұшуымен құттықтаған.
"Әке сөзі. Аружан қызым бойжетіп, мектеп қабырғасынан қанат қағып ұшқалы тұрғанын кеше көргенде әсер алып, аралас сезімдерді сезіндім. Қуаныш та, қобалжу да болды. Кеше ғана бірінші сыныпқа апарғандай, кеше ғана сабағына барып жетістіктерін тамашалағандай, кеше ғана көз жасыңды баулап балалық шақтың күрделі сәттерінен өткендей едік. Сен мен үшін әлі де кішкентай қызымсың.
11 жыл өтті. Ал ойлап қарасаң бірнеше сәттерден тұрған қысқа фильм тәрізді.
Аружан, бізді ана мен әке сезімдерін сездірген бірінші ӨЗІҢСІҢ! Екі жақтың ата-апасына тұңғыш немере болған да - СЕН. Сен сәби болып үйге келгенде, анаң Динаның қолына кіші операция жасалып еді. Сені күту үшін мен арнайы еңбек демалысына шығып, өзіңді мәпелеп, бірінші кездері өз қолыммен орап, бесікке де салған, ұйықтатқан, ойнатқан сәттер әлі көз алдымда. Саған витаминдер көп қажет қой” деп, жеміс жидектердің, азық түліктің ең сапалы қымбатын анаң көбірек жесін, ал өзіме жеке, оған жеке пакет базардан әкелгенім де болған. Мені жұмыстан күтем деп босағада ұйықтайтының мені әлі күнге дейін толғандырады.
Ару, қызым, тұнғыш болудың еркелігін кеңінен алдың. Бірақ жас болғандықтан, біз жақтан қателік те, ағаттық та болған шығар. Артыңнан ерген кіші інілерің, қарындастарың дүниеге келгенде сенің көмегің көп тиді. Бірақ шыны керек барлығына көңіл бөліп сенімен өткізген уақытым аздау болғаны рас. Ол үшін кешірім сұраймын. Жұмыс, іссапарлар, үй жай, жобалар, достар деп сенімен өткізер уақыттың құндылығын қазір ғана бағалай алам. Осының бәрін сезіндірген Аллаға алғысым шексіз. Және де, Аружан, бізді таңдағаның үшін өзіңе мың да бір рахмет", - деп жазған ол.