Бұл туралы ол Zakon.kz-ке берген сұхбатында айтты.
"Мұндайда Қазақстан экономикасы мұнай бағасының күтпеген жерінен өсуіне байланысты қосымша табысқа кеңеле алады. Ресей де солай жағдайды түзеуге мүмкіндік ала алады. Бұл, әрине бюджет "қамбасын" қампайтып, мысалы, мұнайдың бір баррелі 130 долларға жетсе, онда 2006-2007 жылдардағы тоқ кезеңге ораламыз, иә ол кезеңде бюджеттің көп ақшасы артылып қалып жатқан еді. Бірақ, екінші жағынан, кез-келген жаһандық соғыстың, әсіресе діни қақтығыстың салдары әлемдік экономиканың құлдырауына әкеліп соғып жатады. Бұл кейбір басты заттарға сұраныстың төмендеуін білдіреді. Мысалы, бағалы қағаздарға, шикізатқа дегендей. Ондайда, әрине жаһандық экономика айтарлықтай ойсырап, жаппай құлдырау болады. Ондай кезде тек бір-ақ проблема туындайды: оған біз төтеп бере аламыз ба, әлде жоқ па", - дейді Денис Кривошеев.
Ол кез келген ірі әскери қақтығыстың әрқашан екі жағдайда өрбитінін айтады: біріншісінде шұғыл жауап беріледі, екіншісінде мәселе шешімі кейінге қалдырылады. Дегенмен кез-келген әскери қақтығыс әрқашан құлдырауға әкеліп соғады. Бұл экономиканың кейбір салаларының өсуі, ал басқаларының құлдырауын танытады. Тіпті, бұл ғылымның өркениетті түрде дамуының, жалпы бейбіт жолда дамудың жойылғанын көрсетеді.
"Яғни, мемлекеттің ресурстары өркениеттік мақсатта, мысалы, денсаулыққа, адамның өмір сүру сапасын жақсарту үшін ғылыми зерттеулерге бағытталса бұрын, енді ол жауынгерлік әзірлікті күшейтуге кетеді. Бірақ екінші жағынан, әскери салаға салынатын инвестициялар ұзақ уақыт ішінде инженерлік ойдың, медицинаның және тағы басқа салалардың дамуына әкеледі. Бүкіл Еуропаны қирандыға айналдырған ІІ-дүниежүзілік соғыс, мысалы 20 жыл ішінде сапалы экономикалық секіріске әкелді", - деп өз сөзін түсіндіреді сарапшы.
Әлемдік экономикадағы АҚШ валютасының жағдайына, атап айтқанда долларды теңгеге шаққандағы бағамға келетін болсақ, Денис Кривошеев осы реттегі көптеген әлемдік сарапшылардың пікірімен келісетінін айтады.
Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы жалғасатын болса, онда түптеп келгенде, бұдан осы мәселеден аулақ тұрған мұнай өндіруші елдер ұтады. Атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан секілді мемлекеттер. Олардың валюталары қосымша қолдауға ие болады, сәйкесінше, олардың аумақтарында доллар тапшылығы біртіндеп жойылады. Яғни, біз ұлттық валютаның мүлдем күтпеген жағдайда нығайғанының куәсі болуымыз мүмкін.
"Егер қақтығыс ушығып, мұнайдың бір баррелі 100-120 долларға дейін жетсе, онда біз доллардың бағамы 250-270 теңге деңгейінде болады деп болжауымызға болады. Бірақ одан біз жақсы болып кетпейміз. Яғни, қазіргі экономикалық жағдайымызда теңгенің нығаюы экономиканың түбегейлі жақсаруына әкелмейді. Себебі бұл жағдайда біз тағы да сырттан үлкен мөлшерде доллармен табыс тауып, соған малданған мемлекет қайтадан кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауда босаңси бастайды. Кейнсианизмге, яғни мемлекет өзі басшы әрі жұмыс беруші болатын экономикаға қайта ораламыз. Ал жеке капиталды дамыту мен қолдау кілт тоқтайды", - дейді Денис Кривошеев.
Авторы - Владимир Демидов, аударған - Кәмшат Сатиева