Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Ғалия Тынбаева Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінде топ жарды, деп жазады Aqnews.kz olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Әйелдер арасында 48 келі салмақта өткен финалдық белдесуде Ғалия ресейлік Сабина Гилиязованы жеңді. Қазақстандық спортшы алдымен "ваззари", кейін "иппон" ұпайын алып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша, Ғалия Тынбаева қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Grand Slam додасының алтынын алып отыр. Ол турнирдің финалына өз карьерасында алғаш рет шықты.
Ғалия Тынбаева бүгінгі жарысты қорытындылап, қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
"Осы жарыстан медаль алайыншы деп тіледім. Көбірек дұға еттім. Қазақстанда өтіп жатқан соң, финалға шығып, алтын алсам дп армандадым. Бәрі сәтті аяқталды. Бүгінгі қарсыластарымның бәрі де мықты. Ал финалдағы қарсыласым Сәбина Гилязованы ерекше атап өткім келеді. Ташкенттегі турнирде де сол қыздан жеңілдім. Екеуміз өзара бірнеше рет кездестік. Бүгін, міне, жеңіс маған бұйырды. Маған қолдау білдірген жанкүйерлерге, маған көмек қолын созған барлық жанға рахмет айтамын. Бүгінгі жеңісімді ата-анама арнаймын. Қиындықта да, қуанышта да қасымда болған солар. Енді әлем чемпионатына дайындалып, сол жақта да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын", - деді Тынбаева.