Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа баспана берілмейтін болды, деп жазды 365info ақпараттық агенттігі. ⠀
Қостанай облысы Алтынсарин ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге уәде етілген жаңа баспананың орнына ескі үйлерін жөндеп бермек. Үйлердің қабырғасы су тасқынынан кейін ермексаз секілді жұмсарып кеткен. Сәуірде үйлердің төбесіне дейін су басып, қабырғалардың 80% зақымдалғаны анықталды. Алайда бағалаушы компания қабырғаларға жаңа тұсқағаздар жабыстыру жеткілікті деп шешкен. ⠀
Тасқыннан зардап шегушілерге бүлінген үй-жайды бұзып, жаңа баспана беру уәде етілген. Алайда әкімдік таяуда оларға жаңа үйге ақша бөлінбегендіктен, су басқан үйлерді жөндеп беретінін айтқан. 3 маусым күнінен бастап тұрғындар аудан әкімдігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттарға қол қоюға шақырылып жатыр. ⠀
Ауыл тұрғындары үйлерін 6 рет су басқанын, жағдайдың тағы да қайталанатынын айтып, биліктен жаңа баспана беруін талап етіп отыр. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының ауқымына да келіспейді, жөндеу үйлеріне келтірілген залалға сай емес деп есептейді. Зақымдану дәрежесін «Эксперт плюс» ЖШС анықтаған, оның қызметкерлері үйлерді аралап, ақаулық актілеріне келтірілген зиянның пайыздық көрсеткішін тіркеді. Осы актілердің негізінде «Стелла+» ЖШС жөндеу қорытындысын жасайды, олар үйлерге қандай нақты жұмыс қажет екенін анықтайды. ⠀
«Ақаулардың дәрежесі туралы анықтамада: кірпіш қабырға мен үйдің қасбетінің зақымдалуы дәрежесі – 80%. Ал қорытындыда бар-жоғы сылақ және қабырғаларға тұсқағаздар жабыстыру қажет деп жазылған. Мазақ етіп тұр», – дейді су басқан №14 үйдегі Ырғали Саликовтың туысы Ғазиза Қожахметова. ⠀
Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Досқалиева жөндеуге шағымданудың жалғыз жолы – мөрмен расталған барлық жөндеу құжаттарының көшірмелерімен сотқа жүгіну екенін айтты.