Отандық "Köne" брендінің негізін қалаушылар Эльвира Есполова мен Бақытгүл Қалиева. Köne брендінің негізін қалаушылардың бірі Эльвира Есполова "интернет сауданың дамуы отандық өнімдердің халыққа тез танылуына ықпал етіп отыр" дейді.
Кейінгі кезде қазақстандық нарықта әртүрлі нақыштағы отандық өнімдерді интернет арқылы сататын кәсіпкерлер көбейді. Олардың өнімінің арасында ұлттық нақыштағы бұйым, киім-кешек, сан түрлі сөмке, балаға арналған зат дейсіз бе, бәрі бар. Солардың бірі – соңғы кезде қазақстандық қыз-келіншектер арасында жақсы танылып келе жатқан Köne киімдер желісі.
Informburo.kz тілшісі қазақстандық Köne брендінің негізін қалаушылардың бірі Эльвира Есполовамен әңгімелесіп, брендтің шығу тарихы, жұмыс барысындағы қызықтары мен қиындықтары туралы сұрап көрді.
Кәсіпкер Эльвира Есполова 2023 жылы құрбысы Бақытгүл Қалиевамен бірге этникалық бағыттағы отандық Köne брендінің негізін қалаған. Бұл – күнделікті киюге ыңғайлы, заманауи стильдегі киімдер желісі.
"Брендтің идеясын құрбым Бақытгүл ойлап тапты. Негізі, осындай ортақ жобамызды бастауды бұрыннан ойлап жүргенбіз. Біз петроглифтерді негізге ала отырып, этникалық стильге шолу жасай бастадық. Көптеген тақырыптың ішінен дәл осы петроглифтерді таңдап алуымыз бекер емес. Қазір Жер шарында болып жатқан көптеген маңызды мәселелер назарымыздан тыс қалмады. Петроглифтерді таңдауымыз өз еліміздің ғана емес, жалпы адамзат баласының әу баста бір болғанын, адамдардың дінге, ұлтқа бөлінбеген кезін тұтынушыларымыздың есіне түсіру әдісі деп ұйғардық. Köne-нің идеясы өте терең, ауқымды дер едім. Оны біз әрбір топтама шыққан сайын ашып көрсетуге тырысып жүрміз",– дейді Эльвира.
Қос кәсіпкер бизнесті алғаш қолға алған сәттен-ақ Köne брендінің бояу, принттері ерекше, бірақ жалпы идеясы халыққа түсінікті болуын мақсат тұтқан. Бұл брендтің көп өнімдері Қазақстанда жасалады. Мысалы, тоқыма киімдер түгелдей Алматы мен Астананың фабрикаларында өндіріледі. Ал, киімдердің жартысы Астанадағы тігін цехінде, қалған жартысы Стамбулдағы цехта тігіледі. Оған себеп, маталардың көп бөлігі Түркиядан сатып алынады екен. Эльвира мен Бақытгүл киімдердің дизайны мен жалпы жобасын өздері пысықтап, нарыққа талдау жасайды.
"Соңғы 2 жылда этникалық киімдер трендке айналып, сұраныс біраз өсті. Отандық өнімдер бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір жоғары бағаланатын болды. Мұндай тенденция бізді қатты қуантады. Жалпы алғанда, отандық нарықта бәсекенің артқаны жергілікті өнім сапасының артуына тікелей әсер етіп отыр. Қазір біздің қазақстандық өнімдерге қарасаңыз, көз қуанады. Олар шетелдің брендтерінен артық болмаса, кем емес", – дейді кәсіпкер.
Эльвира отандық өнім жасаудың артықшылықтарымен қоса, қиындықтарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, маталардың, жұмыс күшінің бағасы арзан деуге келмейді. Ал ол жарыққа шығатын өнімнің бағасына тікелей әсер етеді. Бірақ, кәсіпкер соған қарамастан әрқашан көңілге қонымды баға қоюға ұмтылатындарын айтты.
"Өнімдерді интернет арқылы сату қаншалықты қолайлы?" деген сұрағымызға Эльвира Есполова былайша жауап берді:
"Интернет сауданың тек артықшылықтарын айта аламын. Қазір бәрі дамыған заман ғой, ақпарат тез тарайды. Мәселен, әлеуметтік желіде бір адам біздің брендтің парақшасын белгілесе, оны біраз халық көреді. Нарыққа алғаш кірген кезде бізді танымал адамдар бірден байқады. Сәйкесінше, олардың оқырмандары да брендімізбен танысып, танымалдығымыз едәуір өсті. Сондай-ақ, өнімдеріміздің сапасына күмән болмағандықтан, қайтарып беретін тұтынушылар да жоқтың қасы".
Сөз соңында кәсіпкер киім өнеркәсібіне ден қойып, отандық өнім жасауға кірісем деушілерге ақыл-кеңесін айтты:
"Осы кәсіпке бет бұрам деушілерге айтарым, бұл оңай сала емес, іс бастайтын болсаңыздар, ол еңбекқорлық пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл "ауырдың үстімен, жеңілдің астымен" жүретін жол емес. Көп уақытыңызды жұмысқа арнауға тура келеді. Есеп-қисап, маркетинг, дизайн және тағы басқа көптеген жұмыспен қатар айналыса білу қажет. Бастысы, процесс барысында кездескен қиындықтарға мойымасаңыз, кейін ол жақсы тәжірибеге айналады".