Семей қаласындағы гарнизондық Офицерлер үйінде өткен шарада жас әскери мамандар ойын, ән, би арқылы күзгі мерекелік көңіл-күйлерін көтеріп, таныстырылым мен сән байқауында сынға түсті. Нақтылап айтсақ, өзін таныстыру, өнер сайысы, жұптар арасындағы ойын, сұрақ-жауап, өзіндік шығармашылық дайындық және үй тапсырмасы сияқты алты кезең бойынша өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Әскери бөлімінің командирі, подполковник Қанат Танибергеновтің айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын балдың ауқымы да кеңейіп келеді.
- Алтын күз мерекесі жыл сайын ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат – әскери бөлімнің жеке құрамы мен олардың отбасыларына көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Отбасылық қарым-қатынасты арттыру. Байқауда әскери қызметшілер өз өнерлерімен қатар білімдерін де ортаға салды. Дәстүрлі шараны алдағы уақытта да жоғары деңгейде, жаңа форматта өткізетін боламыз, - дейді подполковник Қ. Танибергенов.
Әділқазылар қатысушылардың өнері мен әр кезең бойынша жинаған ұпай санымен жеңімпаздарды анықтады. Осылайша тартысты да көңілді өткен байқаудың қорытындысы бойынша әділ-қазылардың шешімімен, Талант Мазақов пен Әсем Әлімбекова күз ханшайымы мен ханзадасы атанды.