Фото с сайта pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы туралы бүкіл ақпаратты жинап жатыр. Ұйым әлемнің 150-ден астам мемлекеті мен территориясындағы COVID-19 вирусына қарсы күрес тәжірибесіне сүйеніп, кеңестер береді. Азаттық радиосы оқырман назарына коронавирус туралы ғалымдар мен дәрігерлер теріске шығарған 12 жалған тұжырымды ұсынады.

1. COVID‑19 вирусы әдетте климаты ыстық ылғалды аудандарда ғана тарай ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында бар қазіргі дерек бойынша, COVID‑19 вирусы (климаты ыстық ылғалды аудандарды қоса алғанда) кез келген жерде тарауы мүмкін. Климат ерекшелігіне қарамастан барлық жерде қорғаныс шарасын сақтау керек. COVID‑19 вирусынан қорғанудың ең тиімді тәсілі – қолды жиі жуу. Адам лас қолымен аузы-мұрны мен көзін ұстаған кезде де вирус жұқтырып алуы мүмкін, сондықтан қолды таза ұстау – аса маңызды.

2. Суық және қар жауып тұрған кезде далада жүру жаңа коронавирустан (2019-nCoV) қорғануға көмектесе ме?

Жоқ, көмектеспейді. Дені сау адамның температурасы қоршаған орта мен ауа-райына қарамастан үнемі бірқалыпты – 36,5° С- 37° С аралығында болады. Сондықтан суық күндері далада жүру коронавирус инфекциясына немесе басқа ауруға қарсы күресуге көмектеседі деуге еш негіз жоқ.

3. Ыстық ваннаға түсу жаңа коронавирустан сақтануға жәрдемдесе ме?

Ыстық ванна да COVID-19 вирусынан қорғай алмайды. Ванна мен душтағы судың температурасы қанша екеніне қарамастан, адамның қалыпты температурасы 36,5 °C-37 °C аралығында болады. Аса ыстық ваннадан керісінше, дене күйіп қалуы мүмкін.

4. Қол кептіруге арналған электр құралдар 2019-nCoV вирусын жоятыны рас па?

Жоқ. Қол кептіретін электр құралдар 2019-nCoV вирусын жоя алмайды. Жаңа коронавирустың алдын-алу үшін қолды құрамында спирт бар антисептикпен үнемі сүртіп, болмаса сабындап жуып отыру керек.

5. Дезинфекцияға арналған ультракүлгін шамдар 2019-nCoV вирусын жоятыны рас па?

Жоқ, олай емес. Дезинфекцияға арналған ультракүлгін шамды қол мен терінің басқа бөлігін тазартуға пайдалануға болмайды. Өйткені ультракүлгін сәуле теріні тітіркендіруі мүмкін.

6. Денені этанол немесе хлор ұнтағымен сүрітсе 2019-nCoV вирусы жойылатыны рас па?

Жоқ. Бүкіл денені спиртпен немесе хлор ұнтағымен сүрту ағзаға түсіп үлгерген вирусты жоя алмайды. Мұндай заттар киімге және шырышты қабықтарға (көз, ауық қуысы) тисе кері әсер етуі мүмкін. Спирт пен хлор ұнтағын заттың беткі қабатын дезинфекциялауға пайдалануға болады. Бірақ оларды қажет болған жағдайда ғана және арнаулы ережелерге сай қолдану керегін ескеру керек. Ең дұрысы – қолды жиі сабындап жуу.

7. Мұрынды тұзды сумен жиі шаю жаңа коронавирустан қорғай ала ма?

Жоқ. Мұрынды тұзды сумен жиі шаю жаңа коронавирустан қорғайтыны туралы ғылыми дерек жоқ. Кей дерек бойынша, әдеттегідей суық тиген кезде мұрынды тұзды сумен шаю дерттен тезірек жазылуға көмектеседі. Бірақ мұрынды жиі шаюдың респираторлық инфекциялардан қорғайтынына дәлел жоқ.

8. Сарымсақ жаңа коронавирустан қорғай ала ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, сарымсақ – микробқа қарсы күресу қасиеті бар, денсаулыққа пайдалы өнім. Бірақ қазіргі пандемия кезінде сарымсақты жаңа коронавирустың алдын-алу мақсатында қолданудың тиімділігі туралы дерек расталмаған.

9. Жаңа коронавирустың алдын алып, оны емдеп жазуда антибиотиктер тиімді құрал бола ала ма?

Жоқ, вирусқа антибиотиктер әсер етпейді. Олар тек бактериялық инфекцияны ғана емдейді. Жаңа коронавирус (2019-nCoV) – вирустың бір түрі, сондықтан оның алдын-алу немесе емдеп жазуда антибиотиктер қолдануға болмайды.

10. Жаңа коронавирустың алдын-алуға немесе оны емдеп жазатын дәрі-дәрмек бар ма?

Әзірге жаңа коронавирустың алдын-алуға немесе оны емдеп жазуға арналған, ғалымдар пайдалануға кеңес беретіндей дәрі-дәрмек жоқ. 2019-nCoV вирусына қарсы дәрі дайындау бағытында жұмыс жүріп жатыр, препараттар әуелі клиникалық тексеруден өтуі керек. Наурыздың 16-сы күні АҚШ-та коронавирусқа қарсы екпе сынақтан өте бастады.

11. Коронавирус тоңазытқышта тұрған тамақ арқылы жұғуы мүмкін бе?

Әзірге коронавирустың тамақ арқылы тарайтыны туралы дерек жоқ. Сондай-ақ коронавирус науқас көп тіркелген елден келген импорттық тағамдар арқылы тарайды деген ақпарат та расталмаған. Вирус заттың беткі қабатында ұзақ сақталмайды, ал тағамдарды тасымалдауға біраз уақыт кетеді.

12. Жаңа коронавирус маса арқылы жұға ма?

Жаңа коронавирус – ауа-тамшы жолымен, яғни, ауру адам жөтеліп, түшкіргенде бөлінетін тамшы, мұрыннан аққан сұйық пен сілекей арқылы тарайтын респираторлық вирус. Әзірге 2019-nCoV вирусының адамға маса арқылы жұғатыны туралы дерек жоқ. Вирустан қорғану үшін қызуы көтеріліп, жөтелетін адамнан аулағырақ жүріп, қолды таза ұстау және респираторлық гигиена ережелерін сақтау керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated