Президент биотехнология және медицина салаларында ықпалдастық жасау үшін мол мүмкіндік бар деп санайды. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Aqnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Біздің елдің фармацевтика саласы – өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтардың бірі. Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемдік жетекші компаниялар дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашуды жоспарлап отыр. Біз бірлескен зерттеулерді, сондай-ақ дәрілер мен биопрепараттар өндірісін қаржыландыру үшін «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Forebright компаниясының инвестициялық қор құру жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық секторды өнімділік пен экономикалық өсімнің артуына әсер ететін тағы бір перспективті бағыт ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Сингапур сияқты Еуразия құрлығында жетекші технологиялық және IT-хабқа айналуды көздейді. Нақтырақ айтқанда, еліміз жаңа әрі кешенді IT-жобалар, әсіресе жасанды интеллект саласында маңызды бастамалар жасау үшін R&D жобалар, стартаптар, білім секілді түрлі бағыт бойынша ауқымды ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына назар аударды.
– Бүгінде АХҚО алаңында әлемнің 80 елінің екі мыңнан астам компаниясы жұмыс істейді. Олар Қазақстанға және бүкіл өңірге инвестиция тартуға ықпал етеді. Сингапурдың 30-дан астам компаниясы АХҚО-ның резиденті саналады. Келешекте олардың саны арта түседі деп сенемін. Қаржы орталығы Сингапурдың Ақша-кредит басқармасымен қаржы технологиясы, «жасыл қаржы» және ислам банкингі салаларындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту үшін тығыз қарым-қатынас орнатқан. АХҚО-да Қазақстан-Сингапур тікелей инвестиция тарту қорының құрылуы екі елдегі бірлескен кәсіпорындарды қаржыландыру үшін оңтайлы алаң бола алады, – деді Президент.