Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағына тиесілі жердің басым бөлігі жеке меншікке заңсыз берілген.
Бұл туралы Аманат партиясының өкілдері мәлімдеді. Бұл саябақтың іргесі 1901 жылы қаланған. Сонан бері оның аумағына бағалы ағаштар егіліпті. Бүгінде оның басым бөлігі, өкінішке қарай, халық демалатын орын емес, ойын-сауықтың орталығына айналған. Яғни, саябақтағы 3,5 гектардың 2,6 гектары заңсыз пайдаланылуда. Сот шешіміне сәйкес, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек.
«Кең баба» саябағының мемлекет меншігіндегі жерлері жеке меншікке өтіп кеткен. Біздің жер кодексінің 26-бабына сәйкес ортақ пайдалану құқығындағы жерлер азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншік құқығына берілмейді деген. 2010 жылы жеке меншікке өтіп кеткен жер 2024 жылы сот шешімі бойынша заңсыз деп танылды. Алда апеляциялық саты бар. Егер соттың бірінші шешімі өзгеріссіз қалса, қайта мемлекеттік меншікке қайтарылады", - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек 24kz берген сұхбатында.
Жалпы, сондай-ақ былтыр Шымкенттегі Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар қала аумағында жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мемлекет меншігіне өтті.
Айта кетейік, өткен екі жылда бұл көрсеткіш 10 млн гектардан асқан.