Сауыт жасайтын қолөнерші. Батырлардың киіміне Қазақстанда кімдер құмар

Сауыт жасайтын қолөнерші жұмысының ерекшеліктерін айтып берді.

Алматыда тұратын Евгений Афанасьев өзінің ерекше қолөнері, Қазақстан нарығының Ресейден айырмашылығы туралы айтып берді.

Евгений Афанасьев мектепте оқып жүргенде және студент кезінде сурет өнерімен, музыкамен әуестенген, музыкалық топта ойнаған, алайда кейіннен құрылыс саласына кеткен. Уақыт өте келе бұл ісін тастап, қайтадан шығармашылыққа бет бұрды. 

2015 жылы тапсырыс бойынша сауыт жасайтын адаммен танысып, соның шәкірті болады.

"Достарым табысы жоғары жұмысымды тастап, осы шаруамен айналысып кеткеніме қатты таң қалды, көп сын айтты", – деп еске алады Евгений.

Дегенмен, қолөнерші бірте-бірте жаңа салада да үлкен табысқа қол жеткізген. Ол тарихи сауыт-саймандарды, компьютерлік ойындағы костюмдерді, ежелгі дәуірдегі әйелдер көйлектерін жасап шығарды.
Ресейде бір сауытты орта есеппен 1,2-1,5 млн теңгеге сатқан.

Евгений Афанасьев сауыт дайындаудың алдында дайындық жұмыстарын жүргізеді. Интернетте белгілі бір тарихи кезең туралы әдебиеттерді оқып, сол кездің өрнектерімен танысады. Содан кейін қолмен бірнеше үлгі жасап, тапсырыс берушіге ұнағанын таңдауды ұсынады.

Сауыт жасауға орта есеппен бір апта кетеді. Салмағы әртүрлі. Мысалы, былғары баумен тоқылған сауыттың салмағы шамамен 5 келі болады. Ал металдан жасалған сауыт 18-20 келіге дейін тартады. Оған тағы қалқан мен қылышты қоссақ, шамамен 40 келіге барады. Осыған қарап, рыцарьларға қару асынушы не үшін қажет болғанын түсінеміз.

Қазақстанда металл қосылған былғары сауыттар сұранысқа ие. Олардың салмағы шамамен 10 келі. 
Алайда, қазіргі заманауи материалдар сауыттың салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мысалы, салмағы 4-5 келі болатын қола тоғаның орнына жұқа пластик қолданылады, ол қыздырылған кезде пластилин сияқты жұмсақ болады. Салмағы 500 грамнан аспайды. 

"Мен бәрін компьютерсіз қолмен жасайтын ескішіл адамдардың бірімін. Бірақ енді жұмысымда нейрондық желілерді пайдалануды жоспарлап отырмын. Олардың көмегімен модельдеу уақытын бір күннен бес минутқа дейін қысқартуға болады. Нәтижесінде, алгоритм белгілі бір адамның өлшеміне сәйкес сауытты кесуге мүмкіндік береді", – дейді Евгений informburo.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында.

Қолөнерші Қазақстан нарығына Қытайдың әсері жайында айтып өтті. Аспан асты елі бағаны демпингілейді, сондықтан қазақстандықтар көбіне қолөнер туындысын қытайлық боямадан ажыратпайды, арзанын алуға шешім қабылдайды. Мұндай сауыттар сұранысқа ие. Атап айтқанда, олар тойдағы батырлар шоуында қолданылады. Мұндай костюмдердің бюджеті 15 000 теңгеден аспауы мүмкін, ал шебер қолдан жасалған өз еңбегін 700-800 мың теңгеден арзан сатуға дайын емес.

Қазіргі уақытта шебер өз жұмысын қазақстандық нарықтың ерекшеліктеріне бейімдеуге тырысуда. Сауыт-саймандардың жеке мұражайын ұйымдастыру жоспары да бар. Тағы бір ойы – мерекелік іс-шараларға қатысатын шоу әзірлеу.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated