Елдігіміз ескеріліп, аспанымызда көк Туымыз асқақ желбірегеніне ширек ғасырдан аса уақыт болды. Бұрын еркін далада қыран құсша қалықтаған, табиғи өнімді пайдаланып, жаратылыспен етене байланыста болған текті ел өзге елдің бодандық құрсауынан шыққанымен, жаңа бір шырмауға ілініп бара жатқан сияқты көрінеді. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай болған ірі бабалардың ұрпақтарының көпшілігінің аурушаң болып бара жатқаны жанды қынжылтады.
Анатомиясы мен физиологиясы, функциональдық мүмкіндігі, күші мен төзімділігі таңғаларлық дәрежеде жаратылған жалпы адам баласы – Жаратушының ғажайып бір жаратылысы. Адам өз мүмкіншіліктерін адамзат пайдасына пайдалануы, көбінесе, өзінің салауатты өмір сүру салтына, дағдысына, күнделікті тәртібіне арнауы құба-құп. Тыныққан ұйқы, дұрыс тамақтану рационы, шыныққан дене, сергек тұла бой адам баласын тек жақсы ойлау мен ізгі істерге итермелейді. Денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. «Гимнастика, физикалық жаттығулар және жаяу жүру жұмысқа қабілетті, денсаулығы мен шаттыққа толы өмірін сақтап қалғысы келетін әр адамның күнделікті өмірінде орын алуы тиіс» деп Гиппократ айтып кеткендей, қозғалыссыз өмір салтын ұстанатын адамдар жиі қозғалыстағы адамдарға қарағанда аз өмір сүретінін ғалымдар дәлелдеген. Оның салдары: май басу, гипертония, диабет, тіпті, рак та болуы мүмкін. Үнемі қозғалыста жүру үшін, денені шынықтыру үшін залға не арнайы секцияға бару міндетті емес, тек күніне бір уақыт болса да жүгірсек, жүзсек, бимен шұғылдансақ, тіпті болмаса, таза ауада жаяу серуендесек те дененің шынығатыны, денсаулық жақсаратыны жайлы ғалымдар ертеден-ақ дабыл қағуда.
Әлемдік көрсеткіш бойынша, жыл сайын артық салмағы бар адамдардың күрт өсіп жатқаны, бел, арқа, омыртқалары ауыратындар, тыныс алуында қиыншылықтар бар және ішек және асқазан жолдары ауыратын адамдардың, тағы басқа бұрыннан белгілі және жаңа ауру түрлері көрсеткішінінің көбеюі – денсаулық мәселесінің ешқашан күн тәртібінен түспейтіндігін айқындай түседі. Адам өмірінің жастық шағын сол адамның ұзақ ғұмырына бастау болар көктеміне теңесек, қайта айналып келмес қызықты шақтың ең алғашқы күндерінен-ақ салауатты өмір салтын өмірінің алтын діңгегіне айналдырған ұрпақ қана өз дегеніне жете алатынын күнделікті өмірден көріп те, біліп те жүрміз. Бірақ көрген-білгенін ақыл сынына салып, таразылап дұрыс әрекетке көшіп жатқандар саны айтарлықтай көп емес.
Ал ауру меңдеген адамдар саны күн санап өсуде. Ересектерді былай қойғанда, жастардың ауруға жиі бой алдыратыны бүгінде таңсық емес. Елімізде нарықтың жаһандана бастауына байланысты алуан түрлі тәтті газдалған сусындардың, кептірілген нандардың, чипсилердің, шоколад кәмпиттердің және сол сияқты түрлі құрғақ тағамдардың дүкен сөрелерінде лық тола орын алуы – оған деген сұранысты арттырып тұр. Олардың зиянды жақтарына көпшілік көңіл бөліп жатқан жоқ. Қайта жарнамаланған үстіне жарнамалана түсуде. Бұлар, әсіресе, балалардың сүйікті тағамдарына айналды. Ата-ана алып беріп, құлағы тынышталғанына мәз. Ал ұялы телефон мен компьютер торына түскен жейтін зиянды тамағы көп, қимылы аз балалардың болашағына бас қатырып жатқандар шамалы. Академик Т. Шармановтың: «Қазақстан балаларының 11 пайызы семіздік дертіне шалдыққан. Оның жылдан-жылға артып отырмаса, кеміп отырған жоқ екенін баса атап кеткеніміз жөн» деген көрсеткіші балалар болашағына алаңдаушылардың аз екенін дәлелдей түскендей. Жаяу жүруді қолайсыз көретін дәрежеге жеткен ересектер жайлы сөз қозғау, тіпті, оңай емес.
«Егер адамдар қарны әбден ашқанда ғана тамақ ішіп, таза да кенеулі әрі жеңіл асты қорек етсе, онда олар ауру дегенді атымен білмей өтер еді, жаны мен тәнін ырқына көндірер еді» деген Л. Н. Толстойдың сөзіне назар салсақ, сырттағы тез дайын болар асқа үйір, қимыл-қозғалысы аз, өз жаны мен тәнін ырқына көндіре алмайтын адамдардың баршасы артық салмақтылар қатарына қосылып жатқанын түсінеміз. Дене салмағы артып, семіздікке бой алдыра бастаған адамдардың көпшілігі оған аса мән бермейді екен. Кейбіреулері денсаулығым жақсарды, жас ұлғайған сайын толыға бастау заңдылық десе, екіншілері тек мүсіндерінің бұзыла бастағанына алаңдайды. Ал оның ішкі ағзаларға әсері мен жалпы денсаулыққа тигізер кері ықпалына мән бермейді. Қант диабетінен азап шегіп жүргендердің басым бөлігі семіздікке шалдыққандар екен. Бұдан байқайтынымыз, артық салмақ денені май басқызып қан айналымына кедергі келтіріп қана қоймай, жоғарыда айтылғандай басқа да аурулардың тууына себепші болады екен. Осы бір ғана мысал арқылы дұрыс тамақтану рационы мен шынығуды білмейтін адамның бір ауру арқылы басқа да қаншама ауруларға есік ашатынына көз жеткізуге болады.
Гүл шашып жайқалған жастық шақтың базарына енбей жатып, адами қасиетке қарама-қайшы келетін көптеген жат әдеттерге – темекі шегушілік пен нашақорлық, спирттік ішімдікке әуестік жатады. Елдегі әрбір өрескел әрекетке батысты кінәлаудан аулақпын. Десе де мәдениеттің озық үлгісі сол деп қабылдаған кейбір қандастарымыздың әрекеттеріне ішім ашиды. Ішімдік ішу өнерін меңгергенше, ата-бабамыздың өмір салтын қазіргі күнге икемдегені жақсы сияқты. Шыныққан шымыр дене, сұлу да сымбатты мүсін, көз тартар бітім кімге болса да жарасары және артық болмасы анық. «Әдемілік — азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі» деп Леопольд Шефер айтқандай, деніміз сау, ағзамыз улы заттардан таза болса, қабат-қабат бояу мен артық косметикалық өнімдерсіз-ақ біздің сымбатты бола алатынымыз ғылымда дәлелденгені қашан. Қарапайым ғана сенбі, жексенбі күндері сәл де болса тынығу үшін Медеу баспалдақтарына, Фурманов шыңына, тау бөктеріне бара қалсаңыз, ұшырасқан он адамның сегізі орыстың ата-әжелері мен аға-тәтелері болады. Біз де барамыз, бірақ ол кісілер сияқты шынығуға емес, суретке түсуге не ауылдан келген туыстарымызға қаланың таудан қарағандағы бейнесін көрсету үшін жүретін сияқты көрінеміз.
Өмір бізге берілген баға жетпес сый, сол сыйға лайық өмір сүруге тиіспіз. Елдің дамуы мен өркендеуінде өскелең ұрпақтың орны орасан зор екенін аңғарсақ, біздің, яғни, жастардың мойнында үлкен міндеттің жатқанын көреміз. Біз – тәуелсіз егемен елдің ертеңгі болашағына қол созған, бабалардың асыл аманатын көңіліміздің көкжиегінде әлдилеген ұрпақпыз. Біз – елі үшін жанын аямаған айбынды білек, жеңіске сенімді болған ыстық жүрек иелерінің жалғасымыз. Біз – керіліп жатқан кең даламыздың, дархан көңіл еліміздің керуен көшіне өз тағдырымызды қосақтап, ертең еліміздің қойнауын құт-берекеге толтырып өркендеуіне үлес қосатын жас өренбіз! Біз – елдігіміздің белгісіндей Елтаңбамызды, желбіреген көк Туымызды көріп, әуелеген Гимнімізді естіп бойын ерекше бір асқақ азаматтық сезім билеген үлкен бақыттың иесіміз. Біздің әлсіз әрі аурушаң болуға хақымыз жоқ. Бабалар аманатын орындау үшін ерік-жігеріміз мықты, кез келген қиындықты қасқая тұрып қарсы алуымыз керек. Озық мәдениетке ұмтылған елдің жастары барлық жағынан озық болуға тиісті. Ерік-жігер мықтылығы, сәніміз бен сымбатымыз деніміздің саулығына байланысты болады. Бірлесе көтерген жүк жеңіл. Сол себепті, дұрыс тамақтану мен шынығуды баса назарға қойып, өз-өзімізді тәрбиелеу жолында тер төгуге шақырамын! Ауру-сырқаудан аман болайық! Ел үмітін ақтар адам болайық!