Үміт Рамазан

Денсаулық – табиғаттың адамзатқа берген асыл сыйы.

Деннің саулығынан, жүректегі қуаныштан артық қуаныш жоқ.

Соломон

Дені сау адам – қоғамның баға жетпес байлығы. «Бірінші байлық - денсаулық»,  демекші, барша адамзат баласының өмір сүруінің, білім алып, дамуының, тұлға болып қалыптасуының, бақытты өмір сүруінің түп  негізінде деннің саулығы жатыр.  Деннің саулығынсыз басқаны армандау құр әурешілік!

Біз денсаулығымыз туралы өте сирек ойланамыз, тек ауыра бастағанымызда ғана есімізге аламыз. Сол уақытта бізге  ұялы телефон да, байлық та, тіпті бұрын соңды армандаған атақ-даңқ, жетістіктер де қажет болмайды. Тек «тезірек сауықсам екен» деген ойлар ғана ішімізді жегідей жейді. Ал ауруды жеңген шақта біз денсаулығымызға зиянды барлық нәрсеге: дұрыс тамақтанбау, жаттығу жасамау, тағы да басқа жаман әдеттерге қайта ораламыз. Сол себепті де, қайта ауырмас үшін салауатты өмір салтын бірқалыпты ұстану қажет.

Көптеген адамдар салауатты өмір салтын ұстану жаман әдеттерден: темекі шегу және ішімдіктен бас тарту деп санайды. Олар дұрыс уақытымен тамақтану және физикалық белсенділік біздің денсаулығымыздың маңызды құрамдас бөлігі екенін ұмытуда. Біз дәмді фастфудтарды, чипстерді, крекерлерді, шоколадты мөлшерден тыс пайдалану денсаулыққа зиян екенін біле тұра, көп тұтынамыз. Осылайша дәм сезу рецепторлары жүйесін құртып қана қоймай, организмімізді улаймыз.

Бәріміз білетіндей, жаттығу денсаулықты жақсартуға көмектеседі. Салауатты өмір салтын ұстанатын адамға күніне жүз кг штанганы көтеру немесе марафонда жүгіру, фитнесс залға барып, дене шынықтырумен айналысу мүлдем қажет емес, тек күнделікті таңғы жаттығу жасау, таза ауада жүгіру, жазда велосипедпен серуендеу, қыста шаңғымен сырғанау да жеткілікті.

Салауатты өмір салты... Бұл түсінікті күнделікті өмірде көп естиміз. Алайда, түсініп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанатын, өз өмірінің негізі етіп алған адамдар санаулы ғана. Цифрлық технологиялар дамыған, жаппай жұмысбастылық орын алған жиырма бірінші ғасырда салауатты өмір салтын ұстану қиындық туғызады, оған ерекше көңіл бөліп, уақытымызды арнау қажеттілігі туындайды.

Салауатты өмір салтын ұстанатын адам, ол қандай адам? Менің көзқарасымда, ол – қуырылған, тұздалған, тәтті тамақтардан және фаст-фудтан бас тартқан, тамақтану рационы жеміс-жидектер мен көкөністерге, витаминдерге бай, таңертең жүгірумен, дене жаттығуларын жасаумен айналысатын, тауға шығуды әдетке айналдырған, табиғатта демалғанды, таза ауада серуендегенді жаны сүйетін, «аурудың жолын іздегенше, ауырмаудың жолын іздейтін», яғни аурудың алдын алатын адам. Өзіңізге жолыққан кез-келген адамнан «Салауатты өмір салтын ұстанбауыңыздың себебі неде?»,-деп сұрасаңыз, ол адамнан алатын жауап нұсқалары келесідей болуы мүмкін: сегіз сағаттық компьютер алдында өткізетін жұмыс уақыты, уақыттың жетіспеушілігі, табиғи өнімнің аздығы, фаст-фудка құмарлық, еріншектік, т.б. Дегенмен де, көпке топырақ шашуға болмайды. Салауатты өмір салтын ту еткен, жастарымыз, қарияларымыз қаншама?!

Күнде оқу орныма барар жолымда, таңертеңнен қолдарына суларын ұстап, «барым – денсаулығым», - деп таудың таңғы самал желіне қарсы жүгірген, жүздері бақытқа, қуанышқа толы қарияларымызды, ересектерді, тіпті студент жастарды да кездестіремін. Бірі үй жануарларын: иттері мен мысықтарын жетектеп, таза ауа жұтса, бірі Алматының Есентай өзенін бойлай, төменнен жоғарыға қарай бағыттай жүгіреді, ал енді бірі жұмысқа велосипедпен шыққанды жөн көреді. Ал кешкілік ата-әжелеріміздің қол ұстасып, дем алып, көшедегі арнайы жаттығу алаңдарында дене жаттығуларымен айналысқандарына, аталарымыздың саябақта шахмат ойнағандарына куә боламын.  Мұның бәрі менің жүзіме шаттық ұялатады. Елестетіп көріңізші, неткен керемет көрініс!

Салауатты өмір салтын ұстану әрбір адамның өзі үшін керекті, өмірінің негізгі құраушысы деп есептеймін. Өзінің өмірінің мәнді де, сәнді болуын қалайтын, болашағын ойлайтын әрбір адам өзінің денсаулығына мән бермек.

Көзі ашық, көкірегі ояу, рационалды ойлайтын, болашағынан үміт күттірер  жиырма бірінші ғасыр ұрпақтары салауатты өмір салтын ұстанады деп нық сеніммен айта аламын. Оған дәлел – мен және менің достарым. Әр сенбі мен және менің достарым үшін – денсаулық күні. Біз әр демалыс күндері Алматының әсем тауларының шыңдарын бағындыруды әдетке айналдырдық. Тауға шығу жай ғана таудың салқын, таза ауасын жұтып, достарыңмен жақсы уақыт өткізу ғана емес, шыңға көтерілу барысында аяқ-қол бұлшық еттерін шыңдау, оларды бір тонуста ұстап тұру арқылы денсаулықты нығайту, әр шыңды бағындырған сайын өмірге қажет қуат алу. Әлем мемлекеттен, мемлекет қоғамнан тұрады. Ал сол қоғамның бір құраушысы біз деп айта аламын. Басқаларға үлгі бола білсек, бұл біз үшін үлкен жетістік!

Мен дені сау, салауатты адамның өмірде ұстанатын қағидалары келесілер деп санаймын:

  • қанық ұйқы;
  • таңғы жаттығу, күнделікті дене шынықтыру;
  • гигиена;
  • дұрыс және пайдалы тамақтану;
  • жаман әдеттерден: темекі мен ішімдіктен бас тарту;
  • стресстік жағдайға төтеп беру, өмірге деген оптимистік көзқарас.

Әрбір таңымызды қуанышпен қарсы алып, әр күнімізді өзімізге және айналамыздағы адамдарға жақсылық жасауға арнасақ, «дұрыс емес» іс-әрекеттердің барлығын бірдей өмірімізден сызып тастасақ, өміріміз әлдеқайда жақсарар еді. Ия, цивилизацияның орталығында бола тұра, экология, табиғи апаттардың, ауаны ластайтын өндіріс ошақтарының болмауы мүмкін емес. Алайда, мінсіз ешнәрсенің болмайтындығын есімізде сақтай отырып, табиғаттың берген барлық сыйларын сақтап қалуға тырысайық!

Егер Жердің әрбір тұрғыны өзінің өмір сапасын арттыру мақсатында жоғарыда атап өткен қағидаларды ұстанатын болса, дүниеге ауру нәресте келмес еді, адамзат көптеген ауруды жеңіп, өмір сүру ұзақтағын ұзартар еді.

Қорыта келе айтарым, ойланып көріңізші, біздің туған күн иесіне «Денсаулығыңыз мықты болсын», - деп жүрек жарды тілек білдіруіміздің себебі неде? Мұны айтқанымызбен, бәріміз де бірдей мағынасын түпкілікті түсіне бермейміз. Себебі, денсаулық – біздің өміріміздің негізі.

Есіңізде сақтаңыз, денсаулық болса, бәрі де болады!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated