Анамның құрсағын жарып шыққан жарық күн. Құшағыңды аш, кең дүние! Балаң келді өмірге... Кім туды дейсіз бе?

Ащы суға семіріп, есірткіге есіріп, көлденең көк аттының сөзіне еліріп, көк жәшікке телміріп, шылым шегіп, рухани азғындаған, салауаттылық салтына айналмақ түгілі, онымен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын шірігендер мен ірігендер ме? Жо-жоқ, ондайды көрдің, «жемісін» таттың, уытын әрең қайтардың. Бұл жолы басқа. Бұл жолы...

Бұл жолы жоғыңды бүтіндеп, жыртығыңды жамайтын, Аралың тартылса да, көңілі тарылмаған ұрпағың, көпшіліктің ортасында сөз бастайтын, айтқанда да, кесегінен тастайтын, өзгелер дүрдараз боп жатқанда, араларыңды жалғап, бірлігіңді сақтайтын, әлемнің тілін меңгеріп, мәдениетіңді төрткүл дүниеге паш ететін, қан мен еттен емес, ата-бабаның көз жасынан, абырой мен намыстан тұратын, болашағыңды өзгенің тозығына емес, өзіңінің тарихыңа негіздеп құратын, мың қарап, бір шұқып, жердегіні көк бөрідей алып, көктегіні бүркітше шалатын ұрпағың келді өмірге! Бұл жолы құзға емес, қияға жетелейтін, жетістігіңді еселейтін, аттың құлағында ғана емес, технологияның құлағында да ойнайтын, ғылымның тұтқасын ұстаған, қадамыңа қарқын, санаңа серпін беретін ұрпағың келді өмірге. Бұл жолы білім үшін күресіп жанталасқанымен, арпалыспайтын, қызметте бақталас болғанымен, өмірде бір-бірімен тайталаспайтын ұрпағың келді өмірге. Қара басының қамын емес, қалың жұрттың пайдасын көздейтін, өзімшіл емес, көпшіл ұрпағың өсіп келеді. Таршылықта жасымайтын, баршылықта тасымайтын, қиындықтан қаймықпайтын, өзім дейтін емес, ұжым дейтін ұрпағың келді өмірге. «Тәні саудың жаны сау» - деп, салауатты өмірді салтқа айналдырар ұрпағың келді өмірге. Келер күннен күдер үзбе, елім! «Салауатты өмір салтын сақтауға енді ғана бет бұрды» - деп қамықпа, Бекзаттай бекзат ұлыңның ерлігін қайталайтын ұрпағың өсіп келеді. Осыған дейін жақсыны да көрдің, жаманына да төздің. Уақыт сондай болды ма, кім білсін... Тізгінін ұстатпаған небір асауларды, «ермін» - деп, ез боп жүргендерді де, өзгенің көлеңкесіне тығылып өмір сүргендерді де көрдің. Ендігі ұрпағыңның санасы сергек, ойы жүйрік, қадамы нық. Ендігі ұрпақ – саламатты ұрпақ. Осыған лайықсың, елім! !Әлем мойындаған ұлылығыңның алдында өз ұрпағың бас имеуі мүмкін бе?! Паңдық емес, жастықтың жалыны билеген бойы сау болу үшін, рухани мүгедектіктен аман болу үшін спорттың маңызын түсінуде. Ал ойы сан тарапқа жүгіріп, сенің құдіретіңнің сырын түсінбегендер өз ойларының күрмеуіне байланып қалып жатыр.

Елім менің! Айтшы оларға, не себепті сенің ту ұстайтын, «ұрпағым!» - деп, мақтан тұтатын жастарың саламатты, рухты, өр мінезді, қайтпас қайсар болуы тиіс?! Ұлылығың неде сенің? Қара қылды қақ жарып, әділдік етер тұсыңда туғанынды да жаттай көре білуіңде жатқан жоқ па сол ұлылық?! Жаугершілік заманда атқа қонып, шыбын жанын шүберекке түйсе де, тізерлеп күн кешкенше тік тұрып өлуді артық санауыңда емес пе ұлылығың?! Аманатқа қиянат жасамауыңда емес пе?! Абайды танытқан Шәкәрімді, Шәкәрімді танытқан Абайды өмірге әкелуіңде емес пе?!  Домбырасынан жыр төгілген жырауларды, қара сөзден өрнек құрған ақындарды, қылышынан қан тамған көсемдерді, қызыл тілінен бал тамған шешендерді, айналып келгенде, бесігінде жүз отыз бір ұлтты тел бауырдай бірге тербелткен Қазақстанда қоғамдық келісімді сақтай білген нар тұлғаны, қазақ елінің керуенін жаһанданудың бет қаратпайтын суығынан, күйдіріп жіберер ыстығынан, үдере соққан желінен қорғай білген азаматты өмірге әкелуіңде жатқан жоқ па сенің ұлылығың?! Ендеше, осындай ұлы елдің азаматтары мен азаматшаларының жаспын деп жасып, спортпен емес, қылмыспен айналысуға, біліммен емес, өзгелерді тілімдеумен шұғылдануға, тіл игерумен емес, жатқа иілумен, уақытын салиқалы өткізумен емес, сағаттарын әлеуметтік желілерде өткізуге қандай құқығы бар деген заңды сұрақ туады.

Еліміздің  етек-жеңін жинап, іргесін бекіткелі біраз дүниелер өзгерді. Жаңа заманға сай жаңа межелерді көздеуде. Санасы ескірген санасыз ұрпақ болу жарамас, сын сағаттарда құрғақ сөз айту да жарамас. Сілкініп, өзгелерді сілкіндіріп, салауатты өмірге қарай бет бұрып, үздіктерге қарап бой түзейтін кез келгелі қашан?! Ендеше, жаңа күн жағымды жаңалықтың, тың өзгерістің, тұлғалық дамудың, жасампаздықтың жаршысы болсын! Әрбіреуіміз жаңа мақсат қояйық. Ойға алған істерімізді қолға алған жобаларға айналдырайық. Жемісін бірге татып, жеңіске бірге жетейік. Салауатты өмір салтын ұстанудан бастайық. Бұрын мойнымыз жар бермейтін істі орындап, әлемге емес, әуелі өзімізге мықтылығымызды дәлелдейік. Бір идеяның төңірегіне топтасқан, бір мақсатпен рухтанған жандар ретінде еліміздің салауатты ұрпағының ішінде де «мен мұндалаған» жастары болуға талпынайық.

Қарап тұрсаңыз, Батыстың жетістікке жеткен тұлғаларының барлығы да салауатты өмір салтын ұстанады, жаны мен тәнінің саулығына қатар мән береді. Үйренерлік әдет емес пе?! Спортпен айналысу әрдайым сергек жүруге, ойыңызды небір жағымсыз дүниелерден аулақ ұстауға да сеп болады. Өмірдің бұрын өзіңіз байқамаған жақтарын танып, өзіңіз үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашасыз. Тәніңіз де, жаныңыз да сізге алғыс айтатын болады.

Неміс ақыны Генрих Гейне: «Мен білетін жалғыз сұлулық – бұл денсаулық» - деген екен. Осы орайда, Шәкәрімнің «Үш анығын» еске алып, жанның, тәннің, рухтың саулығын ойдан шығармаған жөн. Салауатты өмір салтын сақтану арқылы үшеуінің үйлесімділігіне қол жеткізуге болады. Бұл енді тек жеке бастың мәселесі, өз-өзіңізді құрметтеуіңіздің алғышарты болмақ. Одан өзге, бүтіндей бір елдің мәселесі де сіз бен бізге келіп тіреліп тұр. Қалай дейсіз ғой?.. Қазақ халқының жауырыны жер иіскемеген Қажымұқандай балуанының, қазіргі таңда «Қазақстан барысы» атанып жүрген  Бейбіт Ыстыбаевтың, Айбек Нұғымаровтың жолымен жүрмесек те, қазақ халқының ұрпағы ұсақталды, қазақстанның жастары әлжуаз дегенді естіртпеуге шамамыз жетер ме екен? Бұл жолы сұрақтың жауабы уақыттың еншісінде деу жарамас, бұл жолы барлығы өз еншімізде. Салауатты өмір салтын ұстанған саналы ұрпақ болайық!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated