Денсаулық-адам баласына берілген теңдесі жоқ байлық. Бала күнімізден денсаулықтың зор байлық екенін естіп өскен,біз,салауатты өмір салтын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз.Алайда,оны кейбіріміз сақтамаймыз.Осы эссені жазу барысында көкейімде «Мен үшін салауатты өмір салты деген не және мен оны ұстанамын ба?» деген сұрақ туындады.Ендеше осы сұраққа жауап іздеп көрейін.
Дұрыс тамақтану,жеке бас гигиенасын сақтау,спортпен шұғылдану.Міне,мен үшін салауатты өмір салты деген осылар. Бұл ойымнан кейін «неге тек осылар?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз.Бұл сұрағымның жауабы: Салауатты өмір салты-адамға тек пайдасын әкелетін істер.Сондықтан,аталған істердің барлығы адам баласына пайдасын болмаса,ешбір зиянын тигізбейді.Әрқайсысына бөлек тоқталып,неге осы үшеуіне ерекше көңіл бөлетінімді түсіндіріп өткенім дұрыс болар.Біріншіден,дұрыс тамақтану-басты қағида. «Ауру-астан,лау-қарындастан» деп дана халқымыз бекер айтпаған.Өйткені,ас-біздің өмірімізде өте маңызды рөл атқарады.Сондықтан,ағзамызға зиян тигізетін тамақтардан барынша алшақ болуымыз керек.Алайда,қазіргі таңда дүкен сөрелерінің бәрі жеңіл әрі тез дайындалатын зиян тамақтарға толып тұратынындықтан,бұл пунктті орындау өте қиын. Жеке бас гигиенасы да маңыздылығы жағынан дұрыс тамақтанудан кем түспейді.Жеке бас гигиенасын сақтамаған адамның түрлі ауруларға ұшырауы әбден мүмкін.Спортқа келетін болсақ,спорт-салауатты өмір салтының ғана емес,адамдардың да ажырамас бір бөлшегі болуы керек.Көбіміз «салауатты өмір салты» дегенді естісек,көз алдымызға бірден осы спорт елестететініміз рас.Бұл спорт пен салауатты өмір салты-білім мен еңбек секілді егіз екендігінің бірден-бір дәлелі.Менің ойымша,салауатты өмір салты мен спортты бөлек қарастыруға болмайды,себебі олар қашан да бірін-бірі толықтырып тұрады.
Мен үшін салауатты өмір салтының не екенін жазып өттім,ендігі сұрақ: «Мен оны ұстанамын ба?» Салауатты өмір салтының өте маңызды екенін білсем де,мен оны үнемі сақтаймын деп айта алмаймын.Оның себебі де айтарлықтай көп:дұрыс тамақтану-қымбат,біршама ақшаны талап етеді,спортпен шұғылдануға уақыт жетпейді,тағысын тағы.Себептерімді айтуды бастасам,таңға дейін ауыз толтырып айта беруге болады.Алайда,осы себептерімді жазып жатып,бұның барлығының тек сылтау екенін түсінгендеймін.Қаламайтын адамның сылтауы көп демекші,мүмкін қызығушылығым мен қалауымның аздығынан болар сылтауларымның көптігі.Эссені жазып жатып,тіпті өз тұжырымымдарыма қарсы аргументтер де пайда болды.Мысалы,дұрыс тамақтану-тек қымбат жеміс-жидек,көкөніс қана емес қой.Тіпті,ағзама қажет мөлшердегі су ішсем де,соның өзі дұрыс тамақтануға жасаған қадамдарымның бірі емес пе?Ал спортпен күнде шұғылданбасам да,дене шынықтыру сабағында жаттығуларды ерінбей,түгел орындасам-соның өзі де бір жетістік.Демек,салауатты өмір салтына бірден емес,біртіндеп аз-аздан қадамдар жасап,қол жеткізсем болады екен.Осы эссемді жазып біткеннен кейін қажет мөлшерде су ішуге,дене шынықтыру сабағында барлық жаттығуларды орындауға көңіл бөлемін деп шештім!
Темекі, ішімдік-адамзат пен салауатты өмір салтының нағыз жаулары.Бүгінгі таңда жастардың темекі мен ішімдікке жаман көзқараспен қарайтыны мені қатты қуантады.Өйткені,біздің жастарымыздың көкірегі ояу,көздері ашық.Олардың осы жаман істерден алшақ болуы-жақсы емес пе? Қазағымның «Арақ ішіп,темекі шеккен-денсаулықтың түбіне жетеді» деген бір нақыл сөзінің өзі барлығын түсіндіріп тұрғандай...
Ауруға шалдықпайынша,спортқа да дұрыс тамақтануға да қол сілтеп,салауатты өмір салтын ұстанбайтындар да жоқ емес.Сондай кезде есіме «Ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде» деген мақал түседі. Шынымен де аурумен күрескенше,неге сол ауруға шалдықпай тұрып,денсаулығымызды жақсартпаймыз?Үнемі бір затымызды жоғалтпай,оның құнын білмейміз.Сол сияқты деніміз сау кезде соны да бағаламаймыз.Уақыт өте келе соның зардабын да шегеміз.Ауырмайтындай деңгейге жеткізетін жолдар көп,тек сол жолдан кері шегінбей немесе бағытын бұрмай,тіке жүре беруіміз керек.Бірнеше жолын мен жоғарыда жазып өттім.
Елімізде салауатты өмір салтын насихаттайтын ашық сабақтар,жарыстар,түрлі-түрлі іс-шаралар өткізілетіні маған ерекше қуаныш сыйлайды.Салауатты өмір салты жайлы бәрін білемін ғой деп ойласам да,мектебімізде болатын әр ашық сабақтан жаңа бір ақпараттарды біліп,бірнеше деректерді көкейіме түртіп аламын.Ал жарыстардың ерекше бір мотивация беретіні түсінікті ғой.Спортпен ешкімге міндетсінбей,өзіміз үшін айналасуымыз керек екенін білсек те,жарыстарда басқалармен бәсекеге түскеннен кейін,жеңіске жету үшін тырысасың.Ал сол еңбегің бағаланып,жеңіске жетсең,спортқа деген махаббатыңның күшейе түсетіні сөзсіз.Жастарының спортқа жақын,жаман істерден алыс болуын мақсат қылатын елімді мен ерекше қатты жақсы көремін.
Салауатты өмір салты тек бір адамға ғана қатысты нәрсе емес,қоршаған ортаның да салауатты өмір салтына тигізетін әсері айтарлықтай көп.Себебі,қоршаған орта дегеніміз-ол өзіміз.Әркім өз қара басын ғана ойламай,қоршаған ортаның гүлденуіне де тамшыдай болсын үлесін қосса,нұр үстіне нұр болар еді.Өйткені,қоршаған ортаға көмектесу арқылы әр адам өзіне де көмектеседі.Қоршаған ортаға көмектесу дегеніміз-қоқыс жинау,сенбіліктерді ұйымдастырумен ғана шектеліп қоймайды.Ағаш отырғызып,табиғаттың байлықтарына ұқыптылықпен қараудың өзі қоршаған ортаға көмегіміз болады.Бірақ,қазіргі таңда табиғаттың басты мәселесі мен індеті-қоқыс.Сондықтан,басты назарымызды осы қоқыспен күресуге арнағынымыз жөн деп ойлаймын.Алайда,қоқыстан құтылудың ең дұрыс жолы-қоқысты тастамау екенін ұмытпауымыз керек.
«Салтанатты өмір салтын сақтайық!»-деп біреуге ақыл-кеңес айту өте оңай.Бірақ,біреуді салтанатты өмір салтын сақтауға біреуді шақырмас үшін алдымен,өзімізден бастауымыз керек.Әлемді өзгерткің келсе,өзіңнен бастау керек екенін естен шығармағанымыз абзал.