Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы. Денсаулық дегеніміз аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай дененің, рухани және әлеуметтік игіліктің болуы. Мықты денсаулық салауатты өмір салтын ұстанудан басталады.
Салауатты өмір салты әрбір адамның денсаулығын сақтауға, аурулардың алдын алуға және жалпы адам ағзасын нығайтуға бағытталған өмір сүру әдісі.
Елімізде статистикаға сүйенсек жыл сайын жүрек-қантамыр аурулары, тыныс алу органдарының аурулары және қатерлі ісіктер өлім себептерінің құрылымында алғашқы үштікті құрайды.
Сондай-ақ, республика халқының арасында семіздік, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың салдарынан психикалық-мінез құлық бұзылулары аурушаңдылығы, темекі тұтынудың таралуы сынды өзекті мәселелер бар екені анық.
Мемлекет тарапынан аталған мәселелерге қатысты бірнеше саяси шешімдер қабылданып, халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалынуда. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 қазандағы № 634 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халық денсаулығын нығайту және сақтау тек тиісті стратегияларды дамытуды және түрлі өмір тіршілігі салаларындағы ресурстарды жұмылдыруды ғана емес, мемлекеттің, жұртшылықтың және халықтың осы бағыттағы қызметін интеграциялауды қамтамасыз ету үшін тұрақты және тиімді негіз жасауды да талап ететін қоғамдық денсаулық қызметі қалыптастырылды. Аурулардың профилактикасы мен денсаулықты нығайту бойынша қолжетімді және тиімді тетіктерді қалыптастыруға Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы құрылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі халықтың қоршаған ортаның әртүрлі факторларының, дұрыс тамақтанбаудың және мінез-құлық қауіптерінің зиянды әсерінің профилактикасы және оны төмендету жөніндегі іс-шараларға тартуды, хабардар болуын арттыру, инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауруларды, оның ішінде психикалық денсаулықтың бұзылысы мен жарақаттанушылықты эпидемиологиялық мониторингтеуді, ел халқының денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған сектораралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, үйлестіру және кеңейту, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың және басқа да құқықтық нормалардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді, өңірлік және ұлттық деңгейлерде аурулардың дамуын ұзақ мерзімді модельдеу мен болжаудың халықаралық жүйелерін енгізуді қамтамасыз етуде.
Мемлекет тарапынан салауатты өмір салтын ұстанатын, дұрыс тамақтанатын, спортпен шұғылданатын адамдардың санын ұлғайтуға акцент жасалынуда. Себебі дені сау ұлттың қалыптасуы үшін жағдай жасау орташа өмір сүру жасын ұлғайтуға, денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстарды төмендетуге, өмір сүру сапасына қанағаттанушылықты және еңбек өнімділігінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Әрбір өңірде бұқаралық ақпарат құралдарын және заманауи әлеуметтік медиа-ресурстар мен желілерді белсенді тарта отырып инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың профилактикасы жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде скринингтерден өту, тамақтануды құнарландыру мен салауатты өмір салтын ынталандырудың, санитариялық мәдениет пен дене шынықтыруды дамытудың негізінде өз денсаулығы үшін халықтың хабардар болу жауапкершілігін арттыру бойынша шаралар өткізіледі.
Елімізде халықтың, оның ішінде салауатты өмір салтын ұстану және қалыптастыру мәселелеріндегі сауаттылық деңгейін арттыру, қауіп факторларының (темекі шегу, алкогольді шектен тыс тұтыну, физикалық төмен белсенділік) таралуын төмендететін жаңа мінез-құлық ұстанымдарын қалыптастыру, дұрыс үйлестірілген тамақ, дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданатындар санының өсуі, жол-көлік оқиғаларын азайту, қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау, қауіпсіз тұрғын үй жағдайларын қамтамасыз ету, мүгедектердің денсаулық сақтау қызметтеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, халықтың сырқаттану жағдайына олардың әсерін мониторингтеу деректерін ескере отырып, ауыз суға тұрақты қол жеткізуді, ауаның, су мен топырақтың ластануын азайтуды, шудың деңгейін төмендетуді қамтамасыз ету бойынша шаралар жүргізілуде.
Сектораралық өзара іс-қимылдың ең маңызды міндеттерінің бірі дене белсенділігін ынталандыруды және спортпен шұғылдануды насихаттауды, оның ішінде жұмыс берушілерді кеңінен тарту арқылы жұмыс істейтін халықты, мектептегі білім беру жүйесі арқылы – балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің базасында балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартуды қоса алғанда, дұрыс тамақтану, салауатты және қауіпсіз өмір салты үшін жағдайлар және әділ мүмкіндіктер жасалуда.
Жылдан жылға жасөспірімдер мен жастардың спортқа деген қызығушылығының артқанын, спорттық клубтарға барушылардың саны артып бара жатқаны қуантады. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықтың көп шоғырланған орындарында ақпараттық түсіндіру жұмыстары, акциялар өткізілуде, спорттың көптеген түрлерінен жарыстар өткізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендуінің негізі» жолдауында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды талап етті.
«...Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет» деп атап өтті.
Әрине мемлекет өз тарапынан түрлі бағдарламалар қабылдап, спорттық кешендер салып, насихаттау жұмыстарын жүргізеді. Алайда салауатты өмір салты әр адамның өзінің өмірлік талаптары мен көзқарасынан басталады.
Егер сен денің сау болып ұзақ әрі сапалы өмір сүргің келсе күнделікті ішетін асыңа талғаммен, күнделікті атқаратын ісіңе байыппен қарау керексің. Таңертегі немесе түскі ас кезіндегі 15 минуттық жаттығуды жасау біреуге қалыпты жағдай болса, біреулер үшін еріншектіктің әсерінен үлкен мәселе болуы мүмкін. Кейбір адамдар инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында вакциянациядан өтудің немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде онкологиялық (қатерлі ісіктер), жүрек-қантамыр ауруларының (миокард инфаркті, инсульт, стенокардия т.б.) алдын алуға бағытталған скринингтен өтудің қажеті жоқ деп санайды. Алайда ерте сатыда анықталған ауруды емдеудің мүмкіншілігі жоғары екенін түсіне бермейді.
Қазіргі таңда спорттық кешендерде ғана емес, әрбір тұрғын үй кешендерінің ауласында салынған қолжетімді жаттықтыру алаңдарында денемізді шынықтыру әрқайсымыздың өз денсаулығымызға деген жауапкершілігіміздің көрсеткіші. Темекі, кальян, арақ-шарап, есірткі сияқты зиянды әдеттерден бас тарту өзіңнің ғана емес, келешек ұрпағыңның да денсаулығына бей-жай қарамайтындығыңды білдіреді.
Біздің денсаулығымызды сақтауға деген ынтамыз, салауатты өмір салтын ұстану туралы қағидамыз бен әрекетіміз біз үшін аз ғана нәтиже болуы мүмкін, ал мемлекет үшін үлкен жетістік екенін айтқым келеді. Үлкен жетістік қарапайым ғана кішкентай істердің нәтижесі. Өзінің және келер ұрпағының денсаулығы туралы ойлайтын әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстануға бей-жай қарамайды деп сенемін.