Әлемнің төртінші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігі туралы айтты.
Рыбакинаның бұған дейінгі WTA рейтингісіндегі ең жоғары нәтижесі үшінші орын (2023 жылдың маусымында) екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта әлемнің бірінші ракеткасы – поляк теннисшісі Ига Швентек. Екінші орынға беларусь Арина Соболенка жайғасса, америкалық Кори Гауфф үздік үштікті түйіндеп тұр.
Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануға тек өзінің шеберлігі ғана емес, қарсыластарының да дайындығы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Мен маңызды сәттерде берік болуға тырысамын. Арина немесе Игаға қарсы матчтарда барлығын ойын сәттері шешеді. Олармен кездесу әрқашан қиын. Олар да керемет өнер көрсетеді. Бұл – жарыс», - деді қазақстандық теннисші Ролан Гаррос турниріндегі баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, Елена қай Үлкен дулыға турнирін ұнататынын айтты.
«Мүмкін Уимблдон. Бұл – басты жетістік. Кез келген Үлкен дулыға турнирі стадион лық толы болған кезде таңғалдырады. Бірақ мен Уимблдонды бала кезімнен армандадым», - деді Рыбакина.
Естеріңізге салсақ, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты. Ол Филипп Шатрье кортында дүниежүзілік рейтингіде 2017 жылы үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 19-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолинадан басым түскен болатын, деп жазды Kazinform ақпараттық агенттігі.