«Салауатты өмір салты». Бұл ұғым алғашында 2000-шы жылдардың бас жағында мемлекеттік бағдарламалар аясында айтылған еді. Содан бері айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа айналды. Мектептер мен ЖОО-ның бағдарламаларына пәндер мен факультативтер ретінде де кірді. Телевизия мен басылымдарда көп айтылды, жазылды. Бәрі қарапайым – дұрыс тамақтану, шынығу, тағы сол сияқтылары.
Мәселе, елдің соны орындамайтынында. Адам баласы өзіне пайда келтіретін нәрсені біреу мәжбүрлемейінше өз еркімен істемейді екен. Әрі зиянды нәстелерге адамдардың көбінің әуес екені белгілі. Ғылым тұрғысынан қарасаң да, дін тұрғысынан қарасаң да, оның түсініктемесі бар. Нәпсі, шайтан, депрессия, стресс, тұқымқуалаушылық, еліктеушілік, мақтаншақтық, көрсеқызарлық, көреалмаушылық, сараңдық, жалқаулық, немқұрайдылық, әпербақандық, нәпсіқұмарлық, әлі жетпейтін нәстелерге құмарлық, дүниеқоңыздық, тыйым салынған зиян нәстелерге құмарлық және тағы басқа нәстелер адамзаттың көпшілігін салауатты өмір салтын ұстанудан жырақ ететін ортақ аурулары.
Адам баласы өзіне зиянды нәстелерді өте қымбат бағаға сатып алады дегені рас. Арақ-шарап қымбат, темекі де солай, бұзылған әйелдер мен еркексымақтарды жалдау (иә, әйелдер ондайларды жалдайды бұл мемлекетте де), құмар ойындары, мәні жоқ сәнді заттар, атақ үшін жасалатын іс-шаралар, ең ақыры посткеңестік мемлекеттерде сәнге айналған консерванттары көп фаст-фуд, бәрі де ақша талап етеді.
Адамды қимылдатып тұрған оның миы. Қазір адамдардың көбінің санасы уланған. Көпшілігі әлеуметтік желілерге тәуелді болған, сондағы улы қоқысқа қамалып отыр. Соның салдарынан ел ызақор, ашушаң, ұрысқыш болды. Жұмыстарына жақтырмай барып, үйлеріне жүйкелеп қайтады. Оның үстіне қоғамдық көліктермен жүретіндер сығылысып, ұрысады. Әрине, бар ызаларын үйлеріндегілеріне төгеді. Салауатты өмір салтын сақтау тұрмақ, соның кейбір нышандарын да көрсете алмайды. Қолдары тимейді. Шаршап үйлеріне барғандарындағы ермектері – телефон, әлеуметтік желілер, неше түрлі еліртпе видеолар және елдің жағдайын желеу етіп, елді алауыз қылып отырған Қазақстанның егемендігіне шүйліккен блоггерсымақтар (басқа мемлекеттердің тапсырмаларымен істейтіндері белгілі).
Солайша өздеріне қарай алмаған кісілер, балаларына да қарай алмайды. Олардың да ермегі сол телефон, әлеуметтік желілер, сондағы қауымдастықтар, ондағы небір сорақы видеоларды көреді, денсаулықтарына зиянды іс-әрекеттерді істейді (білетіндер нені меңзегенімді түсінеді, біздің мемлекетте ондайды ашық жазбаймыз). Нағыз өсетін шақтарында, шынығудың орнына былығуда. Әрине, шынығатын жасөспірімдер де бар, бірақ солардың көпшілігі физикалық күштерін әлгі әлсіздерге қолдануды ермек қылып алған. Солай әлімжеттік пен бопсалау мектептерден басталуда.
Қазіргі балалар уақыттың көбін ғимараттардың ішінде өткізеді, үй, мектеп. Үйірмеге барса, ол да жабық ғимарат. Ұрсып шығармаса, далаға серуендеуге де шықпайды. Бетон сорып, боп-боз, әлжуаз болуда. Олар қалай төбелеседі, қалай ел қорғайды, ел тұрмақ өз әйелдерін қалай қорғайды? Белгісіз. Жоқ, белгілі...
Мен Жамбыл облысының Меркі ауданында өскенмін. Балалық шағымда көшедегі балалармен ойнайтынмын. Асық та ойнадым, доп та, басқа да ойындар, шанамен жарысып, қармен атқыласатынбыз, велосипедпен жарыстым, «каскадер» болдым. Сол жерде мемлекет меншігіндегі балабақша бар еді, кейін оны облыстық сотта істейтін біреу сатып алды да, үй қылды. Соған дейін сол балабақшаның стадионында футбол ойнайтынбыз. Басқа көшелердің балаларымен ойнағанда ерегісіп қалатынбыз, сол кезден жігіт едік, кәдімгідей төбелесетінбіз жекпе-жекке шығып. Қазіргілер ғой топ болып әлімжеттік қылатындары. Сол кезде төбелесіп алып, өзімізді ересек адамдардай ұстайтынбыз. Шағым айтпайтынбыз. Нағыз балалық шақ.
Қазір Алматының сыртындағы ықшамауданда тұрамын. Бірде балконнан далаға қарап тұрсам, бір топ бозбалалар тұр екен аулада. Соларды көріп ашуландым. Бірі басқаларын ұрып, қолдарын қайырып құтырды, сонда басқалары ерегіспей, алыса кетпей, намыстарын қорғамай, әйелдердей қыңсылады, әйелдердей күлді...
Жаңа буын әлсіз, нашар дей беру әдет болып кетті. Алдыңғы буындар туралы да олардан бұрынғылар дәл солай айтты. Елдің салғырт болғаны оның кеңес өкіметінен шыққанында. Қайда барса, оларға жұмыс табылды. Қара жұмыс. Айлықтарын алды, жаратты, тауарлар арзан болды. Ел соған жаман үйренді. Қазіргі егемен Қазақстанды жақтырмайды, сол кезді аңсайды. Қайтадан кеңес өкіметі болса дейді. Олары дұрыс емес.
КСРО құлағанынан кейін елдің көбі жұмыссыз қалды, әйелдер сауда жасап кетті, еркектерді сыйламайтын болды, беттерімен кетті. Солар алғашқылардан болып салауатты өмір салтын белінен басты: еркектері де, әйелдері де арақ ішті, қатты бұзылды, оларды көрген балалары «ұяларында көргендерін ұшқандарында барынша ілді»...
Ұлтқа бөліп айтпаймын, мемлекеттің бүкіл елінің көбі нашар, аурушаң болды, олардың балалары да сапасыз болды. Солайша - ол мемлекеттің үлкен проблемасы. Оған тек ұлтжанды қазақтар ғана алаңдайды. Себебі Отанымызды қорғауымыз керек.
Айтқанның сөзі жаман, жылағанның көзі жаман дегендей, кәрі-құртаң кісілер ауырғандарын айтып шағынғандарында, есік терезені жап, шәйді анандай қылып құй, дәрі әкеліп бер деп ойбайлағандарында көбің жақтырмайсыңдар. Кезінде олар да күтінбегендер, денсаулықтарынан айырылғандарынан кейін барып денсаулықтарының қадірін білгендер. Сендер одан үлгі алыңдар. Күтініңдер, физикалық шынығудан бөлек, тұлға болып қалыптасуға дағдылайтын істермен шұғылданыңдар.
Салауатты өмір салтын ұстану үшін көп адамдар диетаға отырады. Мен тән диетасынан бөлек, ми-сана диетасын ұстау керек деп ойлаймын. Себебі адамды қимылдатып тұрған оның миы. Керек емес ойлардан және әрекеттерден сақтанғанда адамның қолы босайды, өзіне қарай алады, жаттығу жасап, серуендеуге, өнер-білім үйренуге, адамдармен араласуға, мемлекеттің дамуына үлес қосуға, ұлтымыздың тарихын білуге, білімімен бөлісуге мүмкіндік алады. Менің телефоным 9-шы маусым күні бұзылды, оны тастадым. Бес ай телефон қолданбай жүрмін, әрине жаңа смартфон сатып аламын ғой. Қолымның әлдеқайда босағанын аңғардым. Шығармашылықпен айналысамын, конференцияларға қатысамын, өнер-білімді бұрынғыдан да көбірек үйренудемін, серуендеймін, миым тынығып қалды.
Бұдан қорытынды мынау: телефонды тек хабарласу үшін ғана, интернетті тек білім алу үшін ғана қолдану керек. Әрине, интернетті сауда-саттық үшін қолданатындар бір бөлек.
Қолы бос кездің бәрін адам өзін дамытуға, тұлға болып қалыптасуға, азаматтық белсенділігін арттыруға, солайша ұлтымыздың абыройын көтеруге және мемлекетіміздің беделін өсіруге қолдануы керек. Мықты адам өз абыройын да, достарының абыройын да сақтай алады. Ондай адамды керек қылады, онымен санасады, оны сыйлайды.
Тіпті, өздері салауатты өмір салтын ұстана алмағандар, ең болмаса балаларының тәрбиесіне және олардың салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөлгендері әрі дұрыс, әрі өз алдарындағы да, келесі буын алдындағы және мемлекет алдындағы міндеті.