Жолдау - болашаққа қарай бой түзеген істердің жоспары

Жұлдыз Сулейменова, «Алматы қ. ФМБ НЗМ» ДББҰ басшысы:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына арналды. Мемлекет басшысы Жолдауда өткен отыз жыл ішінде «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болдық. Еліміз тұрақты қоғам құрып, орнықты даму жолына түсті» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз елімізді дамытудағы ерен еңбегін атап айтты. Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткендігін атап өтті. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобалардың жүйелі жүзеге асқандығын жеткізді.

Тоқжан Еспергенова, «№2 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас дәрігері:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастап, Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз екендігін, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болып, Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айнағанымызды сөзге тиек етті. Пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Роза Бадаева, «Алматы басқару және сервис колледжінің» бас директоры:

Биылғы Жолдау қазақстандық қоғамның ең күрделі және өткір мәселелерін шешуге бағытталған. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген атаудың өзі құжаттың әлеуметтік бағдарын, билік пен қоғамның ашық пікірталастарға дайын екендігін білдіреді. Бұл маңызды құжат қоғамды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап болды, онда мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам және этносаралық келісім мәселелері терең қозғалды. Сондай–ақ, Президент өз баяндамасын ең өзекті тақырып – студенттерді оқытуға бағытталған цифрлық платформалар мәселесіне арнады. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, лайықты ақы төленетін жұмысқа орналасуы. Дарынды ауыл жастарын қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, ЖОО-ға ақылы негізде түсетін 50 мың талапкердің 85%-ы – аз қамтылған отбасылардың балалары. Бұлар негізінен ауылдық жерлердегі балалар. Олар үшін мектептерде жалақысы жоғары «білікті және ынталы мұғалімдер» жұмыс істеуі керек. Жолдауды оқып, түсініп, ондағы белгіленген міндеттер мен шешімдерді іске асыру бойынша студенттердің парызы мен жауапкершілігі сезімін қалыптастыру туралы да айта кеткен жөн. Құжатта «өз болашағын елімізбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге көңіл бөлуі тиіс» деп нақты жазылған. Сондай-ақ, ел Президенті болашақта мамандықты саналы түрде таңдау мақсатында мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды.

Ержан Абесинов, «Жасыл дала» шаруа қожалығының төрағасы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жария етті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыпты арқау еткен Жолдауда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған нақты бастамалар көрсетілген. Сондай-ақ, коронавирус індетін, оның қаупін аман-есен еңсеру, барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, саяси реформаларды жалғастыру, жастарды ынталандыру, басқа да кезек күттірмейтін шаруалар қолға алынбақ. Ерекше атап өтерлігі – сөз болған әрбір міндет жалпылама уәде емес, нақты сандармен, қабылдануға тиіс заңдық актімен толықтырылғаны. Олай болса, олардың іске асуын қоғам өзі бақылай алады. Орныға бастаған осы тәжірибе қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отыр. Мәселен, өткен жылғы Жолдауда берілген тапсырмалар жемісін бүгінде көптеген азаматымыз сезініп үлгерді. Олардың ішінде жалақысы 25-50 пайызға өскен ұстаздар мен дәрігерлер, зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалану арқылы бір миллионнан астам отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартып алғаны, партияға кірмей-ақ жеке тұлғалардың сайлауға түсуі сияқты игі істер аз емес. Десе де биылғы Жолдау тек ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, сондай-ақ болашаққа қарай бой түзеген істердің жоспары болып саналады. Бұл бағытта да талай батыл да заманның талабына сай міндеттер қойылды.

Болат Садыков,         «№5 қалалық клиникалық аурухана» МКК бас дәрігері:

Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында: «Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаға салынбай қалды. Әрине, бұған жол беруге болмайды. Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауда және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс», - деп айтқан болатын.

Асем Мусабаева, №9 қалалық емхананың бас дәрігері:

1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Өз басым Жолдауды толық тыңдадым. Ең бірінші Жолдауда экономиканы дамыту мәселесі бойынша - экономиканы әртаптандырып, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмыстарды күшейту тапсырылды. Соңғы 2 жыл уақыт әуреге салған пандемия денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелер барын көрсетті. Осыған орай індетпен күресу үшін Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркелген вакциналарды сатып алып,халықты екпе алуға шақыру керек. Бұл қалыпты өмірге тез оралуға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Елімізде дәрі-дәрмекпен медициналық құрал-жабдықтардың 17% ғана отандық өнім екені оны 2025 жылға дейін 50% ға жеткізу керектігін тапсырды. Жалпы Мемлекет басшысының ұсыныстары мен тапсырмаларын орындауда әрбір жас белсенді қызмет атқару қажет. Бұл мемлекетіміздің одан әрі дамуына, қуатты мемлекетке айналуымызға, дағдарыспен  құлдыраудан сақтайды.

Тимур Нуртаев, «Timus Development» ЖШС директоры:

Биылғы Жолдауда бірнеше өзекті мәселелер қамтылды. Атап өтсек, Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады. Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әлауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін

еске салды. «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қанат Шагиров, «КаскорТранс Сервис» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы:

Жолдауда айтылған экономикалық дамудың маңызды аспектілерінің бірі ретінде жалғасып жатқан COVID-19 пандемиясының қиын жағдайында халық пен бизнесті қолдау шараларын кеңейту қажеттілігін айтуға болады. Олар 2022 жылға дейін ұзартылып, 1 трлн теңге сомасында өте ауқымды қаржыландыруды қарастыратын «Қарапайым заттардың экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламалар негізінде жүзеге асады. Бірнеше жылға созылған және өткен жылы олардың масштабын ұлғайту арқылы экономикаға жақсы қолдау болған бұл бағдарламалар алдағы уақытта да мемлекеттің көмегімен экономиканың негізгі секторларында жұмыспен қамту және өндірісті одан әрі қолдауға негіз болады. Сондай-ақ Президент экономикалық даму саласындағы бірқатар стратегиялық міндеттерге де назар аударды. Ағымдағы проблемалар, тіпті ең өзекті проблемалар (Жолдауда айтылған инфляцияның өсуі немесе жекешелендіру сияқты) күн тәртібіндегі ұзақ мерзімді негізгі міндеттерді алмастырмауы тиіс. Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берген мұндай міндеттерге кешенді шаралар арқылы көлік-энергетикалық инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру, жаңа бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, халықтың өмір сүру деңгейі мен табысының жиынтығы арқылы арттыру, Қазақстанның цифрлық саладағы әлеуетін іске асыру кіреді.

Айгерім Жақсылыққызы, «Алматы хайуанаттар саябағы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының халықаралық байланыстар және жинақтарды жинақтау бөлімінің басшысы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан халқына Жолдауында: «Үкімет азаматтық сектормен бірігіп «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға деген қарым-қатынас – кез келген мемлекет өркениеттілігінің көрсеткіші. Ал бізде қазір жағдай дұрыс емес», – деп жануарларды қорғау мәселесін алға тартуды жүктеген еді. Енді биылдан бастап Қазақстанда жануарларды қорғау заң жүзінде күшейтіледі. Енді үй жануарларына зорлық-зомбылық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрынғыдай құр айыппұл төлеп құтылмайды. Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасы қаралып жатыр. Әсіресе, иттерді қасақана өлтіргендер 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кейінгі кезде жануарларға қатысты жиілеп кеткен қатыгез жағдайларды азайту үшін қатаң тәртіп орнамақ. Қылмыстық кодекстің жануарлардың өліміне байланысты санкциялар 200 АЕК дейін және 50 тәулікке дейін қамауға алуға күшейтілді. Және 2 немесе одан да көп қылмыс жасағандар БАҚ-та қолдана отырып, бұл әрекетті бірнеше рет жасаған кезде 1000 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған және 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Одан өзге заң жобасы бойынша жануарларды чиптеу де жүргізілмек. Сол арқылы нақты санын біліп, бақылауды күшейту көзделіп отыр.

Ғани Бодыков,  Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын әлдендіруге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа шешімдер айтты. Әсіресе, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бағдарламалар мен алдағы жоспарлар белгіленді. Жолдауда Президентіміз адамзаттың көптеген қауіпті індетті бастан өткергенін және вакцина пайда болғаннан кейін ғана аты жаман дерттерге тосқауыл қойылғаның ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Жолдауында ДДСҰ тіркелген вакциналарды тезірек сатып алуды тапсырды. Шындығында, бүгінгі күні вакцина қабылдаған бірқатар еңбек ұжымдарында коллективті иммунитет қалыптасты деп айтуға болады. Себебі, былтырғы жылы медицина мамандары арасында коронавирус инфекциясына шалдығу жағдайлары көптеп орын алған болатын. Сонымен қатар Жолдауда, медицина саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінетіндігі және ол қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатындығы айтылды. Бүгінгі күні сала мамандары көрсетіліп жатқан қолдауды сезініп отыр. Індетпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлерге, санитариялық бақылау саласы қызметкерлеріне үстеме ақы төленуде. Міне, Жолдауда осындай маңызды басымдықтар айтылды, жаңа міндеттер жүктелді. Ендігі жерде Жолдауда айтылған әр тапсырманың жүйелі жүзеге асуына атасылысып, ұлт саулығы жолында сапалы қызмет етпек керек.

Шухрат Шардинов,  «АЗМК» ЖШС бас директоры:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту», - деген еді. Шындығында, пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66  мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.

Зиятдин Касанов, «Kassanov investment group» Президенті:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек. Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр», - деген еді. Расында да пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы. Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated