Біржансал Индира Қанатқызы

Мен – Үйсінмін қауға берсең қауға бер,

Қан ағызып үйренгем жоқ жаулап ел.

Дауы да жоқ, жауы да жоқ, тып-тыныш,

Бауырларыым біздің асқар тауға кел,- деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев дүниеге келген қастерлі де қасиетті Нарынқол өңірінің бір перзентімін. Кеген мен Райымбек аудандарын тең көремін. Кереге таулы Кеген ауылынан үлкен өмірге қанаттандым. Туған өлкемізден айналайық! Хангелді, Райымбектей батыр бабаларымыз найзасының ұшымен, білегінің күшімен сырттан көз алартқан жауларынан қорғап, ұрпақтарына аманаттап кеткен киелі таулы өлке жаныма ыстық, жүрегіме сондайлық жақын. Әрдайым ойымда тұрады. Жерінің асты-үсті тұнған байлығына толы, алтыны мен көмірі де бар, көрікті Көлсай, Шарын шатқалы, тарихи құндылығына толы Қарқарадай жайлауы, «Ғасыр құрылысы» атанған Мойнақтай су электр стансасы салыңған таңғажайып табиғаттың сұлулығына тұнған өлке көрген жанды тамсандырып, көздің жауын ала құлпырып келеді. Жері шұрайлы, елі қонақжай әрі шырайлы өңірден небір дара тұлғалар, есімдері алыс-жақын шетелдерге кеткен академиктер, қоғам қайраткерлері, өнер тарландары шықты. Мен әрдайым Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Еркін Ібітанов, Баққожа Мұқай, Сағат Әшімбаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Мұқатай Жылқайдаров секілді көптеген ақын-жазушыларды мақтан етемін. Әділ Ахметов, Ақай Нүсіпбеков, Кеңес Нұрпейісов, Нұрғали Мамыров, Ерғали Нүсіпов, Байынқол Қалиев секілді академик, ғылым докторлары өлкенің мақтанышы. Нүкетай Мышбаева, Алмахан Кенжебекова, Есмұхан Обаев, Досжан Жанботаев секілді Қазақстанның Халық Әртістері өңірдің өңірдің мерейін асыра түседі. Олардың жолын жалғап келе жатқан кейінгі толқын талантты, дарынды іні-қарындастары жетіп артылады. Биыл дарынды жас ақын Мақпал Мыса «100 жаңа есімнің» иесі болды. Тұңғыш Президентіміздің қошеметіне бөленді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылған Кеген мен Райымбек аудандарының жалынды жастары дәл осындай көрікті жерімен, қастерлі топырақтан шыққан айтулы тұлғаларымен мақтанып, мәртебесін көтеріп, мерейленіп жүрулері керек. Батыр бабаларымыз жауын тықсыра қуып, аманаттап кеткен жерді, ауылдарды түлетіп, заманға лайық көштерін көрікті еткені абзал. Әсілі, туған жерді қастерлегеннен, ардақ тұтқаннан, көзінің қарашығындай сақтағаннан ешбір жас жаман болмайды. Қойы қоралас, өрісі аралас қос ауданның кемел келешегі, бекем болашағы болар жастар баршылық. Атап айтқанда, Кеген өңірінде 14 пен 29 жас аралығында 11 мың, Райымбек  ауданында 9 мың жас тұрады. Олардың дені егін, мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік мекемелердің де көркі жалын жігерлі жастар. Білім, денсаулық, өнер салаларының да жүгін көтеріп жүрген жастар көп.

Таулы өлкеде жастарды салауатты өмір салтына тартуда, спортты насихаттауда көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Өңірдегі ауылдық округтердің бәрінде жастар ұйымдары жұмыс істейді. Спорт жөніндегі нұсқаушылары еңбек етеді. Олар құры жүрген жоқ. Әр апта, он күн сайын түрлі спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар өрнек табады. Қос ауданда екі музей, көптеген кітапхана, жиырмадан аса мәдениет үйлері, үш өнер мектебі, Кеген халық театры, «Ереуіл» және «Ақтолқын» фольклорлық-этнографиялық ансамблдері, ауылдардың көпшілігінде ақ әжелер ансамблдері жұмыс істейді. Мұның бәрінің жастарға берері, ұсынары жетерлік. Нарынқол мен Кеген ауылында балалар спорт мектептері еңбек етеді.

Биылғы қазан айында Кеген ауданы құрылғанының 90 жылдығын атап өтті. Сол кезде аудан орталығынан спорттық-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды. Осынау қуанышқа Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі қатысты. Той кезінде аталған кешенде қазақша күрестен Кеген ауданының ашық біріншілігі өрнегін тапты. Осынау шараға Мәскеу олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров қатысып, спортшыларға ақ батасын берді. Бұл тамаша оқиға болды. Нарынқол ауылында биылдан бастап спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Алдағы жылдары пайдалануға берілетін болады. Аталған заманға лайық кешендерде әр күн сайын мыңға тарта адам спорттың сан түрімен айналысатын болады. Оның сыртында алдағы жылдары екі ауданның орталығында да жастар ресурстары орталықтарының ғимараттары салынатын болады. Бұл шын мәнінде мемлекетіміздің жастарға жасап отырған қолайлы жағдайы. Қолдауы мен қамқорлығы.

Ауасы тұнық, суы мөлдір, топырағы құнарлы таулы өлкенің қасиеті деген осы өлкемізден, онда да өзім  тұрған Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылынан ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионы атанған ағайынды Ардақ пен Бейбіт Назаровтар шықты. Қыздарымыз да осал емес. Әйелдер арасынан Гауһар Ермекбай әлем чемпионы болса, қыздар арасынан Назым Қызайбай әлем чемпионы атанды. Ауданның көптеген түлектері Талдықорған, Алматы қаласындағы, басқа да өңірлердегі дарынды балаларға арналған спорт мектептерінде дәріс алуда. Біз әрдайым олармен қуанымыз, жұбанамыз. Бүгінгі ауыл жастары есірткіден, ішімдіктен ада. Бір уақыт мешітке барып, ақ жолға түскен жастар көп. Елі үміт күтіп, жұрты сенім артып жүрген жастарымыз ауылдарда жақсы істермен айналысқанды жақсы көреді. Ел түлектері Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына үн қосып, ауылдарын түлетіп жатқан жайлары бар. Ауылдардың кіреберіс қақпаларын жасап, елдімекендердің орталықтарынан балалардың ойын алаңдарын, шағын футбол алаңдарын орнатып жатқан жайлары бар.Мәселен, өзім тұрған Қақпақ ауылында түлектердің, ауыл жастарының қолға алуымен балалардың ойын алаңы, шағын футбол алаңы жасалды. Көз тартар ауыл қақпасы дүниеге келді. Жастар қолға алып, жемісін берген мұндай игіліктер қос аудан аумағында жетіп-артылады. Сарыбастау ауылынан шыққан жастар «Ұлағатты ұрпақ» атты қоғамдық қор құрып сан қырлы игілікті шаруаларын жасауда. Ал, Кеген ауылының жастары «Жерұйық Кеген Жастары» атты дүниелерін құрып, ауылдағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларына жап-жақсы көмір,ұн, азық-түлік беріп көмектесіп жатқан жайлары бар. Тіпті олар биыл Құрбан айт пен Ораза айтты үлкен халықтық мерекеге айналдырды. Сол күндері  кеңінен ақ дастархандарын жайып, үлкен қарияларға сый-сияпат жасады. Мұндай күндер жастардың спорттық жарастарына ұласып жатты. Олар жас ұрпақты салауатты өмірге үндеу, ауыл спортын дамыту мақсатында бірнеше дүркін арнайы акция ұйымдастырды. Жаяу жүгіруден жарыстар өткізді. Бәрекелді! Бұл жақсылықтың нышаны. Тәуелсіз еліміздің тірегі мен тілеуі болар жастардың өсіп келе жатқанының жақсы да жайдары көрінісі.Мен елдің тілеуін тілеген, кем-кетігін бүтіндемек болып жүрген, қамқорлыққа зәру жандарын да қамқорлықтарына алып жүрген мұндай жастар үшін қуанамын.

Биылғы жыл Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың қолына алуымен Жастар жылы болды. Осы жылдың аясында мемлекетіміздің тарапынан жастар үшін көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жас отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуде, шағын несие алып, өз шаруаларын қолға алған жастарға қолдау көрсетілді. Биылғы жылдың аясында жаңа жұмыс орындарын ашқан жастар көп. «Дипломмен ауылға» атты мемлекеттік бағдарлама аясын кеңітетін түсетін болады.

Жастар – жарқын болашақ! Тәуелсіз Отанымыздың тірегі, кемелді болашағы болар солар. Мені солардың әсіресе, шалғай ауылдарда салауатты өмірді қалыптастыруға, ауыл спортын дамытуға арналған көрікті көштері қуантады. Жастардың әр күндері жарқын істерге толы болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated