Салауатты өмір салтын түсіндіргенде көпшілік жаттанды ұғыммен сөйлей бастайды. Себебі, бұл сөздің түпкілікті мән-мағынасына әлі жетіп болған жоқпыз. Егер жеткенімізде бұл тақырыпта күнделікті пікір таласып, өз ойымызбен бөлісетін едік. Алайда, терең түсінбеудің салдарынан жалықтыратын, іш-пыстырарлық тақырып іспетті көрінеді. Мектеп кезінде жазған диктант, мазмұндама, шығарма және реферат барлығы бірсарынды болатын. Иә, келісемін, ол жақта адамға керек, білуі керек ақпараттар өте көп айтылады. Бірақ, нәтижесі қарастырылмайды, қарама-қайшылық, жоқ болғандағы дүниелер де қаралмайды. Осының салдарынан біздің көкейімізде "біз не үшін салауатты өмір салтын сақтау керекпіз, жалпы салауатты өмір салты деген не, оны сақтамаса не болады" деген сынды сауалдар жауапсыз қалып қояды. Оның жауабын іздемейміз де, себебі қызық емес. Өзіміз үшін аса маңызды тақырып осылайша жабулы қазан күйінде қала береді. Неге бұндай тұжырымға келдім? Себебі, мен де сол жандардың қатарынанмын. Дәл қазір осы сұрақтың жауабын іздеуге бел будым, өйткені қазір болмаса қашан, мен болмасам кім?

Біз шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен-ақ салауатты өмір салтымен әр күнімізді өткіземіз. Бізді анамыз соған үйретеді. Уақытылы тамақтандырады, уақытымен ұйықтатады, режиммен жуындырады, өсуіміз үшін көптеген массаж жасайды, таза ауада серуендетеді. Бұның барлығы салауатты өмір салтына тең келетін әрекеттер.

Салауатты өмір салты тұрақты термин емес. Оны әр адам өзінше дұрыс деп түсінеді. Әр елдегі ұстаным да дәл солай. Сөзімді дәйектеу үшін Delfi сайтының зерттеуінен мысал келтірейін. Жапон халқының өзгелерден қарағанда өмір сүру жасы неғұрлым жоғары. Біздің санамызда сұрақ туындайды. Қалай? Оның жауабы біз ойлағаннан да қызық. Жапон халқы үшін басты мақсат - денсаулық емес, жұмысты ұзақ әрі тыңғылықты орындау жолындағы құндылық екен. Осы мақсатқа жету жолында өз денсаулықтарына өте мұқият қарайды. Жапондар үшін жұмысынан айырылып қалу - трагедиямен пара-пар. Осы қайғыға душар болмас үшін өз-өзін қатты күтеді, салауатты өмір салтын мықты ұстанады. Осының арқасында әлем бойынша жапондар артық салмақсыздық бойынша алғашқы орында. Бүкіл халықтың тек 1,5 пайызы артық салмақ қосқандарға жатады.

Қытай халқы қозғалысты жақсы көретін ел, қашан көрсең тыным таппай, бір орында отырмай жүреді. Қытай халқының тек жастары ғана емес, кәртең ата, әжелеріне дейін қозғалысты сүйеді. Әр таңда саябақта жиналып, бірге жаттығу жасайды, жүгіреді. Сонымен қатар, Қытай халқы үшін медициналық дәрінің емес, дәстүрлі емделу жолы көбірек ұнайды. Бір жағынан бұл дәстүрмен қалыптасып қалған болса, екінші жағынан медициналық қызмет қалта көтерерлік емес. Сол себепті де Қытай халқы өз-өздеріне ерекше ден қояды, сылтау іздемейді, бір мәселенің шешімін бір жақтан ғана еме, жан-жақтан іздеп табуға тырысады, табады да.

Басқа өзге мемлекетте, мысалы Швецияда керісінше дәрігердің не  дәріхананың берген кеңесіне жүгінеді, табиғи емделуді, шөппен ем-домды құптамайды. Швециядағы әр үйдің өздерінің жеке-жеке велосипедтерінің болуы олардың қаншалықты өз-өзіне маңыздылық қоятынын көрсетеді.

Бұл көрсеткіштермен әлемнің әр елінде салауатты өмір салтын ұстанудың өздеріне тән, өздері қалыптастырып алған қағидалары бар екенін көреміз. Бірақ, бәрінікі дұрыс, әр халықтың қадамдары, жолдары әртүрлі болғанымен бір мақсатқа, бір нәтижеге жетелейтінін көреміз.

Әр елдің салауатты өмір салтын ұстану жолын қадағалап қазақ халқына ненің жетіспейтінін түсінген секілдімін.

Біріншіден, тұтқын болмау. Біз, жастар, сабаққа, үлкендер жұмысқа тұтқын болып қалғанбыз. Жапондықтар секілді "ұзақ жұмыс істеуім үшін, денсаулығымды күтуім керек" деп ойланбаймыз. Біз алдымен өте көп уақытымызды, күш-жігерімізді, қайратымызды, жастық шағымызды толығымен жұмысқа саламыз да, кейіннен денсаулығымыз құртылғанда, жұмыстан тапқан барлық қаржымызды денсаулықты түзету үшін жұмсаймыз. Осы біздің ең үлкен қателігіміз деп ойлаймын.
Екіншіден, Абай Құнанбайұлы айтқандай "қарны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын". Бізде ортақ құндылық, ортақ бауырмалдылық деген қалыптаспаған. Егер, бір адам өзгенің өмірін алаңдаса, оған кеңес берер еді, бірге спортпен айналысайық, бірге жаттығу жасайық дейтін еді. Өкінішке орай, бізді өзгелер қызықтырмайды, бауырым деп қарамайды."Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" демекші спортпен айналысып, жүгіріп не диета үстап жүрсе қолдаудың орнына екінші рет жасамайтындай біртүрлі жағдайға қалдырамыз. Осы қателікті жою керек менімше.
Үшіншіден, "диван"   заманы. Біздің халықта ерте тұрып сыртқа шығып жүгіріп, таңғы ас дайындап, кітап оқып, таңғы уақытты пайдалы етіп өткізетін жандар санаулы. Бізде таң 8-де басталады. Одан кейін жұмысқа асығу, жұмыстан кейін үйге асығу... Осылайша бір тізбек айнала береді. Бұл да біздің үлкен минусымыздың бірі. Біздің осы 3 бұрыс әрекетімізді дұрыстасақ салауатты өмір салтын ұстанатын халық болар едік. Біздің де спортқа, дұрыс тамақтануға, relax-қа махаббатымыз оянатын еді.

Шопенгаузердің "Дені сау кедей - ауру корольден бақытты" деген сөзі бар. Бұл сөзге толықтай келісемін. Себебі, саулық - ақшамен өлшенбейтін бағалы құндылық. Бұл өмір сынақ болғаннан кейін адам басына неше түрлі сынақ келеді. Соның бірі денсаулығымен сынауы мүмкін. Ауырып не болмаса бір мүшесінен айырылған жандарды алайық. Ол адамдар салауатты өмір салтын ұстанудан алдыңғы қатарға шығады. Неге? Себебі, олар өмірді, өмір сүруді жақсы көреді. Өмірді сүйгенің өзіңді сүйгенің. Әрбір сәттен, әрбір қадамнан ләззәт алып, бақытты күн кешу дегенді білдіреді. Мүмкіндігім шектеулі деп ойламайды, керісінше келгенше спортпен айналысып, өзін жан-жақты дамытып, алдына мақсат қойып, талпыныспен бір шыңға жетеді. Міне нағыз мотивация, міне нағыз өмірге деген махаббат. Яғни, адамның қай жаста болса да, қандай жағдайда болса да, ең бірінші байлығы ол денінің саулығы. Адамның ғұмырлы болуының да бір сыры осында жатқан жоқ па? Кішкентайынан салауатты өмір салтын ұстанып, қажет емес дүниеден алыстап, спортпен айналысып, ағзасын сақтай отыра ұзақ өмір сүреді. Себебі, бұл өмір - оған берілген сый екенін түсінеді және әр арайлап атқан таң - оған берілген тағы бір үлкен мүмкіндік.

Горацийдің "сау кезіңде жүгірмесең, ауырған кезіңде жүгіруге тура келеді" деген керемет сөзі бар. Бұл айтылғанмен толық қосыламын. Қолда барда алтынның қадірін әркім түсіне бермейді. Дені сау кезінде денсаулығын қадағалап, салауатты өмір үшін жүгіріп, талпынбаса, ауырғанда жүгіруге тура келеді. Қолың байланады, көп дүниеге жете алмайсың, бұл күйден қалай құтылсам екен деп шаршайсың... сол үшін де ертең шаршамас үшін бүгін шаршауың өзің үшін ақталады. Сократ: "денсаулық - бәрі емес, бірақ бәрі денсаулықсыз ештеңе емес" дейді. Ес білгелі өмір сүру үшін қаржы қажет деп ойлаймыз. Өміріміздің барлығын осы жолда жоспарлаймыз, яғни қаржы қалай тапсам деген оймен жүреміз. Дәл осы ниетпен қалай ғұмырымыздың зулап өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. Қамшының сабындай ғұмырда ненің басты рөлде екенін түсінбей кетеміз. Соңында сол қаржы табу жолында денсаулығымызды құртамыз, кейін сол ақшамен денсаулығымызды дұрыстауға ұмтыламыз. Дәл осы бумеранг қанша миллион адамда қайталанып жатыр. Нәтижесінде өмірдегі басты құндылықтың көлеңкеленуі орын алады.

Сөзімді неміс ақыны Леопольд Шефердің: "Әдемілік  - азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі" деген сөзбен аяқтағым келіп тұр. Сұлулық - адамның сыртқы сәндеп қойған келбеті ғана емес, жүріс-тұрысы, дұрыс тамақтануы, қимыл-қозғалысы, дамуы, өзін шыңдауы, жетілуі, бәрі кіреді. Сол үшін де әр күнімізді шынығумен өткізіп, денсаулықтың қадірін білер салауатты тұлғалар атанайық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated