Әлемді жайлаған пандемияға қарамастан «Заңмедиа» корпорациясы биыл үшінші жыл қатарынан детективті шығармалар байқауын өткізуде. Биыл байқауға белгілі меценат Бағдат Мәнізоров демеушілік жасап, «Заң» және «Юридическая» газеттерінің оқырмандары шытырман оқиғаға толы, байқау қоржынына келіп түскен үш жүздей шығарманы қызыға оқыды. Детективтің атасы Кемел Тоқаев атындағы бұл байқаудың жыл өткен сайын жүлде қоры да, байқау қоржынына келіп түсетін шығармалардың сапасы да артып келеді.
Байқау мәресіне жетіп, Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының бас жүлдесін Нұрбол Әлдібаевтың «Құдықтағы мәйіт» деген шығармасы иемденіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады.
Бірінші орынға екі шығарма лайық деп танылды. Серік Әбікеннің «Сөнген шырақ» пен Ерлан Калиевтің «Овична без выделки» әңгімелері 500 мың теңгеден иеленді.
Қанағат Әбілқайырдың «Ескі құдығы» мен Нұршат Өтеулиеваның «Жазықсыз жазықтысы» 2-орынмен 200 мың теңгеден алса,3-орынға үш шығарма лайықты болып, Алма Түсіпбекованың «Тозақ оты», Роман Сакненің «Сбежавшее счастье», Темірлан Есеркептің «Үміт пен үкім» әңгімелері 100 мың теңгеден алды.
Сондай-ақ қосымша бес шығарма ынталандыру мақсатында 50 мың теңгеден бөлісті.
Олар Мұрат Мұқаш «Себепсіз нәрсе болмайды», Айжан Қабдыр «Роковая ошибка киллера», Берік Керуенбаев «Жайқалған жауқазын», Дәнеш Асқарбекұлы «Дос пен қастың арасы», Тотай Ерімбетов «Қызыл кірпіштің құпиясы» шығармалары. Жүлде алған шығармаларды «Заңмедиа» корпорациясының Zanmedia.kz сайтынан оқып таныса аласыздар.