«Бұл да бір мемлекеттің бізге жасаған мүмкіндігі ғой» де ол. Алғаш рет мемлекетке іштей риза болды. Бұған дейін мемлекетті қисынды һәм қисынсыз сынай беретіндердің қатарынан болғанына өкініп қалды. Қолындағы ауруханадан кезекті күткен сәтте алған қағазға бір үңілді. Онда «мемлекет балалар мен студенттерге медициналық сақтандыруды төлеп отырады» деп жазылған екен. Серік бұл жаңалықты оқып бір серпіліп қалды. Енді ол барынша қызығушылықпен денсаулық саласына қатысты, салауатты өмір салтын ұстану жайындағы ақпараттарды іздей бастады. Есіне ауылдағы қарт атасының айтқан мына бір мысалы түсті:

Бірде қатты ауырған адам емшіге келіпті.

Өліп барамын, ішім шыдатпай ауырып барады. Құтқар мені емші, құтқар. Жалынамын,- депті.

Емші оған қарап тұрып, «не жедің?» деп сұрапты.

— Менің наубайханам бар. Нан пісіремін. Екі күн бұрын бір пешке салынған наным толық жанып кетті. Қап-қара болып күйгендердің арасынан, қатты күймегендерін тастауға қимай, жеп жатырмын.

Сонда емші жанында тұрған шәкіртіне:

— Мынаған көзіне тамызатын дәрі беріңдер. Күніне үш мәрте көзіне тамызсын.

Наубайханашы емшіге:

— Сенің есің дұрыс па? Менің көзім жақсы көреді, ішім ауырып барады, ішім деймін - деп ашуға булығыпты.

— Жоқ! Сен соқырсың, соқыр болмасаң күйген нанды жемейтін едің. Адамдар соқыр болғандықтан денсаулықтарына зиян келтіріп жатыр, ең жаманы сананың соқырлығы деген екен емші.

Осы күннен бастап Серік өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын болды. Ол әр дәрігердің жұмысына құрметпен, мемлекеттік бағдарламаларға сеніммен үңілуді бастады. Оның көзқарасы түбегейлі өзгерді.   Расымен неге біз Серік сияқты ауырған сәтте барды бағалап, өз өмірімізге осыншалықты жауапкершіліксіз қарайтын халге жеттік. Тірісінде өлместей, сау сәтінде ауырмастай күн кешетін өзімшіл пенде атты жаратылыстың «денсаулық» атты байлығын бағалауында қиындықтар бар екені жасырын емес. Оның емін шарап ішіп, шам жағып Гиппократ та, шырын ішіп, шарқ ұрып Ибн Сина да іздепті. Тауыпты. Келешек ұрпаққа: уақытымен тамақтан, артық ішпе, көп серуенде, күл, өмірге жымия қара, дәрігерді сыйла, жаныңды жадырат, тәніңді күт деп кеңес қалдырыпты. Бірақ, ол кеңесті керек қылған адам азайып кетті. Өкініштісі сол.

Жалпы жан мен тәннің саулығы әр адамның ең бағалы байлығы екені хақ. Сол себепті де «ауру патшадан сау кедей бақытты» деп бекер айтпайды. Енді өзіміздің өмірімізге үңіліп көрейікші. Осыны оқып отырған мына сіз, жазып отырған мына мен, қаншалықты денсаулықты аялап жүрміз?! Қаншалықты сол денсаулықтың сақшысы бола білген дәрігерлерді құрметтеп, сыйлаудамыз?!

Қазақстандық қоғамның бір кемшіл тұсы ауруы батпандап кіріп, мысқылдап шыққанша жүре беруінде. Бұл тәннің ауруы мен жанның науқастануына әкелетін жол.

Күнделікті өмірде біз ақ халатты абзал жандарға қатысты түрлі пікірлер естиміз. Бірі жедел жәрдемнің кешіккенін айтып, денсаулық саласына тас атады, енді бірі дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіреді, тағы бірі олардың жалақысы көп деп сөгеді. Алайда мұның басым көпшілігі тек адамның алғыс айта білмеуінен туындаған жайт.

Неге біз егер жедел жәрдем болмаса, онда мыңдаған адам қысылтаяң сәтте үйінде, не жол апатынан кейін, яки басқа жағдайда қаза табарын ойламаймыз. Неге біздер күні-түні, аптасына 7 күн, 24 сағат бойы дамылсыз қызмет ететін дәрігерлер болмаса, ауруына ем, дертіне шипа іздегендердің барлығы, о дүниелік боларын ойламаймыз. Жалпы біз барды бағалап үйренсек қана, өзге жоқтығымыз жамаларын түсінуіміз керек.

Мысалы дәрігер деген қасиетті мамандық бар. Расымен қасиетті. Өйткені ол біреуді ажалдан құтқару арқылы отбасына қуаныш сыйлайды. Інжілде «кім бір адамның өмірін құтқарса, сол күллі әлемді құтқарғаны» деген сөз бар. Дәрігерлер күн сайын әлемді құтқарып жатқанын түсіну үшін үлкен өренің қажеттілігі шамалы. Бар болғаны ақ жаулықты анаңыз сырқаттанып қалған сәтте кім емдеді? Асқар тау әкеңіз, жаннан тәтті балаңыз, сырлас досыңыз, сүйікт жарыңыз ауырған сәтте кім аман алып қалды? Әрине дәрігер. Ендеше сіз жақындарыңыздың амандығына кімге алғыс айтасыз. Жаратушы мен дәрігерге. Шынайы, риясыз, бар көңілмен алғыс айтасыз.

Ал дәрігер өзінің ауыр да қиын қызметін атқара бермек. Он жылға жуық білім алу оңай емес. Артынша адам өмірін сақтау жолындағы ұзақ жол басталып кетеді. Әр адамға жасалған ота, дәрігерді ар мен ұят алдында сынаққа салар сын сағаты. Өйткені бір қателік және науқас адамның өмірі бұл әлемнен ажырап қалмақ. Саперлер бомбаны залалсыздандыру сәтінде қалай қобалжыса, дәрігерлер ота сәтінде де дәл сондай күй кешеді. Соған қарамастан өзін сабырлы ұстап, ажалдың қолынан науқасты жұлып алып, отбасымен қауыштырады. Өйткені әрбір дәрігер Грегори Дэвид Робертс айтқандай сұңқардың жанарына, арудың қолына, жыланның даналығына, арыстанның жүрегіне ие. Бұл құрметке лайық іс. Сонымен бірге статистика бойынша дәрігерлер ең аз отбасын құратын жандар екен. Неге? Өйткені уақыт жоқ. Өз уақытын өзгенің өмірін сақтауға арнаған жанға бас имеске шарамыз жоқ. Осы сәтте «Одали өмірі» атты фильмдегі «дәрігердің уақыты мен жеке өмірі жоқ, бірақ мыңдаған жанның алғысы бар» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Қорыта айтқанда дәрігерді сыйлау, құрметтеу өз өміріңізді сыйлау деген сөз. Еліміздегі 22 8 мың дәрігердің әрқайсысы нағыз тұлғалар. Олар миллиондаған қазақстандықты аман алып, ажалмен күнде шайқас жүргізетін батырлар. Соны есте ұстау маңызды.

Касенғалиев Асхат

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated