Олжабек Жансая Ғалымжанқызы

Жақында Geoba.se ұсынған қызық статистиканы көзім шалды. Онда ағымдағы 2019 жыл бойынша әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы  – 70,4  жас болса, Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы – 66,52 жас болған. Сәйкесінше, Жапония мен еуропалық көптеген мемлекеттерде бұл көрсеткіш 80 жастан асып жығылады. Бұл ақпараттың нақтылығын тексеру мақсатында басқа да агенттіктердің соңғы 3-4 жылдықтағы зерттеулерін қарап шықтым. Барлығында статистика шамамен бірдей. Соның ішінде Жапония әр жылы көш бастап келеді екен. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының орташа өмір сүру ұзақтығы туралы дерегін таба алмадым, өкінішке орай. Дегенмен, бұл ұйымның «адам денсаулығының 10% — дәрігерлік көмектен, 15% — тұқым қуалаушылықтан, 25% — қоршаған ортадан, ал 50% — адамның өзіне, өмір сүру қалпына байланысты» деген есебін тауып алдым.

Жоғарыда айтылғанның бәрі қалыптасқан жағдай, яғни status quo. Мұндағы маңызды фактор - өмір сүру ұзақтығының индексі(деңгейі) кез-келген мемлекеттің әлеуметтік-демографиялық дамуының негізгі көрсеткіші болып табылады. Жер көлемі бойынша 9- орын алғанымен 17 миллион ғана халқы бар біз сияқты мемлекет үшін бұл өте нашар көрсеткіш. БҰҰ жыл сайын орташа өмір сүру ұзақтығы деңгейіне байланысты рейтинг құрастырып отырады екен. Дегенмен, бұл рейтинг статистикалық мәліметтерді мемлекеттердің растағанын күтуіне байланысты уақытылы жарияланбайды. БҰҰ ұсынған 2017 жылғы рейтинг бойынша(2018 жылы заңды түрде жарық көрген) Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 70.0 жас болып, 191 мемлекеттің ішінен 127 – орынға тұрақтаған.  Ал, Гонконгтіктерден кейін екінші орынға тұрақтаған Жапониялықтар 83,9 жасты құраған. Жалпы, «өмір сүру ұзақтығының өсуі экономикалық дамудың; ғылыми прогрестің (ең алдымен медицина саласында); халықтың гигиеналық мәдениетінің және жалпы білім беру деңгейінің өсуінің көрсеткіші» делінген БҰҰ парақшасында.

Көптеген мемлекеттердің ішінен неге бізді дәл жапондықтармен салыстырадың деген заңды сұраққа жауап берейін. Кез-келген азамат жапондықтардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы балықтар мен шаяндармен қоректенетінінде деп жауап берер еді. Дегенмен, зерттеушілердің айтуынша олардың ұзақ өмірінің құпиясы  теңіздегі тіршілік иелерін азық ретінде пайдалануы емес. Олардың салауатты өмір салтына ұлт ретінде бейім екендігінен дейді. Өз сөзімде айтып өткендей, адамның өмір сүру ұзақтығы 50% тікелей өзінен болады. «Тек, тектілік» деген ұғымның киесін сонау заманда біліп, жеті атадан асып қана қыз алысқан қазақтар салауатты өмір салтын да жапон халқынан артық білмесе кем білген емес. Ықылым заманнан-ақ біздегі дәстүрлі медицинаның мықты болуы өз кезегінде халықтың таза болып қалыптасуына тікелей әсер етті. Сыртқы тазалық былай тұрсын, қандағы тазалығымыздың өзі «ұлттық гигиенамызды» айқындап тұрғандай.

Қазақ қозғалыстың да қадірін білген. Салауатты өмір салтының негізі ретінде қарастыратын спорт түрлері де қазақпен қатар дамыды. Өткенге көз жүгіртсек, аударыспақ, күрес, бәйге мен көкпар шаппаған қазақ баласы кемде-кем болған. Спортқа байланысты адамда пәлсапалық ой да туындамайды ғой. Себебі, спорт ол сенің әдемі қартаю және ұзақ өмір сүру деген секілді жеке мотивіңнен тұрады. Бүгінде жастарға қарап оларда мұндай мотивтің болмағаны ма деп таң қаласың. Таңғы алтыда далада жүгіріп, жаттығу жасап жүрген жастар саусақпен санарлық. Ал, негізінде бәрі тамсанатын «Forbes»-тің ең бай-бақуаттылары жиналған тізіміндегілердің айтатын кеңесі таңертең ерте тұру, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу. Кейде жастарға спорт дұрыс насихатталмайды ма осы деп ойлаймын. Көпшілікте спортпен айналыссаң, спортсмен болып, чемпион болып кету керексің деген дұрыс емес пікір қалыптасқан. Спортты күнделікті күйбең өмірдің бір бөлшегі ретінде мүлде қарастырмайды. Мұндай бұрыс стереотиптерді жою үшін бәлкім барлық жерде спортты тықпалау керек те шығар. Мысалы, адам санасына тікелей әсер ететін кітаптар мен кино екені мәлім. Сәйкесінше, кітап пен кино кейіпкерлерінің өмірінде  күнделікті спортпен айналысу, таңертеңгі жүгіру қалыпты нәрсе екенін көрсетсе, оқырман мен көрерменнің сондай ойға қалатыны сөзсіз. Соңғы жылдары жастар арасында кітап оқудың өзі трендке айналып кеткені рас. Біздің ата-анамыздың буынында ондай нәрсені байқай алмайсың. Бәлкім, спортты да жабылып солай трендке айналдыру керек.

Бүгінде бізде ұлттық идеологияның болмауының салдарынан болса керек, денсаулығымыздан кінәрат табылып қалса нашар экология мен зауыттардан көреміз. 50-ден асқан адамның аурушаң болуын да қалыпты жағдай санаймыз. Шындығында, жас кезінде зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір сүріп үйренген адамның 80 жасында да ағзасы 20 жасар болып тұратыны хақ. Салауаттылық деп өз кезегінде жанның саулығына да мән беруді айтамыз. Адам ағзасы тамақты қаншалықты қажет етсе, рухани дамуды да соншалықты қажет етеді.Себебі, мәдениет атты ұғым адаммен бірге пайда болған, адаммен бірге өледі де. Жанының тыныш табуының арқасында ғана адам өмірдегі өзіндік рөлін тауып, мәнін біле алады. Тек содан кейін ғана жоғарыда айтылған өмір сүруге деген мотиві анықталып, тән саулығына көшеді.  Ал, «Рухани жаңғыру– адам санасының ашықтығы» деген секілді ұрандардың мектептегі шығармалардың тақырыбы болып қалып кетуінен барынша сақтану керек.

Қазіргі жастардың толеранттылыққа артық беріліп кеткені сол, бір-бірімізге кеңес айтып, жақсылыққа шақыру деген қасиеттерден кенде болып қалғандаймыз. Біреудің темекі шеккенін көрсең, таза ауамен тыныстаудың орнына телефонға телмірумен ғана отыратын байқасаң, кітап пен театрдан екі метр аулақ жүретінін білсең  «өз өмірі ғой»  дегенге салынбай оның зияны туралы айта беріп, ойын өзгертуге әрекет етуге көшу керек . Қазіргі зиялы қауым өкілдері айтып қоймайтын ортақ идеологияны қалыптастыру енді тек жастардың қолында. Әр адамның жеке мотиві ұлт үшін де қызмет етуі керек. Ортақ идеология ел саулығына да жауап бреді. Дархан далада еркін өскен қазақ баласының өзгелерден әлдеқайда аз өмір сүруі өзіміздің кінәміз. Қандай мықты халық екенімізді ғылым мен білімде де, мәдениетте де, ұзақ өмір сүру бойынша статистикада да дәледейтін кез жетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated