Фото ©Турар Казангапов

Сондай-ақ, соғыс қатерінен ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болғандар (prima facie) да босқын ретінде БҰҰ-ның қамқорлығына енеді. Өкінішке орай, соғыс жағдайындағы елдердегі «ішкі босқындар» көптеген факторларға байланысты төтенше апаттарға (пандемия, эпидемия т.б.) өз күшімен тойтарыс бере алмайды. Осындай «әлсіз» босқындар тобының бірі - Сирияның деэскалация аймағына шоғырланған босқындар болып саналады.

Үшбу мақаламызда, Сирияның деэскалация аймағындағы миллиондаған босқынның трагедиялық ахуалына тоқталып, олардың БҰҰ мен «Астана процесі» платформасының шұғыл араласуынсыз «COVID-19» пандемиясына тойтарыс бере алмайтындығына назар аудармақпыз.

«Астана процесінің» миссиясы – миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалу: 

Деэскалация аймағындағы босқындар мәселесі «Астана процесінің» негізгі күнтәртібінің бірі ретінде қаралып, кепілгер елдердің (Ресей, Иран, Түркия) қатысуымен оңтайлы шешілуі көзделген (мәжбүрлі түрде қоныс аударған босқындардың қауіпсіз түрде кері қоныстануы, қауіпсіз ішкі қозғалысын қамтамасыз ету, оларға гуманитарлық, әлеуметтік, медициналық т.б. қолдау көрсетілуін жүзіге асыру).  Басқаша айтқанда, «Астана процесінің» миссиясы – саяси дипломатия арқылы миллиондаған адамдардың тағдырына араша түсіп, олардың өмірін (ең басты құндылық ретінде) сақтап қалу.

Десек те, тұтастай алғанда Сириядағы шиеленіскен дағдарыстың түйіні һәм соңғы шебі саналатын Идлиптегі күрделі гео-саяси ахуал, көп жағдайда, «Астана процесі» келісімдерінің толықтай орындалуына кедергі ғана келтірмей, сонымен қатар босқындар мәселесінің күрделене түсуіне себеп болуда. Яғни, деэскалация аймағындағы әр жаңа қарулы қақтығыс босқындар мәселесін одан әрі өршіте түсумен қатар, бейбіт тұрғындардың өміріне де қауіп төндіруде.

Бүгінде пандемия қауіпінің арта түсуі БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардың босқындардың тағдырына қатысты алаңдаушылықтарын арттырып, мәселенің шешімі үшін жаңаша формат қарастыруға мәжбүрлеп отыр.

Осы тенденцияға орай мақаламызда деэскалация аймағындағы босқындар мәселесіне қатысты БҰҰ-ның соңғы ақпараттарын жаңғырта отырып, кей өзекте мәселелерге шолу жасауды жөн көрдік.

Сириядағы (деэскалация аймағындағы) босқындардың мүшкіл ахуалы:

БҰҰ-ның Гуманитарлық көмек қызметін үйлестіру офисінің (OCHA) босқындарға қатысты ресми мәліметіне сәйкес, тоғыз жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыстың салдарынан Сирия халқының (2011 жылғы санақ бойынша 21 миллионнан астам) жартысанан көбі, яғни, 11.7 миллион адам (көбі әйелдер мен сәбилер) бүгінде босқынға айналған. Бұлардың 6.1 миллионы (2.8 миллионы сәби) ел ішінде бір жерден екінші жерге ерікіз көшуге мәжбүр болған, ал 5.6 миллионы шетелдерге қашқан.

Биыл оныншы жылға аяқ басқан толассыз соғыс қазірге дейін ең кемі 500 000 адамның жанын жалмаған. БҰҰ ресми мәліметі бойынша, тек 2019 жылдың мамыр айынан - 2020 жылдың наурыз айына дейінгі қақтығыстардың салдарынан 1700-ден астам бейбіт тұрғын қаза болған.

Деэскалация аймағы болып саналатын Идлипте Асад билігі мен прокси күштерінің жасаған шабуылдары салдарынан шамамен 2000 адам өліп, 2 миллионға жуық адам басқа аудандарға көшуге мәжбүр болған.

Деэскалация аймағындағы гуманитарлық ахуал апатты жағдайда. Қазіргі кезде, жалпы Сирия бойынша 13.1 миллионға жуық адам, оның ішінде 4.8 миллион сәби шұғыл гуманитарлық көмекке зәру. Ал бұлардың 8 миллионы қауіпсіз жағдайда азық-түлікке қол жектізе алмайды. Ал 5.6 милионы ауру немесе аштықпен күресуде.

Қазірге дейін Сириядан Жерорта теңізі арқылы ЕО елдеріне көшпекке бел буған 18 000 адам суға батып өлген немесе із-түссіз жоғалған.

Медициналық қызмет күйреп тұр:

Сирия бойынша медициналық мекемелердің 64 пайызы ғана толық қызмет көрсете алады. Ал, медицина мамандарының 70 пайызы шетелде жан сауғалауда.

ДДСҰ-ның мәліметтеріне сәйкес 2016-2019 жылдар аралығында солтүстік-батыстағы аудандарда қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 494 рет шабуыл жасалып, салдарынанн 470 адам қаза болған. Тек соңғы үш айда аймақтағы медициналық мекемелерге жасалған 9 шабуылдың салдыранан 10 адам қаза болып, 35 адам жарақат алған.

БҰҰ адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің мәлімдемесі бойынша, Идлиб пен Алеппода 2020 жылдың қаңтар айынан бері медицина мекемелірне 10 рет, білім беру орталықтарына 19 рет тікелей соққы жасалған.

Осыған орай ДДСҰ «Халықаралық құқық бойынша медициналық мекемелерге оқ атуға қатаң тыйым салынған. Бірақ, бұл заң өрескел бұзылып отыр» деп дабыл қағуда.

UNICEF соғыс салдарынан сәби өлімінің өршіп тұрғандығына, орташа статистика бойынша әр он сағат сайын бір сәби өмірінің қиылатындығына назар аударуда. Бүгінге дейін қарулы қақтығыс пен бомбалаудың салдарынан 9000 сәбидің өмірі қиылған.

Бүгінде сексен пайызы қирап, инфраструктурасы түгелдей дерлік істен шыққан Идлиптің тұрғын саны (соғысқа дейінгі 1.5 миллион болған) 3.5 миллионнан асқан.

Бейбіт тұғындардың, әйелдер мен сәбилердің өмірін сақтап қалу, оларға медицианлық, әлеуметтік қолдау көрсету, босқындардың гуманитарлық мүшкіл ахуалын реттеу тұғысынан 5 наурызда Мәскеуде өткен Ердоған мен Путиннің арасындағы уағдаластық осы себепті аса маңызды.

Сондықтан да БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «ұзақ мерзімді оқ атпауды қамтамасыз ету үшін орыс-түрік келесімі Идлипте сақталуы керек» деп үндеу жариялап, Сирияда адам құқықтарының өрескел тапталып жатқанына, гуманитралық дағдарыстың өршіп тұрғанына, Сирия тұрғындарының жартысынан көбінің босқынға айналғанына назар аударуының мәні осында.

Түркия мен БҰҰ-ның босқындарға қамқорлығы:

Түркия ІІМ-нің 05.03.2020 жылғы мәліметіне сәйкес, түрік тарабы қазіргі кезге дейін 3589289 сириялықты босқын ретінде қабылдап, өз қамқорлығына(уақытша) алған. Бірақ, ішкі және сыртқы факторларға байланысты 2019 жылдан бастап бұдан артық босқындарды қабылдай алмайтындығын жариялаған.

Әрине, мұның соғыс қауіпінен Түркияға қарай қашып, шекара аймағында шоғырланған босқындардың нөпірін азайтпайтындығы және мәселені түбегейлі күнтәртібінен түсірмейтіндігі анық. Сондықтан да Анкара, біріншіден, өз шекарасына қарай ағылып жатқан босқындардың легін (1.8 миллион) тоқтатып, екінші жағынан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұтымды шешім ретінде Идлиппен шекаралас аудандарға шағын (брикеттік) үйлерден тұратын лагерлер тұрғыза бастайды. Ал 2020 жылдан бастап алғашқы босқындарды қоныстандырады. Анкараның бұл жаңа жобасы бойынша биылдың өзінде 20 000 брикеттік үйлерді қолданысқа беру, босқындарға гуманитарлық, әлеуметтік көмек көрсету көзделген.

Түркия СІМ-нің мәліметінше, былтырдан бері 5.5 миллион адамға тікелей және жанама көмек көрсетілген, аймаққа 40 000-нан аса жүк көлігмен гуманитарлық көмек жөнелтілген және сириялық босқындарға көмек көрсету мақсатында 40 миллиард АҚШ доллары жұмсалған.

Ал БҰҰ-ның мәліметтеріне сәйкес, ұйым қазірге дейін 18305 гуманитарлық жүк көлігін жөнелтіп, 6 миллионға жуық адамға гуманитарлық, 1.4 миллион адамға азық-түліктік, 500 000 адамға медициналық, 230 000 адамға өзге де көмек түрлерін көрсеткен. Бірақ!

 COVID-19: Босқындардың тағыдыры қыл үстінде!

БҰҰ секілді халықаралық ұйымдар мен Түркия секілді елдер босқындарға қаншалықты гуманитарлық көмек көрсетіп, бірқатар акциялар ұйымдастырса да, бұл Сириядағы трагедияның ауқымы мен зардабының, адами трагедияның орынын толтыра алмайды.  Гуманитарлық көмекпен Сириядағы мәселені түгелдей шешу де мүмкін емес. Оның үстіне деэскалация аймағындағы провакациялар мен қақығыстар, яғни, «Астана процесінің» оқ атпау туралы келісімдерінің өрескел бұзылуы аймаққа гуманитарлық көмек көрсету тораптарының жиі істен шығуына себеп болуда. Ал бұл өз кезегінде босқындардың ахуалының нашарлауына әкеп соқтырады.

Босқындарға қатысты ахуалды, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сөзімен айтар болсақ: аймақтағы  гуманитралық дағдарыс апатты жағдайда тұр!

Бүгінде, өкінішке орай, соғыс салдарынан әбден титыққан, медициналық, гуманитарлық қолдауға зәру миллиондаған босқындар мен бейбіт тұрғындарға, оның ішінде әсіресе әйелдер мен сәбилерге, қарттарға «COVID-19» пандемиясы зор қауіп төндіріп тұр.

Аймақтағы соғыс және төтенше жағдаймен қатар босқындар лагерлеріндегі тығыздық, азық-түліктің тапшылығы, санитарлық-медициналық жағдайдың нашарлығы секілді факторлар пандемия апатының қауіпін өршіте түсуде. Бұл, миллиондаған шарасыз босқындардың дәл қазіргі кезде, өкінішке орай, аса ірі апаттың табалдырығында тұр деген сөз!

Ұсыныс (Қорытындының орынына):

Қазақстанның бастамасы болып табылатын «Астана процесінің» бүгінде беделді халықаралық платформа ретінде, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «COVID-19 пандемиясымен күрес үшін барлық соғыстарды доғару» туралы үндеуі мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастама жөніндегі ұстанымын негізге ала отырып, ықтималды трагедияны болдырмас үшін шұғыл түрде тиісті шешім қабылдап, нақты ұтымды шаралар атқаратынына сеніміміз зор.

Бұл миссияның Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасымен де толық үйлесетіндігі үмітімізді қуаттай түсуде.

 

Нұрғали Жүсіпбай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated