Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Алматыда БАҚ өкілдерімен өтіп жатқан брифингіде АЭС салу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Aqnews.kz агенттігі.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы АЭС салу қажет болған жағдайда қазақстандықтардың көпшілігінің пікірін білу керектігі туралы бастама көтеріп, тапсырма берді. Бұл жұмыс Референдум туралы конституциялық заң аясында жүріп жатыр. Біз Энергетика министрлігі тарапынан осы жүргізіліп жатқан жұмысқа қажетті сарапшылық қолдау көрсетіп отырмыз. Мен бұған дейін де вендерлердің (АЭС технологиясы мен құрылысын ұсынатын компаниялар — ред) өтінімін әзірге қарамайтынымызды хабарлағанмын. Қазір олармен тек консультация ғана жүргіземіз. Әзірге технологияны таңдап жатқан жоқпыз. Яғни, бізге референдумның қорытындысын білу өте маңызды», — деді министр.
Сондай-ақ, ол референдум қорытындысы белгілі болғанға дейін оқиғаның алдына түсіп, асықтырудың мәні жоқ екенін айтты.
«Өйткені қазір басты мәселе — қазақстандықтар арасында атом энергетикасының біз үшін қаншалық маңызды екенін, соның арқасында ашылатын мүмкіндіктерді — жұмыс орындары ашылып, инженерия, жоғары білім мен орта техникалық білімнің дамитынын түсіндіру болып тұр. Жоғары дәлдікті құрылғы құрастыру саласы тіпті тұтас индустрияны дамытудың жаңа драйверіне айналуы мүмкін», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ақпарат Kazinform сайтынан алынды