Парижге баратын соңғы мүмкіндік: балуандар Ыстамбұлдағы іріктеу сынына қатысады

9 мамыр күні Ыстамбұлда (Түркия) күрес түрлерінен әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Парижге жолдама беретін соңғы жарыста 54 олимпиада квотасы сарапқа салынады. Балуандарымыз жазғы ойындарға толық құраммен баруы үшін 11 жолдамаға қол жеткізуі керек, деп хабарлайды Aqnews.kz.

Қазіргі таңда біздің команда еншісінде жалпы есебі жеті жолдама бар. Оның төртеуін грек-рим күресінің өкілдері иеленсе, үшеуі – еркін күрес шеберлерінде. Ал әйелдер екі іріктеу турнирінен де құр алақан қайтты.

Айта кетейік, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында күрестің үш түрінен жалпы есебі 18 жүлде жиынтығы үлестіріледі. Бір қызығы, жазғы ойындарға біршама әлем үздіктері әлі де квота алған жоқ. Демек, Түркиядағы турнир тарысқа толы болады деген сөз.

Олимпиадаға соңғы іріктеу турниріне әлемнің 93 мемлекетінен келген 517 балуан қатысады. Олардың қатарында Қазақстан командасы да бар.

Құрлықтық іріктеу турнирінде тек финалистерге жолдама берілсе, Ыстамбұлда әр салмақ өкілдеріне үш квотадан ұстатады. Нақтылап айтар болсақ, финалға жолдама алған екі балуан мен үшінші орын алған спортшылардың ішіндегі ең үздігіне Парижге барар билет берілмек. Яғни, қола жүлдегерлер арасында өзара белдесу өткізіледі.

Жарысты "классиктер" бастайды. Грек-рим күресінің өкілдерінде 67 және 97 келіге дейінгі салмақта жолдама жоқ. Ыстамбұлда Дін-Мұхамед Қошқар (67 келі) мен Юсуф Мациев (97 келі) сынға түседі. 2022 жылы екі спортшы да 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында көзге түсіп, бірі күміс, бірі қола жүлдегер атанған.

Әлі күнге дейін әлемдік жарыстарда шыңдалып көрмеген екі балуанға да бұл бәсеке оңай болмайды. Өйткені жолдамаға таласатын спортшылар арасында әлем, Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бар.

"Ал еркін күрес шеберлері үш жолдамаға таласады. Парижге толық құраммен бару мүмкіндігіне де баға бере алмаймыз. Себебі, әлем үздіктерінің барлығы дерлік квота мәселесін шешкен жоқ. Тіпті, Олимпиаданың қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Фрэнк Чамизо да іріктеу турниріне қатысады. Еркін күресте ең беделді саналатын 74 келі салмақта Чамизо да, қазақстандық Нұрғожа Қайпанов та сынға түспек. Осы жарысқа барады деп күтілген Талғат Сырбаз жарақатына байланысты жарысты шеттеді", деп хабарлайды Olympic.kz

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated