Париж Олимпиадасында өзге елдің намысын қорғайтын қазақ спортшыларын білесіз бе

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда төрт жылда бір алауы тұтанатын байрақты бәсекеде өзге елдің атынан сынға түсетін қазақ спортшылары туралы да жаза кеткенді жөн көрдік.

Қізіргі қолымызда бар мәліметтер бойынша шетелде тұратын төрт қандасымыз Париж Олимпиадасында сынға түспек. Оның ішінде екеуі қытайда тұратын қандасымыз болса, екеуі Өзбекстан туы астында бәсекелеседі.

Биыл қытайда тұратын қандастарымыздан Париж Олимпиадасына екі бірдей спортшы жолдама жеңіп алды.

Оның бірі даңықты боксшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы боксшы – Тоқтарбек Таңатқан. Ал екіншісі еркін күрестен Азия чемпионатының, Азия ойындарының жүлдегері - Кабиран Абушайманұлы.

Тоқтарбек Танатқан
Фото: Синьхуа агентлиги

Тоқтарбек Таңатқан қытайдың қазақстар ең көп қоныстанған Алтай аймағында 1996 жылы дүниеге келген. Бала күнінен бокспен айналысып, бүгінгі таңда бокстан қытай ұлттық құрамасындағы ең үздік боксшылардың бірі.

Париж - Тоқтарбектің қатысқалы отырған екінші Олимпиадасы. Ол осыған дейін Токио Олимпиадасында да бақ сынаған болатын. Ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қытайдың төрт дүркін чемпионы. Қандасымыз 2023 жылы Азия ойындарында жеңімпаз атанып, Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын. Енді Париж Олимпиадасында 80 келі салмақта Қытай елінің намысын қорғайды.

Айта кетейік, қытайлық қазақ боксшысы Париж Олимпиадасында отандасымыз Нұрбек Оралбаймен жолы түйісіп қалуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Аталған қос боксшы 2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінің финалында жолдары түйісіп, отандасымыз жеңімпаз атанса, екінші рет Ханчжоудағы Азия ойындарында Тоқтарбек есе қайтарып, чемпиондық атақпен бірге Олимпиада жолдамасын жеңіп алған еді.

Екінші қытайлық спортшы, еркін күрес шебері Кабиран Абушайманұлы 1998 жылы Қытайдағы Тарбағатай аймағы Дөрблжін ауданында дүниеге келген. Ол – Азия чемпионатының, Азия ойындарының жүлдегері. Қандасымыз Олимпиада жолдамасын осыған дейін атап өткеніміздей, Стамбұлда (Түркия) өткен соңғы әлемдік лицензиялық турнирде жеңіп алды.

 Кабиран Абушайманұлы
Фото: Халықаралық күрес федерациясы

Енді ол Париж Олимпиадасына 97 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Ол осыған дейін Жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алса, Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген.

Осы орайда айта кетейік, Қытай құрамасы күрес түрлерінен Париж олимпиадасына жалпы 11 жолдама жеңіп алған.

Үшінші спортшымыз Өзбекстанға тарихи жолдама сыйлаған - Ақтеңге Кеунімжаева.

балуан қыз
Фото: Kazinform

Ол 1999 жылы Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласында дүниеге келген. Ақтеңге – 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионы, құрлық біріншіліктерінің жүлдегері, Азия ойындарының қола медаль иегері, Өзбекстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Ол сәуірде Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия құрлығының іріктеу турнирінде 50 келі салмақта Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Осылайша, Өзбекстан тарихында әйелдер күре¬сі¬нен жолдама иеленген алғашқы спортшы атанды.

Айта кетейік, биыл әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрмасы Олимпиадаға бірде-бір жолдама иелене алған жоқ.

Парижде бақ сынайтын төртінші қазақ спортшысы - Руслан Абдуллаев. Ол бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі. Абдуллаев 2002 жылы Өзбекстанда туған. Ол 2023 әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Азия чемпионы, ал 2021 жылы Өзбекстан чемпионы атанған. Абдуллаев наурызда Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирдің ширек финалында сербиялық Алексей Сендрикті ұтып, Олимпиада лицензиясын еншіледі. Ол Парижде 63,5 келі салмақта сынға түседі.

Руслан Абдуллаев
Фото: sports.kz

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы да, Өзбекстанның ерлер құрамасы да толық құрамда сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 80 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады, - деп хабарлайды Kazinform.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated