Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы жолдауында елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына жіті тоқталып өтті. Экономикамызды әртараптандыруға байланысты қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін белгілі бір деңгейде дәлелдеді деп ойлаймын. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Енді, осы бағыттағы қаржыландыру процесіне 1 трлн теңге бөлінетінін атап өтті. Осының есебінен, алдағы уақытта экспорттағы өңдеуші өнеркәсіп саласының үлесін бір жарым есеге арттыру көзделуде. Сонымен қатар Ұлттық қордағы мәселеге де тоқталды. Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Бұл да маңызды тапсырмалардың бірі. Өйткені, соңғы кезде Ұлттық қордан өте көп қаражат бөлініп жатыр. Мәселен, өткен жылдың өзінде 407 триллион теңге, осы жылы 3 триллион теңге бөлінді. Егер дәл осы қарқынмен жұмсала беретін болса, 2-3 жылда-ақ Ұлттық қордың түбі көрінеді. Сондықтан, бұл сала да арнайы реттелуі қажет. Және де тағы бір маңызды жайттың бірі – мемлекеттің экономикаға араласуы жоғары және экономикада мемлекеттің үлес салмағы жоғары екендігі атап өтілді. Көптеген монополиялық компаниялардың бар екені және олардың тұтынушыларға дұрыс қызмет етпейтіндігі айтылды. Осыған орай, квазимемлекеттік секторды реттеу, ол жақтағы тиімсіз компанияларды жабу немесе оларды оптимизациялау мәселесі өте маңызды. Одан кейінгі маңызды мәселе халықтың, мемлекет, бюджет қызметкерлерінің, дәрігерлер мен педагогтардың жалақысын арттыру мәселесі көтерілді. Ал жыл сайын жолдауларда жүктелген мәселелер қаншалықты шешімін табуда? Мысалы, былтырғы жүктелген тапсырмалар бойынша, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шаралар қолға алынып, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірді. Еншілес компаниялар екі есе азайып, олардың штат санын бір жарым есе қысқарды. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама да өз жемісін берді. Осы шараның арқасында миллионнан астам азамат тұрғын-үй жағдайын жақсартып, кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Осының өзі мемлекет бастап, ел қолдаған жобалардың жерде қалмайтынын көрсетеді
Мақсат Халық, экономист.