«Отбасы банк» қалай өзгереді?

Мәжілістің Жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Бүгінде қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй есебіне қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функция­ларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды «Отбасы банкке» беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады», дейді министр.

Айтуынша, «Отбасы банк» тиісті лицензиясыз-ақ банктік және басқа да операцияларды жүзеге асыра береді. Бірақ қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау, валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру, ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалып­тастыру үшін есептілік деректерін жинау, бухгалтерлік есеп мәселелері бо­йынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау сияқты қада­ғалау функциялары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, сондай-ақ Ұлттық банк еншісінде болады.

Шарлапаевтың айтуынша, қар­жы ұйымы екінші деңгейлі банктер жүйе­сінен шығарылса, демек оны депо­­зиттерге кепілдік беру жүйесінен де шы­ға­руға тура келеді. Яғни ондағы са­лым­дарға мемлекет кепілдік беруге тиіс.

Жаңа тетіктерге сәйкес, жер­гілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер (646 мың адам) «Отбасы банкке» өзгеріссіз беріледі. Осыған байланыс­ты жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.

Алайда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Отбасы банктің» екінші деңгейлі банк функциясынан ажырамайтынын айтты. Оның айтуынша, несиелік ұйымның қазіргі міндеттеріне тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж және кезекте тұрған адамдардың тізі­лімін жүргізу қосылады.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту басшысының орынбасары Олжас Қизатов банктің мәртебесін және оның тұрғын үй құрылысы жүйе­сін дамытудағы рөлін ескере отырып, агент­тік оны «өзінің реттеу пери­метрін­де» қалдыруға дайын екенін атап өтті. Шарлапаев айтып өткен банк­ке қа­тыс­ты агенттіктің қадағалау және реттеу функцияларының сақталу, сақтал­ма­уы­на қатысты пікір білдірген жоқ.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің айтуынша, енгізілгелі отырған жаңа ережелер рет­теу­ші тарапынан болатын қадағалауға қа­тысты айтарлықтай өзгеріс алып кел­мейді. «Агенттік келіскен жағдайда несие ұйымының кепілдендірілген депозит жү­йе­сінде қалуын сақтауға болады», деп жауап берді.

«Отбасы банктің» басшысы Ләззат Ибрагимованың өзі қаржы ұйымы екін­ші деңгейлі банк болып қала береді дейді.

«Тұрғын үй саясатын реформалау бөлі­гінде түзетулер қабылданған жағдайда кезекте тұрғандардың тізімі «Отбасы банктің» базасында құры­ла­тын тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығына беріледі. Бұл ретте қаржы құрылымының өзі екінші дең­гейлі банктердің міндеттерін сақтай оты­рып ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Банк функция­сы кеңейтіледі, бірақ ол банк болып қала береді. Сөйтіп, тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін жүргізеді. Қа­зақ­стан­дық­тар, бұрынғыдай, өз жи­нақ­тарына «Отбасы банктен» сыйақы және мемлекет сыйлықақысын ала отырып, депозитке қаражат жинай алады. Мәжіліс депутаттарының талабы бо­йынша банк, тіпті даму институты бола тұра Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­ті­гі, сонымен бірге Ұлттық банк қа­дағалауында қалады. Олар қаржы институтына қатысты бақылау-қадағалау құзыретін сақтайды. Демек клиенттердің барлық депозиті мемлекеттің сенімді қорғауында қала береді», дейді Л.Ибрагимова.

Банк басшысы тұрғын үймен қамта­ма­сыз ету орталықтарын құру бойын­ша да пікір білдірді. Айтуынша, азаматтар белгілі бір санаттарға жататынына қара­мас­тан есепке тұра алады.

«Әр өтінім бойынша отбасының цифрлық портреті қалыптастырылады. Онда кіріс, мүлік, актив бойынша ақпа­рат­тар жинақталады. Бұл баспанаға мұқтаж азаматтың отбасылық жағдайы туралы барлық сипаттаманы бір жерде сақтауға мүмкіндік береді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық базаға айналады. Бір терезе қағидасымен жұмыс істейді. Бұл ретте кезекке қатысушылар бойын­ша мәліметтерді өзектендіру үшін заң жоба­сында кезекте тұрғандарды тоқса­ны­на кемінде бір рет түгелдеп отыру көз­де­леді», дейді «Отбасы банк» төрағасы.

Halyk Finance аналитикалық орта­лы­ғының сарапшысы Мәдина Қаб­жаля­лованың айтуынша, «Отбасы банк» кез келген жекеменшік банк секілді реттелуге тиіс.

«Отбасы банкті» екінші деңгейлі банк­тер жүйесінен шығару банк секто­рын­дағы қаржылық тұрақтылық және әділ бәсеке мәселесіне қатысты үлкен проб­лемалар туғызады. Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асы­рудағы «Отбасы банктің» рөлі қан­ша­лықты негізделген деген сұрақтар туындайды.

Қаралып отырған заң жобасы шең­берінде бастапқыда «Отбасы банкің» екін­ші деңгейдегі банктер жүйе­сі­нен толы­ғымен шығару және оған Қазақ­стан­да ерекше құқықтық мәртебесі бар қаржы даму институтының бар­лық өкілеттіктерін беру жоспарланды. Мұндай өзгерістердің мақсаты әлеу­мет­тік осал топтар арасында тұрғын үйді әділ бөлуді қамтамасыз ету деп жария­ланды, оны іске асыруда негізгі агент «Отбасы банк» болады. Бұл оны Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің реттеуінен және қадаға­ла­уынан толығымен босатар еді. Бұл ретте «Отбасы банкі» депозиттерді қабыл­дау­ды, заңды және жеке тұлғалар­дың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді, кассалық операцияларды, банктік қарыз операцияларын, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беруді және басқа да операцияларды қоса алғанда, стандартты банктік қызметпен айналысуды жал­ғас­тырады. Алайда заң жобасы әді­лет­ті түрде дау тудырды – мұндай ше­шім­ге кейбір депутаттар қарсы бол­ды, олар банкте екінші деңгейдегі банктің барлық белгілері бар және соған сәйкес реттелуі керек деп санайды. Қазіргі уақытта «Отбасы банктің» екінші деңгейлі банк­тер жүйесінен толық немесе ішінара шы­ғарылатыны белгісіз. Ол әлі де даму институты болып құрылуы мүмкін, бірақ қадағалау мен реттеу бөлігінде ҚНРДА мен ҰБ-ның кейбір өкілеттіктері сақ­та­ла­тын сыңайлы», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай қалыптағы заңның қабылдануы екі бірдей ірі проб­лемаға әкеліп соқтыруы ықтимал.

«Біріншіден, үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес, қаржылық даму институттары кәдімгі жеке банк ұйымдары секілді толық көлемде реттелуге тиіс. «Отбасы банк» шын мәнінде банк болып қалатын және барлық банктік операцияларды жүзеге асыратын жағдайда реттеуші және қадағалаушы арбитражды құру банктік қызметтер нарығында жосықсыз бәсекелестікке әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ қаржылық тұрақтылық үшін тәуекел тудырады, өйткені «Отбасы банктің» салымшылары – жеке тұлғалары бар, олар қадағалау және реттеуші органдардан банктерге қатысты тиісті бақылау мен стандартты құралдарды талап етеді. Са­лым­шыларының болуы «Отбасы банк­ті» өзге даму институттарынан (мысалы, «Қазақстан Даму банкі» сияқты) ерекшелеп тұрады.

Екіншіден, «Отбасы банкке» ха­лық­тың әлеуметтік осал топтары үшін тұр­ғын үйді бөлу, есепке қою, есепке алу бойынша өкілеттіктер беру сұрақ тудырады. Өйткені бұл – әлеуметтік мем­ле­кеттік мекемелердің функциясы және кез келген елдің экономикасындағы даму институттарының рөліне ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар мұндай жағ­дайда жеңілдетілген несиелеу және басқа да субсидиялар беру және тұрғын үйге мұқтаждардың кезегін бір мезгілде бақылау мүдделер қақтығысын тудырады және сыбайлас жемқорлық мүм­кін­діктерін арттырады. Жалпы, даму инстиутының басты мақсаты – эко­номиканың тұрақты өсуі мен әртарап­тан­дырылуын қамтамасыз ету үшін нарықтық тетіктермен оңтайлы жүзеге асырыла алмайтын міндеттерді шешу үшін «нарықтық сәтсіздіктерді» жеңу. Алайда «Отбасы банк» нарықтық құннан төмен ставкалар бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие берумен айналысады және жиынтық ипо­те­калық займдардың 60 пайыз үле­сін иеленеді. Осылайша, керісінше на­рықтық тетіктерді ысырып, ипоте­ка­лық несие нарығындағы бәсе­ке­лес­тікті бұр­малайды», дейді сарапшы.

«Отбасы банкі» АҚ-ның орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, депутаттардың табанды қар­сы­лығының арқасында «Отбасы банкі» екінші деңгейлі банк мәртебесінен айырылмайтын болды.

«Өзгеріс – қосымша функцияның бері­ліп жатқаны. Адамдарды кезекке қою, үйлерді үлестіру сияқты әкім­дік атқарып келген жұмыстар енді банк еншісіне берілді. Бұл жерде біз бір терезе қағидасымен жұмыс істейміз. Бұрын кезекке тұрған адам әр инстан­ция­ға барып, өзінің кезекке сәйкес келетінін дәлелдейтін болса, енді бір ғана әрекетпен мұны жүзеге асырады. Тиісінше, «Отбасы банк» мемлекеттік базамен ынтымақтасудың арқасында азаматтың жеңілдетілген баспана алуға сай немесе сай емес екенін анықтайды. Яғни азаматтың табысы, қызметі бәрін банк тексеріп, саралайды. Қазір кезекте тұрған 646 мың азаматтың кезегі жоғалып кетпейді. Олардың бәрі тұрғын үй қатынастары туралы заң негізінде кезекке тұрған адамдар, бәрінің кезектері сақталады», дейді Ж.Матай.

Мәжіліс депутаты, тұрғын үй сала­сы­ның сарапшысы Дәулет Мұқаев бұған дейін әкімдіктегі кезек жемқорлықтың ордасына айналған еді дейді.

«Азаматты кезекке қою, қоймай, кімді өткізу, өткізбеу әкімдіктің құзыре­тін­де болған. Кейбір аз қамтылған от­басы­ларда сертификат алу мүмкіндігі болады. Яғни миллион-миллион жарым теңге көлеміндегі бастапқы жарнаны әкімдік сертификат ретінде беретін. Соны алу үшін адамдар өз аймағындағы органдардың есігін тоздырып жүретін. Енді сол үдеріс бір терезе қағидасына бағындырылып, қолайлы түрде іске асқалы жатыр. 640 мыңнан адам қазір кезекте тұр, ол кезекті жаңартқан кезде 400 мыңнан артық адам қалады. Себебі кезектің ішіне өмірден өтіп кеткен адамдар бар, үйі жоқ кезде кезекке тұрып кейін баспаналы болып кеткен адамдар бар, енді соның бәрі реттеліп, цифрланады. Бұдан кейін «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді», дейді депутат.

Ж.Матай енді пайда болғалы жатқан тұрғын үймен қамтамасыз ету орта­лығының да міндетін түсіндіріп өтті.

«Бұрын заң бойынша 12 категория­ның біріне сай келмесеңіз, кезекке тұра алмайсыз, демек мемлекеттен же­ңіл­детілген шартпен несие ала алмай­тын едіңіз. Енді сіз сол орталыққа келіп өті­нім берген кезіңізде, сіздің отбасы­ңыз­дың цифрлық картасы шығып тұра­ды. Сол бойынша табысыңыз аз болса, үй алуға мүмкіндігіңіз көп, тиісінше оның пайыздық ставкасы төмен болады. Ал табысы көп болса, онда кезекке өтпейді. Өйткені табысы расымен көп аза­маттар мемлекеттік жеңілдетілген шарт­қа жүгірмеуі керек», дейді банк өкілі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated