Олимпиада марапаты сатыла ма?

Telegram-арналардың бірінде ақылы олимпиада туралы тағы бір ақпарат шықты. Онда байқаудың марапаттау рәсімі ақылы түрде өтетіні, құны 25 мың теңге тұратыны айтылады. Осы ақпаратқа байланысты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

Тараған ақпаратта 25 мың теңгеге оқушының өзіне дипломдар, төсбелгілер берілетіні, оған қоса дайындаған мұғаліміне ата-анасына алғыс хат жіберілетіні жазылған. Демек, марапаттың бәрін оқушы "сатып алуы қажет".

Марапаттау рәсімі Астана қаласында жоспарланған екен. Ал төлем уақытын 15 наурызға дейін деп белгілеген.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде ауыл оқушыларына өткізілетін бірнеше олимпиада бар. 

 Ауыл мектептерінің 9-11(12)-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы;
Ауыл мектептеріне арналған "Мың бала" Ұлттық зияткерлік олимпиадасы;
IQanat Олимпиадасы.
Тізімдегі бұл олимпиадалар тегін өткізіледі екен. Ал ішінде әлеуметтік желіде тарап жүрген "Дарынды 1000 бала" атты республикалық байқау жоқ.

"Ауыл оқушылары арасындағы "Дарынды 1000 бала" олимпиадасы №514 бұйрыққа енбеген және ресми іс-шара емес екендігін хабарлаймыз. Облыстық білім басқармаларына мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы бұл компанияның одан әрі қызметіне жол бермеу үшін тиісті шараларды қолға алмақ", - деп жауап берді министрлік өкілі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated