Бүгін Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі мәресіне жетті. Сол арқылы тамыз айында өтетін жаһандық додаға баратын былғары қолғап шеберлерінің саны анықталды. Алдағы дүбірлі додада еліміздің атынан 10 боксшы сынға түседі. Олар жолдамаға қалай қол жеткізді? Алдағы мүмкіндігі қандай? Осы жөнінде таразылап, сараптап көрген Kazinform тілшісінің материалын назарларыңызға ұсынамыз.
Жүлдесіз қайтқан емес
Қазақстандық спортшылар Жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері тәуелсіз мемлекет құрамасы сапында қатысуға мүмкіндік алды. Содан бергі уақытта олар барлығы 72 медаль алып қайтты. Оның ішінде 24-і былғары қолғап шеберлерінің еншісіне тиеді. Қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль алды.
Жазғы Олимпиада ойындарында 1996 жылы Василий Жиров (81 келі) -алтын, Болат Жұмаділов (51 келі) - күміс, Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Ермахан Ибраимов (71 келі) - қола, 2000 жылы Бекзат Саттарханов (57 келі), Ермахан Ибраимов (71 келі) - алтын, Болат Жұмәділов (51 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (91 келі) - күміс. 2004 жылы Бақтияр Артаев - алтын, Серік Елеуов - күміс, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) - алтын, Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) - қола, 2012 жылы Серік Сәпиев (69 келі) - алтын, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) - күміс, Марина Вольнова (75 келі) - қола, 2016 жылы Данияр Елеусінов (69 келі) - алтын, Василий Левит (91 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) - күміс, Иван Дычко (91 келіден жоғары), Дариға Шәкімова (75 келі) - қола, 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), Сәкен Бибосынов (52 келі) - қола алып қайтты.
Сондықтан жанкүйерлер олардың айтулы аламанға қатысуына қызығушылықпен қарайды. «Еліміздің қанша боксшы Парижге барады?» деген сауал өткен жылдан бері қойылып келеді. Былтыр Қытайда өткен Жазғы Азия ойындарында небәрі екі боксшы Олимпиадаға жолдама алып үлгерді. Олардың қатарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова ғана бар. Қалған салмақта жолдама биыл өткен лицензиялық турнирлерде сарапқа салынды.
Мұхамедсабырға тәжірибе жетіспеді
Франция астанасы Париж қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталып, 11 тамыз күні мәресіне жетеді. Олимпиада бағдарламасына 32 спорт түрі енгізілген. Дүбірлі додада ерлер 51, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 келіден жоғары салмақта жүлдені сарапқа салады. Ал әйелдер арасында 50, 54, 57, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өтеді.
Сәуір айында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде қазақстандық боксшылар жолдама санын тағы бесеуге толықтырды. Ел құрамасынан мұндай мүмкіндікке Cәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі) Нұрбек Оралбай (80 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Айбек Оралбай (92) ие болды. Ал Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) бұл сында жарыс жолынан шығып қалды. Өкініштісі, әйелдер құрамасынан бұл жолы бірде-бір боксшы аталған турнирде жолдамаға қол жеткізе алған жоқ.
«Шындығын айту керек, біздің құрамада 63,5 келі салмақта нақты әлі бір көшбасшы болып тұрған боксшы жоқ. Әр халықаралық турнирде әр түрлі боксшы апарып жүрміз. Бұл салмақта Азия ойындарына барған боксшымыз мұрынын сындырып алған еді. Мұхамедсабыр Базарбайұлы Италиядағы лицензиялық турнирде жақсы жұдырықтасты. Оған тек тәжірибе жетіспей қалды. Өте асығыс қимылдар жасады, жұдырықтасқан осы екен деп бірден төбелесіп кетті. Бокс дегеніміз төбелес емес. Біз соны ұғынуымыз керек. Бокста қол-аяқпен бірге басты да істете білу керек. Ақылмен жұдырықтасу жеңіске алып келеді», - деген еді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Ұлттық құрама бапкерлері Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге баратын боксшыларды анықтау мақсатында Астана қаласында арнайы жарыс өткізді. Бұл сында ерлер құрамасында 63,5 келі салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Жандос Қарабалаев сынды бес боксшы шаршы алаңға шықты. Олардың арасынан Мұхамедсабыр үздік шығып, тағы да лицензиялық турнирге қатысуға мүмкіндік алды.
Сәуір айында Италияда болған лицензиялық турнирде әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі), ерлерде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Үш үздік үмітті ақтады
Астанада өткен арнайы жарыс нәтижесі бойынша Алуа Балқыбекованы Назым Қызайбай алмастырса, Жайна Шекербекованың орнына Ұлжан Сәрсенбек Таиландтағы турнирге қатысатын болды. Қалған үш салмақта Италиядағы турнирде сынға түскен боксшыларға сенім артылды.
Дегенмен соңғы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын ерте аяқтады.
Ал, Назым Қызайбай (50 келі) 1/4 финалға дейін словакиялық Николь Дурикова, ұлыбританиялық Саванна Стублей, Оңтүстік Кореядан келген Джухюнг Джунг, Солтүстік Корея боксшысы Канг Су Хуангты жеңіп, лицензияға қолы жетті.
Сондай-ақ Валентина Хальзова украиналық Каролина Махно, моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатар, колумбиялық Ширлейдиз Орозконы орта жолда қалдырып кетті. Осылайша бокстан ел құрамасының жолдама санын толықтырды.
Бұл турнирде Мұхамедсабыр іріктеу турнирінде филиппиндік Кристиан Питт Лорент, түркиялық Мизан Айкол, италиялық Джанлуиджи Маланганы жеңіп, ширек финалда кубалық Эрисланди Альвареске 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл салмақта Олимпиадаға бес жолдама беріледі. Төртеуіне жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері ие болса, бір жолдамаға ширек финалда сүрінген боксшылар таласатын еді. Қазақстандық боксшы бұл жолы алдымен колумбиялық Хосе Мануэль Виафараны жеңсе, одан кейін молдовалық Александру Паращивті тізе бүктіріп, Париж Олимпиадасына жолдама алды.
«Таиландтағы турнирде барлық боксшы жақсы ойын өрнегін көрсетті. Кейбірінде тәжірибе жетіспеді. Ендігі бірінде төрешілер дұрыс шешім шығармаған секілді. Бастысы, Олимпиадаға баратын боксшылар қатарын толықтыруға мүмкіндік туды. Жалпы, еліміздің былғары қолғап шеберлері әлемдік бокста жоғары бағаланады. Олимпиада төрінде де атой салған саңлақтар бар. Мен еліміздің бокстан қазіргі құрамына зор сенім артамын. Енді боксшылар Олимпиадаға тыңғылықты дайындық жүргізеді деген ойдамын. Қазақстандық боксшылар аталған дүбірлі доданың бірде-бірінен бос қайтқан емес», - дейді спорт журналисі Телжан Күдеров.
Ендігі кезекте алда үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама сапындағы боксшылар қанша жүлдеге қол жеткізе алады? Бұрынғы олқылықтардың орнын толтыра аламыз ба? Бапкерлер енді осы бағытта жұмыс жасайды деген сенімдеміз.