Оңтүстік Кореяның бірінші ханымы туралы не білеміз

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді елімізге шақырды. Бүгін ол Қазақстанға үшкүндік мемлекеттік сапармен келеді. Оңтүстік Кореяның 20-шы президентінің өмірбаяны мен мансабы туралы Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Юн Сок Ёль деген кім?
Корея Республикасының қазіргі президенті Юн Сок Ёль 1960 жылы 18 желтоқсанда Сеулде мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол 1983 жылы Сеул университетінде бакалавр дәрежесін, 1988 жылы магистр дәрежесін алды. 1991 жылы заңгер сертификатын алды. 1994 жылға дейін Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяның Сот сараптамасы және оқыту институтында біліктілігін арттырды.

1994 жылдан бастап президент лауазымына кіріскенге дейін Юн Сок Ёль прокуратура органдарында қызмет етті, тек 2002-2003 жылдары қысқа мерзімде заң фирмасында жеке тәжірибемен айналысты. 2007-2008 және 2010-2012 жылдары елдің Жоғарғы прокуратурасында қызмет атқарған. 2012-2013 жылдары Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметіне қоғамдық пікірге манипуляция жасап, елдегі президент сайлауына араласты деген айып тағылып, үлкен дау туындаған еді. Юн Сок Ёль осыған қатысты арнайы тергеу тобын басқарды. 2017 жылы Сеул орталық аудандық прокуратурасына басшылық етті. Ал 2019 жылғы шілдеде Юн Сок Ёль елдің бас прокуроры болып тағайындалды. 2021 жылғы наурызда президент сайлауына қатысу үшін қызметінен кетті.

Саяси мансабы
2021 жылғы шілдеде Юн Сок Ёль елдегі негізгі оппозициялық партия – консервативті «Халық күшіне» қосылды (бұған дейін Юн ешқандай партия мүшесі болмай, саяси тәуелсіз болған). 2021 жылдың қарашасында ол ішкі партиялық праймеризде көпшілік – 48% дауыспен жеңіске жетті.

Юнның 2022 жылғы 9 наурыздағы президенттік сайлаудағы негізгі қарсыластары билеуші ​​​​Тобуро (Барлығы бірге) Демократиялық партиясының өкілі Ли Чжэ Мён және Әділет партиясының кандидаты Сим Сан Чжон болды. IPSOS, Korea Research және Hankook Research компаниялары жүргізген сайлау алдындағы соңғы сауалнамаға сәйкес, Юн Сок Ёльдің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болды (42,1%). Респонденттердің 37,1%-ы Ли Чжэ Мёнға, 1,8%-ы Сим Сангжонға дауыс беруге дайын болды. Сонымен қатар, 3 наурызда Халық партиясының кандидаты Ан Чхоль Су (сауалнамаға қатысқандардың 7,4% қолдауына ие болған кандидат) Юнның пайдасына өз кандидатурасын алып тастады.

Отбасы. Бірінші ханым

Юн Сок Ёль 2012 жылы Ким Кон Хиге үйленді. Ол әртүрлі мәдени іс-шараларды, көрмелерді ұйымдастырумен айналысқан.

Ким Кон Хи елдің қоғамдық өміріне белсене араласады. Өткен жылы ол Сеул зағиптар мектебінде болып, 40-қа жуық оқушыны жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

2023 жылы Ким Кон Хи Хиросимада Жапония премьер-министрінің әйелі Юко Кишидамен достық кешкі ас та өткізді. Кореяның бірінші ханымы Корея мен Жапония азаматтары бір-бірімен жақындасып, тату бола алатынына сенім білдірді.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated