Салтанат Нүкенованың есімі Қостанайдағы мемориалдық қабырғаға жазылды

Салтанат Нүкенованың есімі Қостанайдағы мемориалдық қабырғаға жазылды

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі мемориалдық қабырғаға жазылды. Бұл туралы оның ағасы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында мәлім етті. 

Айтуынша, марқұмның есімі өңірдегі «Амангелді» туристік кешеніндегі мемориалдық қабырғаға орналастырылған. 

— Сапар Ысқақов негізін қалаған «Амангелді» туристік кешенінде Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орналастырылды. Бұдан бұрын Павлодардан топырақ жіберіп, оны пантеондағы мемориалға орналастырған едік. Жолдағы әр шақырым мен сағат осы сапарға тұрарлық болды. Бұл біздің Салтанат туралы жаңа әрі қымбат естелігіміз болып қалды, — деді ол. 

Осы орайда Қостанай облысының Амангелді аудандық әкімдігі баспасөз хабарламасын жариялады. 

- 2020 жылдан бастап Қостанай облысы Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні кешен аумағында пирамида, «Аль-Гамбра» кафесі, «Бразилия» қонақ үйі, Эйфель мұнарасының, Нью-Йорктегі «Бостандық мүсінінің», Мексикадағы Майя өркениетінің Чичен-Ица пирамидасының көшірмелері, балаларға арналған спорт алаңшалары және өзге де нысандар салынған.

Туристік хаб аумағында «Ұлттық жады қабырғасы» атты мемориалдық қабырға орналасқан. Онда тарихи тұлғалардың есімдері жазылған 296 ескерткіш тақта орнатылған. Аталған мемориалдық қабырға 2024 жылғы 23 мамырда монументалды өнер нысандарын орнату жөніндегі республикалық комиссиямен келісілген. Қазіргі уақытта мемориалдық қабырға жергілікті атқарушы органның балансына берілген.

Сонымен қатар, меценаттың жеке бастамасымен туристік кешен аумағындағы («Ұлттық жады қабырғасына» қатысы жоқ) жеке меншік қайырымдылық қорына тиесілі жабық нысандардың бірінде тарихи тұлғалар мен оқиғалардың атаулары жазылған бірнеше ондаған тақта орнатылған. Сол тақталардың қатарында Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта да бар, - делінген аудандық әкімдік таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 13 мамырда тек қазақстандықтарды ғана емес, көрші елдерді де елең еткізген Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі аяқталды. Судья Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министрге 24 жыл жаза кесті. Ал оның туыс інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айрылды.

 

Следите за нами