«Jastar Tolqyny»: Астанада жас полицейлер арасында жарыс өтіп жатыр
11.06.2026 20:54

«Jastar Tolqyny»: Астанада жас полицейлер арасында жарыс өтіп жатыр

Астанада ауқымды «Jastar Tolqyny» жобасы аясында құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері арасында жарыс басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сайысқа елорданың Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарайшық аудандарының намысын қорғайтын алты команда қатысып жатыр. Құрама сапына патрульдік полиция қызметкерлері, инспекторлар, тергеушілер және Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сарбаздары енген.

«Іріктеудегі басты қағидат – жастарымыздың белсенділігі. Біз полицейлердің де қарапайым адам екенін көрсеткіміз келді. Олар да қуанып, бос уақытын белсенді өткізіп, зияткерлік ойындарға қатыса алады. Бұл олардың күнделікті қарбалас әрі жауапты жұмысынан бір сәтке болса да серпіліп, қала тұрғындарымен жақындасуына жақсы мүмкіндік», – деді «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмахан.

Жарыстың алғашқы кезеңі зияткерлік куиз түрінде өтті.

Байқау кешенді сынақ ретінде ұйымдастырылғандықтан, командаларды алда тағы екі кезең күтіп тұр.
Әскери-спорттық және кәсіби кезең тактикалық-спорттық сынақтарды қамтиды. Қатысушылар тактикалық атыс дағдыларын көрсету үшін тирге барады. Сондай-ақ оларды әйгілі халықаралық Dubai Challenge / SWAT Challenge форматына ұқсас әсерлі полицейлік эстафета күтеді. Екінші кезең мамандандырылған автоХҚКО-да жүргізушілік дағдыларын бағалау емтиханымен аяқталады.

Байқаудың қорытынды үшінші кезеңі қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Әр аудан өзіне тән ерекше өнер нөмірін дайындайды – полицейлер ән айтып, би билеп, қазылар алқасын таңғалдыруға тырысады.

Байқаудың финалын бағалап, жас мамандардың өнеріне төрелік ететін беделді комиссия жасақталған. Қазылар алқасының құрамына қала мен Полиция департаментінің басшылығы өкілдері, сондай-ақ танымал медиа тұлғалар, спортшылар, блогерлер және Қазақстанның мәдениет қайраткерлері енген.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша байқаудың салтанатты жабылу рәсімі өтіп, елорданың үздік жас полицейлері марапатталады.

Теги: #Астана, #Jastar Tolqyny, #жас полицейлер


Следите за нами