«Астана-1» теміржол вокзалында былтырғы көктемгі шақырылыммен әскер қатарына алынып, қызметін аяқтаған 35 сарбазды елорда тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарбаздарды күтіп алуға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, қала мектептерінің оқушылары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, Қарулы Күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ жауынгерлердің ата-аналары жиналды. Қолдарына мемлекеттік ту ұстап, жылы лебіздерін білдірген тұрғындар сарбаздарды қошеметпен қарсы алып, оларды Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келгенімен құттықтады.
«Бүгін немерем Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге оралып жатыр. Оны отбасымызбен қуана қарсы алуға келдік. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Өткен жылы ол өз еркімен жолдастарымен бірге Отан қорғауға аттанған еді. Әскери қызмет атқарғанына өзі де дән риза. Сонымен қатар взвод командирі болып, жауапты міндеттерді атқарды. Немеремнің азаматтық парызын абыроймен өтеп келгеніне шексіз қуаныштымын», – деді сарбаздың атасы Қойшан Тоқаев.
Борышын өтеп оралған сарбаздарды қарсы алу – қоғамдағы құрмет пен қолдаудың көрінісі. Қызметін табысты аяқтаған әр сарбаздың еңбегі бағаланып, әскери қызметтің мәртебесі артады.
«2025 жылы әскерге шақырылған азаматтар биыл наурыз айынан бастап маусым айының соңына дейін үйлеріне кезең-кезеңімен оралады. Соның ішінде шекара қызметінде әскери борышын өтеген сарбаздар толық келіп болды. Қазіргі таңда Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарған жауынгерлердің алғашқы легі елге қайтып жатыр. Жалпы республика бойынша 20 мыңнан астам сарбаз туған өлкелеріне оралады. Оның ішінде 1200-ден астамы – Астана қаласының тұрғыны», – деді Астана қаласының әскерге шақыру комиссиясының мүшесі, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының мүшесі Ғани Артықов.