Жиырма алты жастағы күдікті компьютерлік клубтан табылды, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр
НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Елордада ер адам дәріханаға қарақшылық шабуыл жасады. Полиция қаскөйді "ізін суытпай" ұстады.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, түнгі 22.30-да 102 нөміріне Момышұлы даңғылындағы дәріханаға қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен. Телефон шалған әйел белгісіз біреу оны пышақпен қорқытып, кассадан 30 мың теңге алып кеткенін айтты.
Күдіктіні ұстауға полицияның жеке құрамы жұмылдырылды.
Тергеу барысында анықталғандай, түнгі ондар шамасында дәріханаға медициналық маска киген ер адам кіріп, дәрі сұраған. 23 жастағы қызметкер дәрі әкелуге кеткенде, ер адам артынан жүгіріп барып, тамағына пышақ тақап, ақша талап кеткен. Ақшаны алғаннан кейін, белгісіз бағытта ізін жасырған.
Полиция дәріхана жақтан жүгіріп өткен жігітті көрген куәгерлерді тапты. Кейін бейнебақылау камераларының көмегімен күдікті жасырынған аумақты анықтады. Компьютерлік клубтардың бірін тексеру кезінде күдіктіге ұқсас 26 жастағы жігіт ұсталды. Одан пышақ пен ақша табылған. Ер адам кінәсін мойындады.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Источник - sputnik.kz