Үміт өте аз – Төтенше жағдайлар министрі жер астында қалған кеншілер туралы

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов шахтадағы жағдай туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде жер астында қалған кеншілерді құтқару мүмкіндігі өте аз екенін айтты, деп хабарлайды Aqnews.kz

Қазіргі уақытта Костенко шахтасының 13 кеншісі әлі де жер астында. Олар із-түзсіз жоғалды деп саналады және министрдің айтуынша, оларды тірі табу екіталай.

«Өзін-өзі құтқару уақыты тек бір сағатқа созылады. Одан көп уақытқа шыдамауы мүмкін. Сондықтан құтқару мүмкіндігі өте аз. Бірақ біз үміт үзбейміз», – деді С. Шәріпханов.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директоры Геннадий Силинскийдің айтуынша, бастапқыда шахтада 48К3 Батыс лавасында 42 және 45 секциялар арасындағы қазба бекіткіштерінің артында өрт тұтанды.

Барлығы 149 секция болды. Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі шақырылған, апатты жою жоспары енгізілген, адамдарды шахталардан шығару туралы хабарландыру жүргізілген. Алайда 7-8 минуттан кейін авариялық учаскеде жарылыс болған.

«Жарылыстың күші соншалықты, батыс және шығыс блоктарындағы телекоммуникация істен шықты. Соққы толқыны 2 шақырымға созылып, тек апаттық аймақты емес, шығыс блокта орналасқан К2 лавасын да қамтыды. Осыдан кейін шахтаға адамдарды іздеуге жіберілген бірінші бөлімше жергілікті өрт ошақтары бар екенін хабарлады. Сондықтан барлық күштер әлі де құтқарылуы мүмкін адамдарды іздеуге жұмылдырылды. Біздің филиалдың құтқарушылары 5 адамды шахтадан алып шықты. Оларға алғашқы көмек көрсетіліп, медициналық мекемеге жеткізілді. Өкінішке орай, қалған шахтерлерге көмектесе алмадық. Жергілікті өрт ошақтары оқшауланды. Қазір іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр және шахтадағы газ жағдайына мониторинг жүргізілуде», - деп толықтырды Геннадий Силинский.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 жұмысшы ауруханаға жеткізілді.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқанын айтты.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Франция, Өзбекстан президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated