«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі»

Т. Карлайл

Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ал болашақтан үміті бар халықтың бағыты ол – салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ. Ұясынан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді естіп өскен ұрпақтың санасына салауатты өмір салтының сабақтарын сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршамыздың парызымыз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ қалыптастыру үшін әр үй, әр отбасы үн қосып үсімізді қосуымыз керек.

Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің есендігі. Дөңгеленген дүниеде денінің сау болуын, бас амандығын қандай адам қаламайды?! Әрине, тіршілік иесі болған соң денінің саулығы, басының амандығын ойлайды. Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де қажетті бөлшек. Сол себепті де: «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жеміс» деп бекер айтпаған. Адам баласы, қала берді күллі тіршілік иесі бұл өмірде мәңгілік емес, тек мәлім белгілі бір ғана уақыт аралығында ғұмыр кешіп, өз миссиясын атқарып, артына ұрпақ қалдырып сол ұрпағымен ғана мың жасай алады, аты шығады. Сол берілген аз ғұмырды дұрыс пайдалана білмесең, ғұмырың текке өтті дей бер. «Денсаулық – зор байлық» деп атам қазақ бекер айтпаған болар?! Әр адамның өмірінде денсаулықтың алар орны бөлек. Сол себепті де деніміздің саулығына, басымыздың амандығына көңіл бөліп, табиғат ана сыйлаған аманатты сақтай білгеніміз жөн. Деніміз сау болмаса, ауру меңдеп, қалжыратса, шалқыған байлықтан, уыс-уыс ақшадан не пайда?! Осыдан-ақ денсаулықтың адам өмірінде алар орынының бөлек екендігін аңғаруға болады.

Ілгері өткен заманда бір сараң саудагер ылғи алтын мен күміс жинапты. Алтын мен күмістен басқа дүниені байлық көрмепті. Алтынды біреуден алдап, біреуден арбап алыпты. Енді біреуден тартып алып, біреуден артып алыпты. Не керек, берсе қолынан, бермесе жолынан алыпты. Бәз біреуде алтын бар деп естісе-ақ болғаны, ол адам түн аспапты. Жылан болып шағыпты да, алтынын алыпты, үкі болып ұшыпты да, қорасына түсіпті, күмісін алыпты. Алтынның құлы болған саудагер алтынға арын да, жанын да сатыпты. Қорадағы малын да, қамбадағы дәнін де алтынға айырбастапты. Сөйтіп, күмістен күмбез, алтыннан айшық орнатып әсем сарай салдырыпты. Оны алтынмен аптапты, күміспен қаптапты. Аспандағы айды алып айшығына, көктегі жұлдызды алтын күмбезіне қондырыпты.

Салтанатты сарайға, сарайдағы сары алтынның буына, күмістің көбігіне көзі тұнып, есіріп жата беріпті. Аждаһадай ысқырып, халық байлығын лебімен өзіне тарта беріпті. Халық зарлапты да, қарғапты.

Ай артынан ай өтіп, күн артынан күн өтіп, бір жылы құрғақшылық, қу тақыр болып, егін шықпайды, ел ашаршылыққа ұшырайды. Әркім қолдағы барын шашпай-төкпей, ысырап етпей, тартына үнемдейді. Қанағатты қарауыл қойып, тамағын тарта жейді. «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең не қалар» дегендей. Күн пейілі кеңеймей тұрғанда, азға місе етіңдер, азды аяп, тақты талдап жеп, талшық етіңдер, тоқпейіл болыңдар», – дейді жұрт бір-біріне жаны ашып. Қыл құйрықты мал, қауызды дән алтыннан артық бағаланады. Қыздың құлағындағы сырға, қолындағы сақина, тамағындағы тана, өңіріндегі ілгек, білегіндегі білезік, шашындағы шолпы – бәрі-бәрі қиылады да жұлынады, саудагердің сарайына жиналады. Бәрі арзан, су тегін кетеді. Бірі уыс ұнға, бірі тостақ бидайға, бірі табақ арпаға айырбасталады. Қанағатсыз саудагер қамбадағы ең соңғы азығын сыпырып, тана түймеге айырбастап, қаңыраған құр сарайдың ішінде шоңқиып отырып қалғанын бір-ақ біледі. Қамбадағы азық қағылып, қорадағы мал таусылып, саудагер саса бастайды, қарны аша бастайды. Қайта айырбастың қамын істеп, залымдыққа салынады, неше түрлі құбылады, бірақ бұл шақта халықтың бір-біріне ашық есігі саудагер келгенде тарс жабық еді. Саудагердің алтынына ешбір қауызды дән, қыл құйрықты мал айырбасталмайды. «Алтыныңды жеп, күмісіңді кемір де отыра бер. Өлмесең, өрем қап! «Алтын, алтын, алтынсың, алтын түбі – салқынсың, күміс, күміс, күміссің, күміс түбі – зымыссың» дейтін шындық бар-ды. Сен шындықты аяққа бастың, жалған істі жалау еттің. Залымдықтың жолы – өлім! Сары алтының сары шаян болып шағар сені, ақ күмісің ақ жылан болып оралар, буындырып өлтірер сені...» - дейді бір адам оған.

Кеше ғана өзіне ыстық, құмарлы, пәрменді алтын мырза, кереметті күміс төре, саудагерге салқын да суық көрінді. Халықты қоғадай жапырып, судай сапырған азулы аждаһа саудагер бір мезетте басынан бағы тайып, қанат, құйрығы кесіліп қалғанына шашын жұлып, бармағын тістеп өкінеді. Ойбай салып, өкіреді. Ол орнынан тәлтіректеп тұрып, есігін ашып:

– Ей, халайық! Барлық алтынымды алыңдар да, бір қасық астық беріңдер! – дейді. Ешкім сөзін тыңдамайды. Ертеңіне есігін тағы ашып:

– Ей, халайық! Барлық алтынымды алыңдар да, бір дорба астық

беріңдер! – дейді. Ешкім құлақ та салмайды. Үшінші күні есігін ашып:

– Ей, халайық! Барлық алтынымды алыңдар да, бір табақ

астық, бір тілім нан беріңдер! – дейді. Бұған да ешкім құлақ аспайды. Сөйтіп, алтын, күміс ас болмай, ақыры аштан өліп бара жатып, сарайының маңдайшасына: «Жалғанды шындық жеңеді екен. Халық қаһарына ұрынған өледі екен. Арпа, бидай – ас екен. Алтын, күміс – тас екен» - деп жазып кетіпті.

Жоғарыдағы тәмсілден Шопенгауердің: «Дені сау кедей – ауру корольден бақытты», - деген қанатты сөзі өте орынды айтылған. Дені саудың – жаны сау. Әрине, денің сау болмаса, рухани сауыға алмасың тағы бесенеден белгілі.

Бүгінгі дені сау ұрпақ – елдің ертеңгі жалғасы. Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің қаншалықты дәрежеде қалыптасуына байланысты. Денсаулық – ел дамуының басты арқауы. Денсаулық сақтау біздің өміріміздегі келелі мәселелердің, үшінші мыңжылдыққа атаған еліміз үшін өзекті міндеттердің бірі.

Ұлы Абай атамыздың: «Бес нәрсеге ғашық бол, бес нәрседен қашық бол» - қағидасын берік ұстап, ертедегі ата-бабаларымыздың әскерлі сөз мәйектерімен жеткізе білген денсаулық жайлы ойларының қадірін түсіне білу керек. Сау дене, азат ақыл, адам көңіл, үшеуімен бақытты  болады өмір,- дегендей, өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау – міндетіміз. Бұл өмірді дұрыс өткіземін десең, салауатты өмір салтын ұстан. Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі. Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз.

Есірткі, нашақорлық – азаматты жұтатын аждаһа екенін бір сәт естен шығармайық! Өміріміз - өз қолымызда. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бірақ рет беріледі. Бұл ретте оның денсаулығы мықты, рухы күшті болғаны абзал! Жаңа ғасыр азаматы – дені сау, рухани бай адам! Өмір – адамға бір - ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый.

Өмір - өзен ағып жатыр, тынбайды,

Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы,- деп қазақ халқы өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені, өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өзен ағынында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, енді кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады. Соңғысы, әрине, өкінішті-ақ.

Дені сау, жан - жақты дамыған, жаны сұлу адам ғана мәнді де салауатты ғұмыр кешеді. Егемен елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ десек, олардың білімді де білікті, жоғары мәдениетті, парасат-пайымы мол, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына байланысты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated