Министрлік бала күтімі жәрдемақысын ұлғайтуды ұсынып отыр

Иллюстрация: Данияр Тәжімбет

Біз бала 1 жасқа келгенше төленетін жәрдемақыны көбейту мәселесін көтергіміз келеді. Министрлікте оны бала 1,5 немесе 3 жасқа келгенше төлеу амалдарын қарастырып жатырмыз. Бұл қисынды болар еді, – деді министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны қазір 387 мың ана алып отыр. Көбіне қаражат әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.

Жұмыс істемейтін әйелдер бюджеттен ай сайын 15 мың теңгеден 24 мың теңгеге дейін, жұмыс істейтін әйелдер әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысының 40%-і көлемінде қаражат алып отыр. Сондықтан біз бұл қаражатты есептеп, осындай бастама көтергіміз келеді, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр Қазақстан азаматтарына мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы да қайта қаралатынын айтты.

Мен бұл санат ерекше қолдауға зәру деп есептеймін. Біз мүгедектігі бар адамның күтімі үшін жәрдемақы тағайындауға бастама көтеріп отырмыз. Бүгінде мүгедектігі бар балалардың ата-анасы мен қамқоршысына және бала кезінен бері І топтағы мүгедек атанған азаматтарды күтушілерге жәрдемақы төленеді. Бірақ арамызда бала кезінен емес, ересек кезінде де І топтағы мүгедек атанғандар бар ғой, оларға да күтім қажет. Сол себепті қосымша жәрдемақы енгізу дұрыс әрі қисынды болады. Бұл – әзірше министрліктің өзінің ғана жоспары. Ұсыныс Үкіметке және атқарушы органдармен келісуге әлі жіберілмеді, – деді министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated